«Бір әңгіме қозғайық ауыл жайлы, одан артық рахат табылмайды», – деп Мұқағали Мақатаев жырлағандай, ауылды көркейту, ондағы адамдардың тұрмысына оң ықпал ету тұрғысында ой қозғаудың өзі ғанибет. Мемлекеттік қызметте 20 жылдан астам қызмет етіп, әртүрлі жұмыста көп нәрсені көріп, үйрендік. Бүгінде ауыл әкімдері жан-жақты білімді болуы, елге еңбек сіңіруі керек. Осы орайда «Нағыз үздік ауыл әкімі қандай болу керек?» деген мәселеде ой қозғағым келеді.
Иә, «ауыл әкімінің портреті қандай болу керек?» деп ойлана келе облысымызда өткен «Үздік ауыл әкімі» аталымында жеңімпаз болған адам ретінде біраз дүниені айшықтап өткім келеді. Біріншіден, ауыл әкімі салиқалы, байсалды жан болуы қажет. Кадрлық резервте моральді-психологиялық тұрғыдан ұстамды, тәрбиелі маман болғанда ғана ол өзі басқарып отырған елді мекеннің халқымен жұмыс істей алады. Екіншіден, қарапайымдылықтың шекпенін жамылып жүруге тиіс. Халықта: «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген аталы сөз бар. Мұның астары терең. Қарапайымдылық адамды биікке жетелейтін асыл қасиет. Өз басым, әкім болған күннен бастап елмен танысып, тұрғындармен етене араластым. Соның нәтижесінде ауылдық округтегі әрбір жанның талап-тілегін тыңдап, мәселені бірлесе шештік.
Осы тақылеттес қасиеттердің үшіншісі – жомарт жүректі болу. Ауылдағы тұрғындардың әлеуметтік мәселесіне назар аудармаған адамды әкім деп санауға келмейді. Ондай болғанша, орынды іскер, ел мұңына құлақ асатын жастарға босатқан абзал. Өз басым, ауылдағы ағайынның мәселесіне мән беріп, үйіне азық, жылу беруді азаматтық борыш санаймын әрі әкім ретінде атқарар жұмысым деп білемін.
Төртіншіден, адам жауапты қызметте отырған соң мәдениетті, парасатты болуы қажет. Мұңын айта келген жанның алдынан шығып, қазақы дәстүр бойынша амандығын білу – адамдық әрі мәдениеттілік. Төріңде төбедей болып отырып жұртыңның жағдайын білу – жараспайды. Өз кезегінде әкім салмақты, көркем мінезге ие, білімді жан болуы керек болса, қолдың тазалығына да сондай мән берген абзал. Бұл ретте өтірік айтпау, уәдеде тұру да аса жауапты дүние. Күнделік секілді жазатын дәптеріме: «Мейлі әріптестер арасында, мейлі халық арасында болсын өтірік айту, екі сөйлеу, сөзде тұрмау – жақсы қасиетке жатпайды. Өтірікшіге сенім жүрмейді. Халық арасында «Өтірікшінің шын сөзі рәсуә» деген аталы сөз бар. Өзің басқаратын халқың: «Қойшы, ол өтірік сөйлейтін әкім. Ондай қызыл тілі жорға қудан көңілім қалған» деген баға берсе, онда адамдықтан аласарғаның. Сондықтан әкім әр сөзіне мән беріп, уәдесін қайтсе де орындауы қажет. Атылған оқтай қайтарымсыз айтылған сөзіңнің салмағы болуы қажет. Сонда ғана адам, сосын маман ретінде абырой биігінен көрінесің», – деп жазыппын. Бұл да өмір үйреткен тәжірибеден туған тұжырым.
«Бесіншіден», «алтыншыдан» деген дүниелерімді қысқарта жазғаныммен, жалпы он байлам жайлы ой түйдім. Соның тоғызыншысы сөзге шешен болу десек, оныншысы ұлтты руға, адамды жағдайына қарай бөлмеу, бәріне ортақ болу дер едім. Сені өзің өмір сүріп жатқан мемлекет жүйесі мен ауыл, елдің ардақты азаматтары әкім қылып бекіткен екен, оның бәріне бірдей шапағатыңды шашып, ісін, мәселесін шешуің керек. Өйткені сен ондағы баршаға бірдей әкімсің.
Бүгінде осы аталған ойыма лайық жандар баршылық. Олар ел азаматы ретінде ісіне адал, жұмысына тыңғылықты. Десе де өз мінезін халқы мен ауылына көрсетіп алып жатқан әкімдер, тәрбиеден ақсаған жандар да баршылық. Оны әлеуметтік желінің желдей ескен тасқыны арқылы танып-біліп жатырмыз. Мемлекеттік қызметте ондай әкімнің кездесуі бізді ойландыруы тиіс. Бүгінгі жарқын өмірде, еркін елдің саясында ауылды жерге әкім болған жан қазақылықтың қасиетті бесігі саналған елді мекен мен сол жердегі халыққа жағдай жасауы керек. Әмбебап болу басты міндет. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да осындай қасиеттерге лайық болған әкімдер арқылы іске аспақ деп ойлаймын. Әрине, бұл өз пікірім, тұжырымым. Десе де әкім ретінде осы қасиеттер әрбір жанға керек екеніне көзім жетіп келе жатқан соң санамалап шықтым. Керегі боса жастар ала жатар деп үміттенемін.
Ермек Нұрахметов,
Үлкенағаш ауылдық округінің әкімі
Панфилов ауданы
Фото: 365info.kz