Сарыөзек гарнизонының 12740 және 29108 әскери бөлімдерінде мерзімді қызметтегі сарбаздармен маңызды кездесу өтті. Сарыөзек гарнизонының әскери прокурорлары мен ардагерлері қатысқан шара жеке құрамның құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталды. Сарбазға прокурорлық кеңес республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған жиын әскери ортада заң мен тәртіп қағидатын нығайтуды және жастар бойында патриоттық сезімді қалыптастыруды көздеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кездесу барысында әскери прокурор қолданыстағы заңнама талаптарын егжей тегжейлі түсіндіріп берді. Әскери қызметшілердің құқықтары мен міндеттеріне қатысты өзекті мәселелер талқыланып, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларына баса назар аударылды. Прокуратура ардагерлері өз кезегінде кәсіби және өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Қариялар әскери борышты адал атқарудың, Антқа адалдық танытудың және әрбір жауынгердің жеке жауапкершілігі мемлекет қауіпсіздігі үшін қаншалықты маңызды екенін жеткізді.
Ашық диалог форматында өткен жиында сарбаздар қызмет өткеру барысы мен әлеуметтік кепілдіктер туралы өздерін мазалаған сауалдарға тұшымды жауап алды. Құқықтық қорғау тетіктері мен мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары жас сарбаздар үшін басты тақырыпқа айналды. Шара қорытындысы бойынша жауынгерлік дайындықта және қызметте үздік нәтиже көрсеткен бірқатар әскери қызметшілер әскери прокурордың грамоталарымен марапатталды.
Кездесу соңында «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша қатысушыларға құқықтық тәртіпті бақылауға арналған заманауи цифрлық сервистер мен мониторинг жүйелері таныстырылды. Әскери қызметшілер мен олардың туыстары үшін жұмыс істейтін жедел желі және кері байланыс арналарының тиімділігі туралы ақпарат берілді. Мұндай технологиялық шешімдер кез келген мәселенің ашық әрі жедел шешілуіне кепілдік береді. Қонақтар сарбаздардың тыныс тіршілігімен танысып, естелік суретке түсумен шараны аяқтады.





