Сен дүниеге келгелі ең нәзік әуен маған естіліп, ең жылы сәуле маған құйылып, ең кіршіксіз сенім менің жүрегімде ғана бүр жарып, жаңа бір көктемнің таңы атқандай еді. Сен бар жерде өмірдің бояуы қанық көрініп, үміттің үні анық естілетінін байқағандай болдым. Көз алдымда қазақтың күреңбел даласы сан алуан түске боялып, меңіреу мекиені дүрия жонға айналғандай күй кештім. Саған есім берерде ешкіммен санаспадым, ешкімді естімедім.
Азалия, мен сені жүрегімнің түкпірінен іздеп таптым. Өйткені жанарыңда зеңгір көктің мөлдірлігі, күлкіңде жаңа бүр жарған гүлдің нәзіктігі бар еді. Есіміңді атаған сайын кеудемде бір жылы леп есіп, әлемнің бар мейірімі кішкентай жанарыңа сыйып кеткендей әсерде қалғанымды тірі жанға түсіндіріп, жеткізе алмадым.
Сен менің өміріме келген күннен бастап дүние бұрынғыдан мейірімдірек көріне бастады. Адамдарға деген сенімім де, ертеңге деген үмітім де күшейді.
Бәлкім, жылдар өтер. Сен өсіп, өз армандарыңның соңынан кетерсің. Бірақ мен үшін әрқашан сол көктемгі таңдай таза, гүлдей нәзік күйіңде қала бересің. Себебі, жүрегіме жарық сыйлаған ең алғашқы көктемімсің – менің Азалиям!
Қызым менің, мәңгілік қуанышым,
Жүрегімнің лепті сұрағысың.
Көктем болып көріндің көз ұшыма,
Қиялымның көкжиек шуағы үшін.
Қызым менің, жақұтым жаратылған,
Көзден көркем сәулемсің таратылған.
Құс жолындай сенің де өз жолың тұр,
Өз жолыңмен ұшқайсың дара тұрған,
қайырылма қанатыңнан.
Азалия, Азалия әдемі әсем гүлім,
Сен дүниеге келгелі есен күнім.
Илеуіне іңірдің ілінбей-ақ,
Өмір атты құлпырды көшем бүгін.
Қызым менің, тәп-тәтті тіршілігім,
Іңгәләған кеудемде тұрсын үнің.
Таңғажайып тылсыммен табыспаққа,
Қос жанарың нұр іздеп құлшынуын
тоқтатпаса екен!
Медет ЖҰМАБАЙ





