Қанат Біржансал – жүз жасаған «Jetisý» газетінің жылнамасынан, арырақ айтсақ, қазақ журналистикасының тарихынан ойып тұрып орын алатын есім. Журналистік ғұмырының ширек ғасырын осы ата басылымға арнаған Қанаттың таулы өңірдің жаңалықтарын жарқыратып бермегеніне де бірер жыл өтті. Осыдан үш жыл бұрын алпыстың асуынан абыроймен асқан шағында кенеттен жүрегі тоқтаған ақжүрек ақын, көңілі дария жазушы, қаламы суымайтын журналистің есімін туған жері мен жерлестері ұмытқан жоқ.
Қолынан қаламы түскенше туған жерін жырлаған, жаңалығын жұртқа жеткізуге асығып сүйіншілеген тұлғаны еске алуды ұйғарған таулы өңірдің тұрғындары 16 қазан күні Кегендегі Мәдениет үйінде Қанат Біржансалды еске алу кешін ұйымдастырып, «Қанат Біржансал: Тауларым – менің тағдырым!» атты кітабының тұсауын кеспек.
Ол өзінің шығармашылығын туған жеріне арнады. Таулы өлкенің өрені бала кезден асқар таулар аясында, асау өзен жағасында, етектері қарағаймен өрілген биік шыңдарға қарап өсті, әрқайсысының тірлігі өнеге болатын өрелі жандарына қарап бой түзеді. Былайғы жұрт Қанат Біржансал мен Кеген, Райымбек аудандарын бір-бірінен бөліп қарай да, қабылдай да алмайды. Бұлар бір-бірінен ажырамастай болып тұтастыққа айналған егіз ұғымдар еді. Біз – әріптестері, достары үшін де Нарынқол мен Кеген, Көлсай мен Шоғансай, Шарын мен Мойнақ Қанат Біржансалсыз біртүрлі жетімсіреп қалғандай…
Тумысынан елгезек, айтқанын орындамай қоймайтын Қанат Біржансалұлы ғасыр жасаған «Jetisý» газеті мен ақпараттар аламанына қосылғанына бірер жыл ғана болған «Алатау арайы» газеттерінің Нарынқол, Кеген өңіріндегі тілшісі ретінде ғана елге танылған жоқ. Оның есіміне республикалық басылымдардағы өзекті жазбаларынан қанық оқырмандары сүйікті авторларының өлең өлкесіндегі өрнектерін де өзгеше қабылдап, лайықты бағалайтын.
Қанат – өзі жырға қосқандай, «Тәңір Тауға Тәңіріндей табынып» өскен арда перзенттің бірі. Оның мөлдір сезімінен мөлт етіп түскен әрбір шумақ пен тармақтың айтары бар. Шығармашылығының әр жолынан, әрбір орамынан өскен өлкеге деген шексіз махаббатын, жерлестеріне деген шынайы сүйіспеншілігі мен ізгі тілегін, аппақ ниетін аңғарасың.
Қазағының қаймағы бұзылмаған өңірде өскендіктен болар, қасиетті ауылын асқақтата жырға қосқанда Нарынқол – Кеген өңірінің тауы мен өзенін, шыңы мен шатқалын, аңғары мен алқабын, аңы мен құсын, гүлі мен шөбін, күні мен түнін де қағаберіс қалдырмағанын байқайсың. Тамсана, таңдай қаққанын оқығанда, атақоныс – құт мекенін соншалықты аялайтынын мойындайсың және басыңды иесің. Шығармашылығымен етене танысқаннан кейін саналы ғұмырына қауырсын қаламды серік еткен әріптестер арасында туған жер, өскен ауылдың тірлігі мен түтінін түзу кестелей білген де осы Қанат Біржансал дегенді іштей қайталап, басыңды иесің. Ол өзінің кіндік қаны тамған, өскен өлкесін дүниенің төрт бұрышына танытуда өндіре еңбек еткен жан. «Мөлдір моншақ», «Тәңір тауға табынам» атты жыр жинақтары мен «Қарашада қара үй тұр», «Соғыстың соңғы солдаттары», «Тәңіртауым! Тәтті мекенім!» атты кітаптары соның жарқын айғағы.
Қарымды қаламгер жыр мүшәйраларында да талай мәрте топ жарды. Журналистикадағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Президентінің грантын иеленді, Мемлекет басшысының, Алматы облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі мен Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалінің иегері болды. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Райымбек ауданының Құрметті азаматы атанды.
Оның қазақ әдебиеті мен журналистикасындағы өзіндік орны барлығын, Жетісу өңірі жұртшылығының шынайы құрметіне бөленгенін қайтыс боларынан бір жыл бұрын туған жері ардақтап 60 жылдық мерейтойын атап, шабытты да шырайлы шығармашылық кеш өткізгенде шынайы сезінген едік. Арада жыл толар-толмас уақыт өткенде, жаңа жобаларын ойға алып, шығармашылығын шарықтата түспек болып жүрген шағында қапияда өмірден өткенінде өкініш өзекті өртеді. Одан бері де бірнеше жыл өтті. Уақыт деген шіркінде тоқтам бар ма?! Тірлікте біраз өзгеріс болды. Марқұм Қанат куә болсам, бел ортасында жүрсем деген біраз дүние іске асты. Әулетінде де жақсы жаңалықтар болды. «Орнында бар оңалар» деген, балалары әке есімін әрдайым естерінде ұстап, мақтаныш тұтып, атына кір келтірмеуге барын салуда. Соның нәтижесі болар, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, арқалы ақын, пайымды публицист, жампоз журналистің көзі тірісінде жарияланбай қалған жырлары мен әріптестерінің естеліктерін, журналистік жолсапарлардағы фототілшілік шығармашылығы мен күнделіктегі көрікті ойларын жинақ етіп құрастырып жұрт назарына ұсынды.
Қазақта «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген тамаша тәмсіл бар. Қанат Біржансал тірлігінде осы екі теңеуге де лайықты болған тұлға. Өмір бір орнында тұрмайды. Жақсылар жұрт жадында қалады. Сол жақсылар санатындағы Қанат Біржансал туралы әлі талай естеліктер айтылып, жазылары анық…
Болат АБАҒАН,
Қазақстанның Құрметті
журналисі,
«Ақпарат саласының үздігі»





