Талдықорған: +3°C
$ 453.87
€ 508.33
₽ 5.65
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР РУХАНИЯТ

Нағашыбек Қапалбекұлы: «Сүйінбай – еліне пана, халқына дана болған абыз ақын»

26 ақпан 2018
РУХАНИЯТ
Нағашыбек Қапалбекұлы: "Сүйінбай – еліне пана, халқына дана болған абыз ақын"
WhatsAppTelegramFacebook

Сүйінбай – айтыстың ең биік шыңына шыққан біртуар ақиық ақын. Сүйінбай мен Қатағанның, Жамбыл мен Құлманбеттің, Үмбетәлі мен Нұриланың айтыстарының қазақ ауыз әдебиетінде алтын әріптермен жазылып қалары хақ. Өйткені бұл айтыстарды әр буын өкілдері, сан ақын-жыраулар жаттап алып, күні бүгінге жеткізді.

Ал Сүйінбай мен Қатағанның айтысы – бұл, бүгінгі сөзбен айтсақ, халықаралық айтыс. Мұндай сұрапыл, орасан зор ғажап айтыс бұрын соңды болмаған. Академик жазушы Мұхтар Әуезов «Сүйінбай – айтыс өнерінің алтын діңгегі» деп баға берді.

Сүйінбай мұнда бұлбұлдығымен тұлпардай дүлділдігімен қоса арғы бергі тарихты жете білетін шежіреші, көне аңыздарды жатқа айтатын жырау, жыршылдығымен бүкіл жиналғандарды таң қалдырды. Қазақтың үш жүзіндегі барлық рудың ерлік, елдік қасиеттерін, ондағы ірі тұлғалар жайлы, ерекшелігі жайлы айтқандары – бұл елді бірлікке, ынтымаққа шақыру. Бұл – ұлттық код, мәңгілік ел екенімізге үндеу емес пе?!
Біз осы Қатаған мен Арыстанбекті бір адам, бір ақын деп шатастырып келдік.
Ел аузында, жазба деректерде, «Сүйінбай мен Қатағанның айтысы» және «Сүйінбай мен Арыстанбектің» айтысы деген екі айтыс бар.
Кезінде Бақтияр Әбділдаев «Қазақ әдебиеті» газетінде «Сүйінбай мен Арыстанбектің айтысын» жариялады.
Біз 2013 жылы, бір топ ғалым жазушылар, Қырғызстанға барып жамбылтану жөнінде үлкен «дөңгелек үстел» өткіздік. Қырғызстан Ғылым академиясының Шыңғыс Айтматов атындағы тіл және әдебиет институтының ғалымдарымен кеңінен әңгімелестік. Сонда белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Батима Кебекова апайымыз анықтап тұрып былай деген еді:  
– Сүйінбаймен айтысқан Қатаған мен Арыстанбек екеуі екі ақын. Айтыстарын жазып алушылардың бір-бірімен шатастырып жібергені қынжылтады. Мен өмір бойы қырғыз қазақ ақындарының байланысы жайлы зерттеп, жазып келемін. Міне, менің қолымда екі папка – біреуі Сүйінбайдың, екіншісі Жамбыл ақынның қырғыз елінен табылған, жазылып алынған өлең жырлары, айтыстары. Әлі еш жерде жарияланбаған мұралары бар, – деген еді. Көп ұзамай бұл ғалым апамыз қайтыс болыпты. Ал жинаған мұрасы, әлгі бізге көрсеткен екі папка қайда екен?  
Сүйінбайдың 200 жылдығына орай оқымысты ғалым Дархан Қыдырәлі басқаратын Түркі әлемі ғылым академиясы Астанада әдемі де әсерлі ғылыми конференция ұйымдастырды. Сонда Қырғызстан Ғылым академиясының академигі Абдылдажан Ахмадиев Қатаған мен Арыстанбектің екеуінің екі ақын  екенін және ол екеуінің де Сүйінбаймен айтысқанын ғылыми дәлелдеп айтып берді.
Сүйінбаймен айтысқаннан кейін Қатаған бірер жылдан кейін қайтыс болады. Сүйінбайға хабар берілмей әбден кеш естиді. Кейін Қатағанның асына боз биесін арнайы жетектеп барып, бүкіл асқа жиналған дүйім жұртқа жоқтау өлең айтады.
– Алатаудың күнгейінен айтқан жыры теріскейін тербеткен Қатағанымды қалай қиып қара жерге бердіңдер? Ыстықкөлдің арғы бетінен айтқан өлеңін бергі бетіндегі ел жұрты таңды таңға ұрып тыңдайтын қайран Қатағаным көз жұмғанда неге ғана хабар бермедіңдер? Екеуміз сұңқардың қос қанаты емес пе едік, міне, бір қанатым қырқылып, жер тоқпақтап келіп отырмын. Асыл сөзіңмен бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген Қатағаным-ай, ұлы бәйгеде құйрық тістесіп, үзеңгі қағысып келетін тұлпарым ай, – деп Қатағанды жоқтағанда жел соққандағы селеудей теңселіп бүгіліп, жыламаған жан қалмапты.
Сүйінбай боз биесін сойып, алып келген үйін тігіп, бөлек ас беріпті. «Арыстанның артында терісі қалады, ақынның артында асыл сөзі қалады» деген осы емес пе?
Сүйінбай – өрттей лаулаған алғыр ақын болған. Оның өрісін кеңейтіп, биікке самғауына ерекше қамқор болғандар Сұраншы, Саурық батырлар, Өтеп Итен бай, Сарыбай би. Осы жерде ерекше бір айтатын жайт – Тезек төре мен Сүйінбайдың арақатынасын советтік даурықпамен жаңсақ түсіндіріп келдік.
Тезек төре Абылайханов – жеті атасынан бері хандық, сұлтандық үзілмеген, Жетісуды билеген әйгілі тұлға. Ол ақын, жыршы, әнші жырауларды жақын тартқан, өзі де суырыпсалма ақын болған озық ойлы жан болған.
Міне, Сүйінбайдың дарыны кеудесіне сыймай «не өлең болармын, не өлер болармын» деп домбырасын арқалап Тезек төреге келіп айтқаны, төренің ақынды әр қиырға салып сынағаны қандай ғаламат?!
Атақ-даңқы жер жарған Тезек төренің өзін де, бала шағасын да жер қаптырып, аймандай етіп өлеңімен сойып салады.
Тезек төре қатарынан асып туғандығын танытып: «Сен енді менің заманымдағы Бұхар жырауымсың» деп оң жағынан орын беріп әспеттейді.
Әйелгі Тезек төренің өзі қырсығын кескен соң Сүйінбайдың даңқы дәуірлеп жүріп береді. Тезек төре ірі ірі жиын-той, астарға апарады. Қырғыздарға Қатағанмен айтысқа дайындап апарған да осы Тезек төре.
Орыс ұлықтарымен келісе алмай, Қытай билеушілерімен байланысы бар деп Тезек төрені қамауға алғанын біреу білер, біреу білмейді.
Міне, сондай кезде Сүйінбай Жетісудың бар игі жақсыларын  жиып, қол қойдыртып, мөр бастыртып, жоғары ұлықтарға Тезек төрені босату жөнінде ұсыныс түсіреді. Өздері жиылып, губернатор кеңсесінен кетпейді. Ақыры алты айдай болғанда Тезек төре ақталып шығады.
Тезек төре қайтыс болғанда Сүйінбайдан артық жоқтау айтқан ешкім болмайды. Ол жайында айтқан ілтипатты, ізгі өлеңдері советтің қызыл саясатымен жазылып алынбады, құртылды, жыртылды.
Бұл тұлпарды тұлпар, сұңқарды сұңқар таниды деген емес пе?
Біз жас кезімізде Сүйінбайдың Тезек төре, басқа да атақты адамдар жөнінде айтқан өлеңдерін көнекөз қариялар мен жыршылардан талай естіген едік.
Жамбыл Сүйінбайдан бата алып, ғұмыр бойы өлең-жыр, айтысын бастарда ұлы ұстазына сиынып алады екен.
Бата берген Сүйінбай
Жырдың тіккен туындай.
Айтқан маған ақылы,
Жырла деген батырды.
Есімде мәңгі сол қалған, 
Ақындардың ақыны
Айдын көлдей ақылы
Жыр тұлпары Сүйінбай, – деген ұлы Жамбылдай шәкірт тәрбиелегені – нағыз көрегендік, данышпандық қой!
Сүйінбай – еліне пана, халқына дана болған абыз ақын. Оның ел билеуге араласқаны, би, старшын болғаны, көпке істеген қайырымдылығы жайлы тарих ғылымының кандидаты Дәуітхан Рахымқұлов зерттеп, газетке жариялады.
Біз Сүйінбай ақынның бірер қырын ғана әңгіме еттік. Ал Сүйінбай мұхит сияқты сан қырлы, тұңғиық терең ақын.
 
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы

Қатысты жаңалықтар

Үшарал қаласында 7 көпқабатты үйдің қасбеті жөнделеді

Үшарал қаласында 7 көпқабатты үйдің қасбеті жөнделеді

30 қазан 2026
Мәдени мұра және жасанды интеллект: Минскіде қазақстандық мамандар тәжірибе алмасты

Мәдени мұра және жасанды интеллект: Минскіде қазақстандық мамандар тәжірибе алмасты

30 қазан 2026
Талдықорғанда жаңа оңалту орталығы ашылады

Талдықорғанда жаңа оңалту орталығы ашылады

30 қазан 2026
Алакөл ауданында «Қабанбай – Тоқжайлау» автожолы жөнделді

Алакөл ауданында «Қабанбай – Тоқжайлау» автожолы жөнделді

30 қазан 2026
Қорғаныс министрі зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларын қабылдады

Қорғаныс министрі зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларын қабылдады

30 қазан 2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Веб-сайт редакторы: Асыл Сұлтанғазы

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.