Панфилов аудандық соғыс және еңбек ардагерлері ұйымы көптеген игілікті іске ұйытқы болып жүр. Жыл сайын өңірдегі зейнеткерлер арасында спорт түрлерінен, ұлттық ойындардан, шахмат пен дойбыдан бірнеше дүркін жарыс өтеді. Сонымен қатар, білім ошақтары, ұжымдар жастарға патриоттық, адамгершілік тұрғыда тәрбиелік мәні бар іс-шараларға шақырып тұрады.
Биыл төртінші жыл қатарынан округтегі зейнеткерлер арасында өнер байқауы өткізіліп отыр. Сәуір айында аудандық ардагерлер қоғамдық ұйымы «Аманат» партиясының аудандық филиалымен бірлесіп, 13 округтегі зейнеткерлер арасында «Ардагерлерді ардақтайық» атты өнер байқауын өткізген еді.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуының құрметіне ұйымдастырылған өнер жарысы 10 сәуірде шекара түбіндегі Басқұншы және Атамекен ауылдық округтерінде бастау алған. Дәстүрге айналған өнер жарысын ауыл тұрғындарының асыға күткенін әділ қазылар алқасы әр елді мекенде байқады. Ел ішінде өздері түрлі салада еңбек етіп демалысқа шықса да ұлттық өнерді қолдайтын, қадірлейтін белсенді қариялар аз емес екен. Осындай дүрмекпен өткен өнер жарысының байқау шарты бойынша елді мекендерде тұратын зейнеткерлердің концерттік бағдарламасы және көркемсурет, қолөнер бұйымдарының көрмесі қазылар алқасының сараптауынан өтіп, қорытынды жасалды.
– Байқауда өнерімен озған округ ардагерлеріне өңірдегі Серік Ақсубаев, Закир Кузиев, Мақсат Көбелеков сынды қалталы азаматтардың демеуімен бас жүлде, І, ІІ және ІІІ орындарға қомақты ақшалай жүлделер тағайындалып, байқау барысында өнерімен ерекшеленген бірқатар зейнеткерге ынталандыру сыйлықтарын беру ұйғарылды, – дейді аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Тоқтарбай Керімқұлов.
Жақында өңірлік өнер байқауының қорытынды концерті аудандық Мәдениет үйінде өтті. Оған қатарластарынан озған Жаркент қаласы, Қоңырөлең, Үлкеншыған, Талды, Бірлік, Басқұншы, Үш-арал ауылдық округтерінің өнерпаздары шақырылып, әрқайсысы өнерін көрсетті. Концертке өнерпаздардың шашбауын көтере келген қала, ауылдардың тұрғындары да молынан жиналды. Бес сағатқа созылған концерт көрерменге рухани ләззат сыйлады. Әсіресе әр округтің Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Қазақстан халықтары Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына арналған театрландырылған көріністері көпшілік көңілінен шығып, байқаудың тәрбиелік мәнін, мазмұнын байытты.
Концерт аяқталғаннан кейін аудан әкімінің орынбасары Қанат Досмайылов сахнаға көтеріліп, бір айға созылған өнер байқауына қатысқан барлық ардагерлерге алғыс сезімін білдіріп, жеңімпаздарды марапаттау рәсімін жасады. «Ардагерлерді ардақтайық» атты аудандық өнер байқауының бас жүлдесі 200 мың теңге мен аудан әкімінің арнайы дипломы Жаркент қаласының өнерпаздарына бұйырды. І орын 150 мың теңге мен арнайы дипломды Қоңырөлең ауылдық округінің қариялары жеңіп алды. Ал екі ІІ орынға белгіленген, әрқайсысына 100 мың теңге сыйлық пен диплом Үлкеншыған, Талды ауылдық округінің өнерпаздарына тиді. ІІІ орын алған Бірлік, Басқұншы, Үшарал ауылдарының өнерлі қарттары 75 мың теңгеден жүлде алды. Бұдан басқа, байқауға белсенділікпен қатысқан Көктал, Сарбел және Шолақай ауылдық округтеріне арнайы дипломмен бірге әрқайсысына 30 мың теңгеден ынталандыру сыйлықтары берілді. Байқауға өнер туындыларын қойған суретшілер де құралақан қайтқан жоқ. Суретшілерге Алғыс хатпен бірге 10 мың теңгеден сыйлық үлестірілді. Байқау жеңімпаздарының арасынан ерекше талантымен көзге түскен бірнеше әнші мен биші алда өтетін облыстық байқауға қатысады.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы