Талдықорғанда төрт жасар бала жеке клиникада құлап, ауыр жарақат алды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Оқиға медициналық мекеменің баспалдағында болған. Бала екінші қабаттан құлап, ми жарақатын алған. Ол облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, дәрігерлер шұғыл ота жасады. Қазіргі таңда баланың жағдайы ауыр деп бағалануда.
Алдын ала мәлімет бойынша, баспалдақ маңында қажетті қауіпсіздік қоршаулары болмаған – тек тұтқалар орнатылып, аралығы ашық қалған. Оқиғадан кейін ғимаратта жедел түрде жұмыстар жүргізіліп, қосымша қоршаулар орнатылып, қауіпті аймақ жабылған.
Полиция аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады.
«Полиция қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды өндіру немесе сату, сондай-ақ жұмыстарды орындау немесе қызметтерді көрсету бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр және олардың нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – делінген хабарламада.
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды.





