Еліміздегі барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы жұмысын бастады. Талдықорғандық НЗМ оқушылары Алматы облысының тарихи орындарымен танысты. Бұл туралы «Жетісу» газеті хабарлады.
Алғашқы зерттеу нысаны «Текелі стела» будда ескерткіші болды. Қатысушылар ескерткіш арқылы жалпы буддизм тарихымен танысты. Сондай-ақ, олар Жетісу Алатауының ұзындығы 70 шақырымға созылып жатқан Қора шатқалында да зерттеулер жүргізді.
9-сынып оқушысы Даниярқызы Жания «Теңіз шырғанағының қоршаған ортаға пайдасы» деген тақырыпта зерттеу жұмысын бастады. Және Алматы облысында өсетін теңіз шырғанақтарының түрлік құрамын анықтап, оның биологиялық қасиеттерін зерттеуге де кірісті. Сонымен қатар, Текелі қаласының алма бағын да аралады. Жетісудың Сенап, Восход, Золотое превосходство, Лазаревское, Квинти сияқты бағалы сорттарының шығу тарихымен танысты.
Оқушылар Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында бизнес құру және өз идеяларын жүзеге асыру жолдарын да үйренді. Және де кәсіпкерлік негіздері бойынша бизнес-тренингтен өтуге мүмкіндік алды.
— Ләззат Алтынбекова, Алмагүл Шегеқызы және Ардақ Сұраншықызына алғысымды білдіремін. Өйткені, олар мені кәсіпкер болуға шабыттандырып қана қоймай, қолдау көрсетуге дайын екендіктерін де көрсетті, – дейді сұхбатында Талдықорған НЗМ 11-сынып оқушысы Айболат Қажыәқпар.
«Туған елге тағзым» өлкетану экспедициясы Елбасының туған ауылы Шамалғанға да барып қайтты. «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы — Тұңғыш Президент мұражайында Елбасының өмірбаяны туралы, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолындағы аса маңызды саяси және әлеуметтік-экономикалық оқиғалар туралы мұрағат материалдарымен танысып, білді.
Экспедиция «Шарын» ұлттық табиғи саябағы, «Қайыңды», «Көлсай» көлдеріне саяхат жасаумен аяқталды.
«Туған елге тағзым» жобасы 2012 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Экспедиция барысында НЗМ оқушылары жүздеген ғылыми еңбек ұсынады.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





