Әсіресе, жаздың шұғылалы таңында әр үйдің ауласына шығып, көз салсаңыз, найза шыңы көкке шаншылған Хантәңірінің тұп-тұнық сұлбасын анық көретін бір ауыл бар. Ол Аспантаулар аясындағы, жасыл жайлау саясындағы Сарыбастау ауылы.
Ел шетіндегі осы ауылдың есімі аталғанда есімізге ең алдымен Еңбек Ері, ғасыр ғұмыр жасаған, таулы өлкенің таудай перзенті Нүсіпбек Әшімбаев атамыздың түсетіні ақиқат. Дәл осы абыз ақсақалдың қолтаңбасы қалған Сарыбастау ауылы Райымбек ауданының ең үлгілі ауылдарының бірі. Аудан бойынша «арақсыз ауыл» атанған Сарыбастаудан қазіргі уақытта небір талантты ұл-қыздар өсіп келеді. Осы жердің азаматтары құрған «Ұлағатты ұрпақ» қоры алақандай ауылдан басталып, республикамыздың түкпір-түкпірінде ауыз толтыра айтарлықтай жұмыс жүргізіп жатыр. Осы қордың қолдауымен таланты ашылып, талабы тауға өрлеген қаракөз қарындасымыздың бірі, Сұраншы Сауранбаев атындағы мектептің 11 сынып оқушысы Әмина Кемелбайды бөле жара айтуыма болады. Әмина шынымен де ерекше талантты да талапты қыз. Мектептің үміт артып отырған түлегі. Ауылдың мақтанышы. «Ұлағатты ұрпақ» қорының қолдауымен бірнеше жылдан бері ауыл өмірінен сыр шертіп, ауданнан шыққан айтулы тұлғаларды насихаттап, білім мен өнерге құлшындыратын «Сарыбастау тынысы» журналының бас редакторы болып келеді. Журнал сапалы қағазбен, түрлі-түсті форматта тоқсанына бір шығып келе жатқан журнал. Әмина биыл мектеп бітіреді. Алдына қойған мақсаты мығым, арманы асқақ. Бала жасынан сөз өнеріне ынтық болғандықтан қолына қалам ұстап, өлең, мөлтек сыр, мақала жазып машықтанып жүр. Биылғы ҰБТ-дан сүрінбей өтіп, жан жүрегімен қалаған журналистика әлеміне еніп кету негізгі мақсаты. Асқақ таулар аясындағы қарапайым ауылда жатып-ақ алдыңғы буын аға-әпкелерінің қолдауымен журнал шығарып келе жатқан, өңіріміздегі тіпті, еліміздегі ең жас бас редактор Әмина қыздың таудай талабына бармақтай бақ бұйырып, армандаған саласының майталман маманы болуына тілекшіміз.
Бүгінгі соңғы қоңырау өзге оқушылар сияқты, Әминаның да жүрегінде басқаша күмбірлеп, ерекше тебіреніске бөлейтіні ақиқат. Асқақ арманыңа бастаған алғашқы сапарыңа ақ жол, ең жас редактор Әмина Кемелбай!
Жұматай Оспанұлы





