Күн өткен сайын тотыдайын түрленіп, бүгінде Жетісудың жауһарына айналған Талдықорған қаласы туралы айтылар әңгіменің аурасы бөлек. Шаһар шырайын кіргізетін нысандар бірінен кейін бірі салынып, аймақ орталығына айшық, күнделікті өмірімізге көрік беруде. Дәл осы облыс орталығының айнасы аталып, қаланың тыныс-тіршілігі жайлы үзбей ақпарат таратып келген «Талдықорған» газеті де жаңа белеске қадам басты.
Биыл әр қазақ үшін қасиетті саналатын Тәуелсіздікті алғанымызға 30 жыл болса, Талдықорған қаласының облыс орталығы мәртебесін иеленгеніне 20 жыл. Ал, «Талдықорған» газеті болса, еркіндікті ту еткен елмен біте-қайнасып келеді. Келесі жылдың наурыз айында басылымның алғашқы санының халқымен қауышқанына 30 жыл толады. Бұл уақыт тарих үшін, әрине, қас-қағым мезет. Алайда бір адамның жарты ғұмырына баланған осынау жылдардың ішінде мемлекетіміз адам танымастай өзгерді. Оның ішінде Талдықорған қаласының қазіргі жетістігін таңды таңға ұрып айтсақ та тауыса алмаймыз. Газеттің алғашқы бас редакторы, белгілі сатирик Тұрлыхан Кәрім азаттық алған алғашқы жылдардың талдықорғандықтарға оңай соқпағанын былайша еске алды.
– Бүкіл қала жарықсыз, сусыз қалып, халық азық-түлік тапшылығына тап болғанда да еш мойымады. Тоқырау жылдарындағы қиындықтарды береке-бірлігінің арқасында еңсерді. Міне, содан бастап, бүгінге дейін аймақтағы жылт еткен әрбір жаңалықты жария етіп, ауыл-аймақтарды ақпараттандыруға «Талдықорған» газетінің қосқан үлесі өлшеусіз, – деп ұлтымыздың ұмыт бола жаздаған салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы, төл мәдениеті қайта жаңғыртылып, қасиетті дініміз бен ана тіліміз кеңінен насихатталғанын айтады.
Газеттің қазіргі бас редакторы Гүлжанат Нұршанова бастаған ұжымның ауыз толтырып айтар толайым табыстары да баршылық. Тілшілерден бастап беттеушілерге дейін әртүрлі додаларда бағы мен бабы қатар шауып жүр. Мысалы, жазушы, ақын, журналист Айдын Кәлімханның «Қашқын» деректі романы «Алтын қалам» тәуелсіз әдеби жүлдесінде үздік деп танылды. Алматы облысы әкімінің журналистерге арналған дәстүрлі «Самғау» байқауында да басылым қызметкерлері топ жарып жүр. Соның бірі газет беттеушісі Айжан Сәдуақасова «Баспа басылымының ең үздік дизайны, «инфографика» аталымы бойынша жеңіс тұғырынан көрінді. Данияр Сағындық болса, «Көшбасшы – 2017» жастар сыйлығының «Үздік жас журналист» номинациясын иеленді. Осы сынды қалам ұстаған талантты тілшілері бар газет келешегінің кемел болатынына сенімдіміз.
1992 жылы «Талдықорған» газетінің редакциясына имене басып кірген Данагүл Мәкен осы уақытқа дейін қаланың бас басылымында табан аудармай қызмет етіп келеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіріп келген соң, бойындағы барлық күш-жігерін газетке арнайды.
– Жұмысқа кіріскен алғашқы күні жауапты хатшы Мәулетхан Ақсанов кезекшілікке қойды. Ол кезде қазіргідей техникалық мүмкіндік жоқ. Баспаханаға барып, газет беттерін тексеріп шықтым да: «Шығара беріңіздер» дедім. Ертеңіне газет шыққаннан кейін қарасақ бір мақалаға екі тақырып қойылып кетіпті. Сөйтіп, бірінші ескертуімді алғанмын, – деп редакцияда түні бойы жүретін кездердің көп болғанын айтып, жылы естеліктерімен бөлісті. – Компьютер деген әлі келмеген кез. Таңғы 8-ден машинистке кезекке тұрамыз. Мақаламызды қолмен жазып апарып, диктовка жасаймыз. Сол жылы тұрмыс құрдым. Күйеуім түні бойы қалай жұмыс істейтінімізді түсінбейтін. Кейін өзін әкеліп көрсетіп шықтым. Осылайша, бүгінге дейін осы газетпен бірге өсіп-өніп келеміз.
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнінің қарсаңында Журналистер үйінде қатар отырған қалалық «Талдықорған» газеті жайлы аз-кем ақпарат ұсынуды жөн санадық. Жетісудың жүрегі – Талдықорған қаласы жайлы жарқын жаңалық таратып, халық пен билік арасындағы алтын көпір атанған газет ұжымын мерейлі мерекемен құттықтап, әріптестерге шалқар шабыт тілейміз!
Мәулен ӘНЕРБАЙ





