Астанада Қазақстан Үкіметі басшысының орынбасары Аида Балаева ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры Лазар Элунду Ассомомен маңызды кездесу өткізді. Тараптар еліміздің тарихи мәдени жәдігерлерін халықаралық деңгейде ілгерілету және 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспарды жүзеге асыру мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше кездесу барысында Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы тарихи мәдени мұраны сақтау, зерттеу және халықаралық деңгейде таныту бағытындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қаралды. Аида Балаева мәртебелі мейманға елордада өтіп жатқан «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумға қатысқаны үшін алғыс білдірді. Жиында Қазақстан Үкіметінің мәдени мұраны сақтау және ілгерілету жөніндегі үш жылдық кешенді жоспарды бекіткені мәлімделді. Жаңа құжат халықаралық номинацияларды әзірлеуді, ғылыми зерттеулерді, мониторингтің заманауи технологияларын енгізуді және халықаралық байланыстарды нығайту шараларын қамтиды.
Қазақстан биыл посткеңестік кеңістікте алғаш рет мәдени және табиғи құндылықтарды қатар қамтитын аралас мұра номинациясын ұсынды. Президент тапсырмасына сәйкес дайындалған Үстірт: Ландшафттар және аңшылық тұзақтар – арандар атты номинациялық досье отандық және халықаралық сарапшылардың көпжылдық зерттеулері мен тығыз жұмысының нәтижесі саналады. Сонымен қатар Пусанда өтетін Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48 сессиясы аясында Маңғыстау түбегінің жартас мешіттері және көршілес Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанмен бірлесіп дайындалған «Жібек жолы: Ферғана – Сырдария дәлізі» номинациялары қаралатын болады.
Аталған нысандардың әлемдік тізімге енуі аймақтың ортақ мұрасын қорғауға және халықаралық мәдени қарым қатынастарды дамытуға үлкен үлес қосады. Осы орайда отандық ведомство көршілес мемлекеттермен бірлесіп «Жібек жолы: Еділ – Каспий дәлізі» дәлізі трансұлттық жобасының жаңа кезеңін бастауға және бұл үдерісте белсенді үйлестіруші болуға әзірлігін білдірді. Лазар Элунду Ассомо Қазақстанның осы бағыттағы жоғары әлеуетін атап өтіп, елдің бес қатысушы мемлекет арасында бағдарлама көшбасшысына айнала алатынын жеткізді. Оның айтуынша өткізіліп жатқан халықаралық симпозиум да осы зор мүмкіндіктің айқын дәлелі саналады.





