Сарқан ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес өкілдеріне қолдау көрсету мақсатында Халықтық есепші акциясы ұйымдастырылды. Бастама халықтың қаржылық және салықтық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған тегін консультациялық көмек көрсетуді көздейді. Алғашқы іс-шараның өзінде тоғыз салық төлеуші мамандардың көмегіне жүгініп, көкейде жүрген сауалдарына тұшымды жауап алды.
Ауқымды шараға кәсіби бухгалтерлер мен аудиторлар, сондай-ақ бейінді бірлестіктер мен мемлекеттік орган мамандары жұмылдырылды. Тәжірибелі сарапшылар кәсіпкерлерге бухгалтерлік және салықтық есептілікті дайындау мен тапсырудың қыр-сырын түсіндірді. Әсіресе 2026 жылға арналған салық салу жүйесіндегі негізгі өзгерістер мен заңнама талаптары қатысушылар үшін маңызды тақырыпқа айналды. Мұндай қолдау шағын бизнес субъектілерінің қателіктер жібермеуіне және қаржылық тәртіпті нығайтуына септігін тигізеді.
Халықтық бухгалтер акциясы бұдан былай Сарқан ауданында тұрақты негізде өткізіліп тұрмақ. Кестеге сәйкес мамандар аптасына екі рет, атап айтқанда сейсенбі және бейсенбі күндері азаматтарды қабылдауды жоспарлап отыр. Тегін кеңес алу мүмкіндігі жаңадан іс бастаған кәсіпкерлер үшін де, тәжірибелі бизнес иелері үшін де тиімді құрал болмақ. Мемлекеттік кірістер органдары осылайша салық төлеушілермен ашық диалог орнатып, сервистік қызмет көрсету сапасын жақсартуды мақсат етеді.
«Жетісу-Ақпарат»





