«Ел боламын десең бесігіңді түзе» дейді дана халқымыз. Бұл мемлекеттің тұғыры биік болуы үшін ең алдымен ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлу қажеттігін айқындайтын асыл сөз. Ендеше күні кеше Іле ауданындағы Ащыбұлақ ауылдық аумағына қарасты Көкқайнар ауылында ашылған «Дарын» өнер орталығы жастарымыздың табиғатымызға жат ағымдардың жетегінде кетпей, ұлттық құндылықтарымыз бен өнерімізді қастерлеп өсулеріне үлес қосатыны сөзсіз.
Елімізде мемлекет пен жекеменшік әріптестігі бағдарламасы қолға алынғалы бері көптеген игілікті шаралардың жүзеге асырылып жатқанына куә болып келеміз. Көкқайнар ауылында жаңадан ашылған өнер орталығы осы сөзімізге дәлел болғандай. Барлық саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған Гүлбану Шәдибекова өздеріне арнап салынған еңселі үйді осындай орталыққа айналдыру жөнінде ойын білдіргенде жары Топарбек Бекетаев бірден құп көрген екен. Ата-анасының бұл бастамасын ұлы Дәулет пен келіні Гүлманат та қолдап, ұлтты ұйыстыратын берекелі шаруаны жүзеге асыруға өз үлестерін қосқан.
Кез келген шаруаның ұйымдастыру жұмыстары көп болады емес пе? Орталықтың құжаттарын әзірлеу, тиісті орындардан рұқсат қағаздарын алу, ғимаратты балалардың оқуына ыңғайлы етіп қайтадан жабдықтаудың аз уақыт алмағаны белгілі. Дегенмен, ауызбірлігі жарасқан отбасы мүшелері бұл қиындықты да еңсеріп, өнер орталығын ауыл жұртшылығының игілігіне ұсынған екен. Бұл жерде 10 мен 18 жас аралығындағы балалар домбыра, вокал, бейнелеу және дизайн салалары бойынша тегін дәріс алып келеді. Жұмыс істей бастағалы аз ғана уақыт өтсе де орталықта 360 жеткіншек өнердің сан саласын меңгеруде.
– Қазақта: «Ойың жеткен жерге қолың да жетсін!» деген сөз бар емес пе, – дейді Гүлбану Әкімдосқызы. Сол айтқандай, алдымен Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, Еңбекшіқазақ ауданының Әймен ауылында тұратын Қырғауыл Кәкейқызы екеуміз бірігіп жас ұрпақты өнер мен ұлттық қолөнерге баулитын орталық ашуды ойластырған болатынбыз. Нәтижесінде екеуміз де жеке мектеп ашып, жұмысты бастап кеттік. Бүгіндері «Дарын» өнер орталығында жеткіншектер домбыра, вокал, бейнелеу және дизайн мамандығы бойынша білім алуда. Шәкірттерімізге домбыра класынан Гүлнафиз Берсүгірова, вокал бойынша Орынхан Кемпірбаева, бейнелеуден Елдос Масимов, дизайннан Гүлманат Бекетаева дәріс беруде. Мұның сыртында тазалықшы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметкерлер де қарастырылған. Қазақ балаларының уақыттарын босқа өткізбей, ұлттық өнерді ерте бастан меңгерулеріне азғантай үлесімді қоса алғаныма қуаныштымын!
«Дарын» өнер орталығының ашылу салтанатына келген меймандар ақжарма тілектерін айтып, мектеп ұжымының еңбегіне табыс тіледі. Ащыбұлақ ауылдық аумағы әкімінің орынбасары Кенже Бурхина, ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Дәулетбай Жайылбеков, Алматы облысының Құрметті азаматы Жолтай Балтабеков, Балқаш және Сарқан аудандарының Құрметті азаматы Ерғазы Қошанбеков жастардың ұлттық өнерді меңгеруі арқылы қазақы құндылықтарды бойына сіңіріп, жаһандану заманында ғаламдық ағымдардың аранында кетпеулерінің маңыздылығын ерекше атап өтті. Салтанатты шараға арнайы келген «Дарын» сыйлығының иегері Ербол Құдайбергенов жиналғандарға әннен шашу шашса, шәкірттер ән мен күйден шағын концерт ұсынды.
Өнер орталығының лентасын қию рәсімін Ерғазы Қошанбекұлы мен Кенже Мұратбекқызы жасағаннан кейін меймандар мектеп ішін аралап, оқушылардың дәріс алу сәттерінің куәсі болды.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Іле ауданы





