Талдықорғанда Қабанбай батыр ескерткіші маңында көлікпен қауіпті маневр жасаған жүргізуші жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Полицияның мәліметінше, оқиға бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін анықталған. Кадрда түнгі уақытта BMW автокөлігінің жүргізушісі қаланың орталық бөлігінде дрифт жасап, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны көрінеді.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, бұл әрекет тек тәртіп бұзушылық қана емес, сонымен бірге жаяу жүргіншілер мен басқа да жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірген.
Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде жүргізушінің жеке басы анықталды.
Іс материалдары сотқа жолданып, жүргізуші өз кінәсін толық мойындаған. Оған ұсақ бұзақылық және жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіру деректері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған.





