Француз зейнеткері Кристин Сорнин жүрекке жасалған ауыр операция кезінде Димаш Құдайбергеннің әнін тыңдап, оның даусы өмір мен өлім арасындағы сәтте демеу болғанын айтып, әсерлі оқиғасымен бөлісті.
68 жастағы Кристин – спортпен шұғылданып өскен, өмірінің біраз бөлігін сақтандыру саласына арнаған жан. Уақыт өте келе денсаулығы сыр беріп, дәрігерлер оған күрделі жүрек отасын жасау қажеттігін айтқан. Ерекшелігі сол – операция кезінде оның жүрек тұсы ғана жансыздандырылып, өзі толық есінде болған.
«Қатты қорықтым. Дәрігерлер маған не көмектесетінін сұрады. Мен бірден “Димаштың әні” дедім. Димаштың тегін әрең жазып жатқан сәт есімде. Оның даусы сол қорқынышты сәтте мен үшін қараңғыдағы жарық шамдай болды», – дейді ол.
Кристин Димаштың шығармашылығымен ғаламтор арқылы кездейсоқ танысқан. Оның айтуынша, әншінің дауысы – ерекше, әрі жүрекке тікелей әсер ететін құбылыс. Ең алғаш тыңдаған әні – «Ұмытылмас күн».
Өнерге жаны жақын Кристин өмір бойы театр қойылымдарын сахналаумен де айналысқан. Біраз уақыт күйеуімен бірге Аргентинада тұрып, испан тілін меңгерген. Қазір зейнетте, бос уақытында сурет салып, роман жазумен айналысады.
«Димашпен танысқалы шығармашылық шабытым ашылды. Өзімді қайта тапқандай болдым. Бір жылдан бері роман жазып жүрмін. Әзірге оның қандай шығарма болатынын білмеймін – фильм бе, әлде театр қойылымы ма – оны уақыт көрсетеді», – деп түйіндеді ол.
«Жетісу-Ақпарат»