ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің делегациясы Үрімжі қаласында өткен Қытай мен Орталық Азияның өндіріс, білім беру, ғылыми зерттеулер және практикалық қолдану салаларындағы ынтымақтастық конференциясына қатысты.
Конференция барысында вице-министр Гүлзат Көбенова Қазақстанның жоғары білім, ғылым және инновациялар саласындағы даму тәжірибесімен бөлісіп, ҚХР-мен ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған негізгі бастамаларды таныстырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық Азия – Қытай» екінші саммитінде көтерген 2026 жылды «Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы» деп жариялау жөніндегі бастамасына ерекше назар аударылды. Аталған бастаманың Қазақстан мен Қытай арасындағы бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды іске асыру арқылы нақты жүзеге асып келе жатқаны айтылды.
Қос ел арасында жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың негізгі нәтижелері, оның ішінде елімізде жетекші Қытай университеттерінің филиалдарын ашу және Лу Бань шеберханалары желісін құру жұмыстары таныстырылды.
«Жетісу-Ақпарат»





