Талдықорған: +28°C
$ 486.47
€ 554.77
₽ 6.26
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР

Ұлт жадындағы тіл

17.05.2026
ЖАҢАЛЫҚТАР, КҮНДЕРЕК
Ұлт жадындағы тіл

ЖИ

WhatsAppTelegramFacebook

Ата Заңымыздың Преамбула-Айқындамасындағы: «Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап…» деп басталар сөлді сөйлемде әлемге өркениет таратқан бабаларымыздың дүбірлі дәуірлері атойлап тұр! Кеткеніміз келді, кемтігіміз тола түсті. Ұлттың толыққанды ғұмыр сүруіне негіз қалайтын өміршең идеялардың бірлігі ұлттық идеология деп қабылдар болсақ, сол ұлттық идеологиямыздың басты тұғыры – Тіл. Тіл – ұлт ретінде ұйысудың негізі. Қазір де, келешекте де ұлт болып қалуымыздың басты белгісі. Тіл бірлігі – Ұлт бірлігі деуіміздің өзі осынау ұлық мұраттан туындайды. Осы тұрғыдан зер салғанда, қасиетті Сөз бен ұлттық Сана ұғымдары егіз саналады. Демек, Ұлт жадындағы Тілсіз – Ұлттық Сана, Ұлттық Таным қалыптаспайды.

Генералиссимус, Ұлыс-бегі Мұқалы мен Шыңғыс қаған өзара көне түрік тілінде, яки бүгінгі қазақ тілінде тілдескен. Мұқалының өз ағайын-туыстарымен немесе Шыңғыс қағанның әкесі Есугей, анасы Өлең, қатыны Бөрте, болмаса айналасындағы қоңырат, керей, найман, меркіт өзге де тайпалар өкілдерімен аудармашы арқылы сөйлесті деген мәлімет әлем шегінде жоқ. Қағанымыз полиглот болмаған, тек ата-анасының қанымен берілген түрік тілін ғана білген.

Әлішер Науаидің «Моғол тұқымынан болған патшалар билік басына келді – түркі тілі қайта бел ала бастады», – деген лебізінде көп сыр тұнып тұр. Моғолдардың мемлекеттік тілі көне түркі тілі еді. Он тоғызыншы ғасырдың басына дейінгі тарихи құжаттарда да, шежірелерде де «монғол» деген сөзіңіз атымен жоқ. Ұлы қағанның және ұрпақтарының мөрлері де, ішкі-сыртқы құжаттарының айналымы да түрік тілінде жүргізілген. Мұны Күйіктің 1246 жылы Рим папасына жазған хатындағы мына сөйлемнен анық байқаймыз: «Құдіреттің күшімен күннің шығысынан батысына дейінгі барлық жер бізге берілген!». Егерде олар моңғол болса, неге сол тілде құжаттар толтырылмаған деген орынды сауал туындайды. Бүгінгі халха-моңғол тілі XV-XVI ғасырларда, яғни Шыңғыс қаған өмірден өткеннен кейін ІІ-ІІІ ғасырдан соң пайда болған. Түрік тілін түсінбеу себебі осында. Мәселенің мәніне келсек, 1388 жылы бүгінгі Моңғолия жеріне ереуілдеушілерді басу үшін қытайдың жүз мыңдық әскері келіп, әбден тазалайды. Босаған аумаққа шүршіттердің іштен үздік-создық келуі екі ғасыр бойына толастамайды. Әрине, мұндай қыспақта түркі тілі ұмытыла бастайды. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, XVI ғасырда буддизм мемлекеттік дін болып қабылданады. Біртектес ұлт дегенің енді осы. Шүршіттердің жаңа көсемі Нұрхаси бұрынғы ұйғыр (түрік) жазбасының орнына көптеген өзгеріс арқылы халха-моңғол алфавитін 1559 жылы өмірге әкеледі. Сондықтан да академик В.П. Васильев (1818-1900): «Скорее всего, мы можем допустить, что Чингисхан не говорил языком, который мы ныне называем монгольским, имеея в виду также, что вряд ли говорили на этом языке и единоплеменные с Чингисханом «древние моголы», – десе, тарихшы Ю.П. Юдин: «Моғолдар түріктің қандай тілінде сөйлеген деген мәселеге келер болсақ, біздің ойымызша олар түрік тілінің қыпшақ тобында сөйлеген, ол тіл қазақ тіліне жақын», – деп құдайшылығын айтады. (О родоплеменном составе монголов Моголистана, их этнических связях с казахскими и другими соседними народами. Москва, 1965).

Әдетте, жазба тіл – мемлекеттіліктің басты белгісінің бірі саналады. Орхон мен Енисей бойларында заманымыздың VIII ғасырында тасқа қашалған жазулардың тілі неткен керемет! Әрі икемді, әрі қуатты тіл. Керек десеңіз, сол дәуірде мұндай рухани байлық Еуропа мен Азиядағы небір отырықшы халықтардың үш ұйықтаса түсіне де кірмеген. Түркілік сына жазуы – көне өркениетіміздің бұлтартпас көрінісі. Осы арада мысалға, біздің эрамызға дейінгі V-IV ғасырға тән Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласы іргесіндегі обадан табылған Үйсін патшалығы ханзадасының алтын бейнесі және сондағы күміс зереннің сыртқы бетіне екі қатар етіп жазылған сына жазуының мән-мағынасы еркін елдігімізбен қатар келер ұрпақ қамын терең толғана білер ертеден келе жатқан ұлтжандылығымызды білдіреді. Демек, мынау Ұлы Даланың иелері бұдан 2500 жылдан астам мезгілден бері әліпбиі бар өркениет өрісінде ғұмыр кешкен. Үйсін ханзадасының Есік қорғанынан табылған алтын адамның қасынан табылған күміс тостағаншаның сыртқы жағына 26 таңбамен ойылып, төл қарпіміз – сына жазуымен түсірілген мәтін мұның бұлтартпас дәйегі.

Шыңғыс қағанымыз «Әр тайпа өз тілінде сөйлей берсін. Оны менің тілімде сөйле деп зорламайық. Әр құсты тәңір жаратқан, әрқайсысы өзінше сайрайды. Егер дүниеде тек қара қарға қалса қайтер еді немесе тек бүркіт, тек тотықұс қалғанмен қызық болмас еді. Ал күшіген ғана жайласа, тіпті сорақы болар еді. Әр сөзіңді безбендеп өлшегендей, салмақтап айт!» – демеп пе еді? Батыс жорығы бел алған тұста Ұлы қағанның айтулы қолбасшылары Сүбедей мен Жебе Қап тауынан асып, солтүстік кавказдың даласына шыққанда аландар мен қыпшақтарға кезігеді. Аландар ә дегенде қыпшақтарды өздеріне тартып, шайқасқа кіріседі. Сонда түрік моғолдары қыпшақтарға: «Біз сендермен бір тайпаданбыз. Аландар болса, бізге жатпайды. Біздің жаққа шығыңдар», – дейді де өздеріне қаратып алады. Бір-бірінің тілін түсініп тұр. Араларын бес мың шақырым бөліп жатса да, дәстүр-салты да, сөзге қонақ беруі де біртекті.

Өзі айтқанындай, Шыңғыс қаған әр тайпа, әр ұлыстың өз тілдерінде сөйлей беруінің мән-маңызын жете сезінді. Бұл олардың еркіндігі мен күш-жігеріне жол ашты. Тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбековтың пайымдауынша да осы байламның оң екендігі байқалып тұрады. Шыңғыс өзінің әскери-ұйымдастырушылық қызметінде әртүрлі ұлыстар мен тайпалық одақтарды біріктірудің рухани және идеялық ұстыны ретінде осы тайпалардың бәріне ортақ шежірелік дүниетанымды, яғни Моғол, Татар, Оғыз, Қарахан тәрізді ғасырлар бойы ел мойындаған тарихи тұлғалардың туыстық және мұрагерлік ататек жүйесін басшылыққа алды. Мемлекетті басқару тетігіне айналған бұл шежірелік ұстаным сол заманда өзін-өзі толық ақтап, Шыңғыс төңірегіне әртүрлі тілде сөйлейтіндерді біріктіріп қана қоймай, Ұлы қаған ұрпақтарының да бірнеше ғасыр бойы билік тізгінін басқа әулетке бермей, өздерінің қолдарында ұстауларына жол ашып, арналарын кеңейтті. Ол құрған және осындай шежірелік жүйеге негізделген, бір орталыққа бағынған алғашқы көшпелілер империясының күшеюі Шыңғыстың белгілі бір тайпалық одақтарды емес, билікті қолда ұстайтын әулетті, әсіресе, өздерін Моғол деген ұлық тұлғаның әулетіне жатқызатындарды белсенді көтермелеуінің арқасында мүмкін болды. Халықтық шежіреге сүйенген бұл саясат әртүрлі тілде сөйлейтін түрлі тайпаларды біріктірудің таптырмас саяси-рухани және идеялық құралына айналды.

Аляска бетке алғаш 30-40 мың жылдай бұрын өткен адамдардың тікелей ұрпақтары ретінде саналып, бүгіндері орталық және оңтүстік Американы жайлайтын майя, астек, кечуа халықтарының сөздік қорларында түрік тіліне жақын мысалдардың көптеп кездесуі олардың түп-тек төркінінің тарихы тым әріде, азиялық атамекендерінде жатқанын көрсетеді. Кезінде Англияда елші болған ғалым Әділ Ахметов үндістермен тілдік, адами ұқсастығымыз турасында кітап та жазды.

Білгір ғалымдар Ақатаев пен Ақышев 1993 жылы асқақ Алатау жартасынан қола дәуіріне жататын домбыра тартып отырған адам бейнесі салынған сұлбаның табылғандығын жария етті. Зерттеп жіберсе, бұл суреттің ғұмыры 4000 жылдықтың тереңінен сыр тартады екен. Яғни қазақтың қара домбырасы – әлемдегі барша шекті аспаптардың атасы деген сөз! Екіншіден, домбыра тартылды дегеніміз – күмбірлеп күй төгілді, шарықтай ән қалықтады деген ұғым емес пе, мынау байтақ далада!

Көк түріктер 552 жылы Бумын қағанның басшылығымен ежелгі қарсыластары жужандарды талқандап, өздерінің билеушісін «Ел қағаны» деп атағаны баршаға белгілі. Осы философиялық тұжырым мен асыл мұрат Күлтегін мен Білге, Тоныкөк дәуірінде де жалғасын жарасымды тапты. Соның айқын айғағындай, Күлтегін кіші жазуының 8-ші жолында: «Отүкен қойнауында отырсаң, мәңгі ел ұстап отырарсың сен!» деп тасқа таңбалай қашалған. Демек, «Мәңгі ел» идеясының бабаларымыздың арман-мақсатымен ұштасатын берік негізі, құс жолындай сайрап жатқан тарихи да тағылымды кеңістігі бар!

Мыңдаған жылдар жүзінде түрік тілінің түбірі де, негізгі сарыны да өзгермей келеді. Ел аты, ұлыс, хандық есімі, тайпа-ру атаулары әрқилы аталып отырса да, бабаларымыз бір тілде сөйледі, қоғам түзді, төңірегімен белсенді қарым-қатынас жасады. Сол себепті де халықтың шынайы тарихының төркінін сол халықтың тілінен, ұрпақтан ұрпаққа алтын арқау жетіп отырған ауызша, я жазбаша шежіресінен, аңыз-әфсана, бай фольклоры, жыр-дастандарынан сүзу қажет. Демек, зерттеу нысанасына алынып отырған халықтың қасиетті тілін білмейтіндердің бұл ретте қандай да бір нәтижеге қол жеткізем деуі айға қол созғанмен тең әрекет.

Ғалымдардың дәйегі бойынша алсақ, адамзатта 13 ірі жазу мәдениеті тіркелген. Біздің ата-бабаларымыз осылардың төртеуін, яки «Ғұн таңба жазуы», Орхон-Енисей алфавиті, Соғды, Ұйғыр жазуын өмірге әкелген. Ал мұның ішіндегі Орхон-Енисей сына жазуы – Үйсін мен Қаңлы мемлекеттері қолданған байырғы жазудың жаңғырған үлгісі екендігін ғалымдарымыз дәлелдеп шыққан.

Енді еркін қолымызға тие бастаған тарихи деректемелер мен археологиялық ескерткіштер Ұлы Дала иелерінің де ұлы болғандығын жаһанға үстін-үстіне айшықтап беруде! Сол себепті де ғаламның ақиқатқа ден қойған тарихшылары «Азия – барша адамзаттың Отаны» деген пікірге амалсыздан тоқтасып отыр. Еуразия құрлығын еркін жайлаған көне түркілер адамзат атаулыға алдымен өркениет сәулесін шашты. Ұлы Даламызда тұңғыш жазу мәдениеті, қала тұрғызу өнері пайда болды. Металлургияның отанына айналдық, жылқы бастаған жабайы малдарды тұңғыш қолға үйреттік, алтын адамды мүсіндедік. Б.э.д. үшінші мыңжылдықта Қосөзенде әлем өркениетінің алтын бесігіне айналған шумерлер ғаламатын қолдан жасағандар – осы Ұлы Даладан ығысып барған біздің даңқты бабаларымыз! Демек, көне түрік тілі б.э.д. үшінші мыңжылдықта шумер тілімен қатар қолданылғандығын, тіпті шумер тілі деп жүргеніміздің өзі нағыз түрік тілі екендігі айғақталды дәл бүгін. Өркениет атаулы, міне, осы арадан Мысырға және Еуразия құрлығының өзге өңірлеріне жетті емес пе! Ал көршілес Қытайыңызда өркениет ошағы б.э.д. екінші мыңжылдықтың екінші жартысында ғана пайда болғандығын ескерсеңіз, еркіндікті еншілеген ерлер ісіне есіңіз кете таңданасыз да!

Қазақтардың қай нәрсеге де кең даланың көксеңгір биігінен зер салатындығын, осының арқасында алыс көкжиектерді бірден бағдарлай білер қасиетін, дарқан табиғаты мен күн сәулесіндей шұғылалы пейілін, ешкімді жатырқамас ақкөйлек болмысын түркітектес халықтар да, біздің отандастарымыз да оңды түйсінуі қажет деп есептейміз. Неге десеңіз, Ұлы қағанымыздың ғұмыр-дариясын зерделеген сайын тың белестер пердесі түріле түсуде.

Жұлдызды ақынымыз Мағжан Жұмабаев «Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ» десе, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Түрік тілінің ішіндегі гауһары – қазақ тілі» деп тамсана жазған еді. Олай болса, заманында дәуірлеген барша Тұран жұртының мирасқоры, қара шаңырағын ұстап қалған түркі тамырлас қазақ халқы тілінің түп тарихы кемінде бес мың жылдық төрінен сыр шертеді.

Әуезді де ұғынықты тіліміз табиғатпен етене үндесіп жатады. Мұның өзі халқымыздың мыңдаған жылдар бойына көшпенді ғұмыр кешіп, қоршаған ортамен жұптасып кетуінің көрінісі дер едік. Тілдік дамудың ішкі заңдылықтары арнасында қайсыбір сөз түрлерінің өзгеріске түсуі табиғи дүние. Халықтың бастан кешкен тарихи-әлеуметтік, қоғамдық-саяси өткелектерінің де әсері мол бұл ретте. Соған қарамастан қазақ халқы осындай байтақта созылып жатса да бір-бірімен еркін тіл қатысады, ешқандай диалекті жоқ! Ұлттық бірегейліктің жарқын көрінісі осы енді!

Жарты әлемге жарлығы жүрген көк түріктер ұлт жадындағы тілі мен ділін сақтап қана қоймады, жаулаған жерлеріне апарып, билік күшімен жаппай сіңірді. Евразия елдерінің бәрінде дерлік тюркизмнің басым түсу себебі де осында. Мұны өздері де мойындап жатыр. Мәселен, ғалым Юрий Дроздов «Көне Еуропа халықтарының түріктік атауы» атты кітабында «Бүкіл Еуропа халқы түріктен жаратылған» деген пайымын ашық білдіреді. Сондай-ақ, латыш ғалымы Галина Шукенің «Латыштар түріктерден тараған ба?» деген кітабы шықты. Ол да қорытындысында «Бүкіл адамзат баласы түріктен тараған. Латыш халқының да арғы тегі түрік. Латыш тілі де түркі тілінен тамыр алған тіл. Орыстың тілі латыштың тілінен шыққан» деп тұжырымдайды. Осының бәрі, айналып келгенде, бүкіл адамзат түріктерден өніп шыққан, ақ әлемнің алғашқы тілі түрік тілі болған деген қағидаттың ақиқатқа ұласып келе жатқандығын айғақтайды. Осы ұстанымның ортамыздағы белсенді қорғаушысы әрі зерттеушісі Қойшығара Салғарин ағамыз: «Бізді «қазақта жазу, өркениет болмады, мал соңында жүрді» дейтін теріс түсінік құртты. Сондықтан біз жазу-сызуы бар халықтардың деректеріне жадыланып, өз тарихымызды ұмытып, өз сөзімізді өзіміз тани алмай қалдық. Оның басты бір айғағы, біздің көне тарихымыздағы қазақтың ата-бабасы саналатын ұлыс-тайпалардың біреуінің де аты дұрыс емес. Сақ, ғұн, жужан, сиәнби… атауларының бәрі қате, көне атауларымыздың арасындағы дұрысы – «Түрік» атауы ғана» – дейді! Бұған ешкімнің алып-қосары жоқ дер едік.

Этникалық бірегейліктің жарқын бір көрінісі «Моңғолдың құпия шежіресінде» («Шыңғыс ханның қузауыры») жатыр. Әдепкіде қытайыңыздың, кейін орыстар мен моңғол-халхаларыңыздың түзеп, күзеп, кескілеуінен шыққан нұсқасының өзі түрікше жайнап, сайрап тұр! Қанымызға сіңген ежелгі хисса-дастандарымыздың байтақ пішілген жауһар жәдігері. Филолог ғалымдарымыздың осындай теңдессіз байлығымызды күні бүгінге дейін зерттеуге ден қоймай, болмаса бата алмай жүргендігін бабалар рухының алдындағы дәрменсіздік дер едік. Шежіренің кез келген бөлігіне көз жүгіртсеңіз – көңіліңіз аспандап кете барады. Мәселен, Қоңыраттың Дай шешенінің Есугей құдасына:

Біздің Қоңырат ежелден

Жиені сұлу, қызы өңді ел.

Басқаның жерін жауламай,

Болдырмай, сірә, дау-дамай,

Бидай өңді қыздарды,

Былқылдақ күйме мінгізіп,

Жетелетіп біз нарды,

Желдірте кеп жүргізіп,

Желегін бүркей тұрғызып,

Құтты қосақ еткенбіз, – деп тіл қатуын       (64-үзік) болмаса Жамұқа шешеннің досы Темірші мен Тұғырыл ханға:

Ақ ниеттен сүйініп,

Айбынды туға сыйынып,

Дәу теріден істелген

Дауылпазды жиі ұрып,

Болат найза қолға алып,

Бозғыл сауыт киініп,

Кере ұстап садақты,

Кертаңдақпен килігіп,

Шайқаспақ боп меркітпен

Шабыттандым шүйіліп, – деген сәлемдемесін (64-үзік) немесе Белгітей ноянның:

Тірлік бізге не керек,

Тәуекелден айнысақ?

Тірі жүріп не керек,

Туған жерден айрылсақ?

Қорамсақты жастанып,

Қан ғып ұстап садақты,

Қу толағай бастанып,

Құмға батсақ – сол жақсы, – деп айбаттануын (МҚШ. Мағауия Сұлтанияұлының аудармасы, 190-үзік) түркілік сарын, өшпес жалын деп айтпасқа амалыңыз бар ма?!

Жалпы, Орта Азия әдебиетінің «шағатай әдебиеті» деп аталғаны белгілі. Шыңғыс қаған төрт ұлына жер үлесін берген кезде Шағатайға Жетісу, Мәуереннахр, Шығыс Түркістан өлкесі тиеді. Елі де, жері де, әрине тілі де шағатай тілі деп аталып кеткен. Науаидің:

Ойымдағы көркем парсышаны,

Шағатайша әсемдеп жеткіземін… – деп жырлағаны бар.

Өзбек ғалымы Абдурауф Фитраттың пайымынша («Шағатай әдебиеті» мақала, тәржімелеген А. Жалмырза, «Егемен Қазақстан», 9 сәуір 2026 ж.), Шағатай әдебиеті Көреген Темір әулеті дәуірінің соңына дейін (ХІІІ-ХҮІ ғасырларға) жалғасады. Сол кезеңде Шағатай әдебиеті дастан әдебиеті, ясауилік әдебиет және сарай әдебиеті болып үшке жіктелген. Әзербайжанда, Осман елінде, Қырымда, Қашқарда, Иранда, Үндістанда шағатай тілінде поэзиялық туындылар жазылған. Шағатай тілінің түсіндірме сөздіктері құрастырылады, аталмыш тілдің грузин әдебиетіне ықпалы да бар көрінеді.

Науаи парсы тілі мен түрік тілі арасындағы сөз байлығы, әдеби үйлесімдерді салыстыра отырып «Мухакомат ул-луғанатин» атты еңбек жазады. Мұнда «түрік тілі парсы тілімен салыстырғанда өте бай әрі әдеби икемді» деген тұжырым жасап, дәлелдейді. Түрік тілінің мәртебесін биіктете:

Парсы тілі өлді сол сәтте,

Тілге келсем, түрік тілімен.

Түрік ұлымын деген жанмын басынан,

Түрік тілінде жырлар төккен шашыла.

(«Ләйлә-Мәжнүннен»).

1258 жылы Хұлағу хан өзінің ағасы, Ұлы Моғол империясының қағаны Мөңкенің тапсырмасымен Жалайыр Елхан ноян басқарған қолымен Араб халифатының астанасы Бағдат пен Парсы, Әзербайжан, Армения, Грузия, Анатолий және кіші Азия (қазіргі Түркия) жерлерін иемденеді. Сөйтіп, Шыңғыс қағанның немересі Хұлағу хан және оның ұрпақтарының билігі 1259-1335 жылдар аралығына созылды. Елхандар мемлекеті деп аталды. «Неге Елхандар мемлекеті деп аталды?» деген сауалға жауап бере кетелік. «Елханды ұрпақтан-ұрпаққа құрметтеген моғолдар кейініректе Персия аймағындағы Жалайырлармен бірігіп құрған өздерінің мемлекетін Елхандар мемлекеті деп атады. Сонымен Моғол дегеніміз – ең алдымен жеке адам есімі. Жоғарыда айтқанымыздай, о баста Моғол – халықтық шежіреде тарихи тұлға ретінде танылғандықтан және ол Түрік деген кісінің ұрпағы болғандықтан, оның ұлдарымыз дейтіндер түркітілдестер арасында да көп болды». (Талас Омарбеков, тарих ғылымдарының докторы. «Шыңғыс хан: Шежірелік деректерде»).

Биліктің соңғы кезеңі, яғни Абу Саид хан тұсында өзара бақталастық, тіпті хан әулетіне жатпайтындар да билікке таласа бастайды. Бұл тұрғыдағы қауіпсіздік күшейген кезде ханзадалар мен әмірлер Румда әмірлік етіп тұрған Елхан ноянның ұрпағы Хасан Бұзырыққа елшілер жіберіп, Елхандар мемлекетін басқаруды өз қолына алуын өтінеді. Осылайша билік шыңғыстектілерден бейбіт түрде жалайырларға беріледі де бұған өзге түрік тайпалары, Иран, Ирактағы және басқа да өңірлердегі жергілікті халықтар түсіністікпен қарайды. Жалайырдың екінші бір саласына билік беріліп жатыр деп ешқандай алаңдаушылық білдірмейді, артық-ауыс әңгіме де шықпайды. Біраз кеңесулерден соң 1336 жылдың тамызында билікке белсене кіріседі. Кешегі беделі асқан Қабыл ханның ұрпағы. Ел тізгінін қатты ұстап, түбегейлі реформаларды жүзеге асырады. Ел-жұрттың көңілінен шығады.

Осы арада «Елхан ноян кім еді?» – деген орынды сауал туады. Ол Жалайыр Жошы-Тармаланың ұлағатты ұрпағы. Жошы-Тармала болса, Шыңғыс қағанның туысы. Елхан ноян әу бастан-ақ Хұлағу ханның қолына қолбасшылық етіп, Парсы, Анатолий мен Кіші Азияны, Бағдат пен исмаилиттердің Аламут бекінісін жаулап алады.

Ирандағы Жалайырлар мемлекетінің неліктен «Елхандар мемлекеті» аталғандығына тағы бір дәйек. Жалайырлардың Шыңғысхан орнатқан Еуразиялық мемлекетте ғана емес, Шыршық пен Ангренде де XIV ғасырда өз ордасын құрғанын, сондай-ақ, Иран-Ирак жерінде Ұлы Шейх Хасан Бұзырық Жалайыр мен Сұлтан Уәйіс Жалайыр құрған Жалайыр елхандары мемлекетінің XIV-XV ғасырларда ғажайып тарихымен ерекшеленгенін еске түсіргеніміз абзал. Сондықтан да болар, белгілі тарихшы Ислам Қабышұлы қазіргі Моңғолия жері ежелгі Тұранның бір пұшпағы екендігін айта келіп былайша тізгін тартады: «Түрік қағанатының негізін салушы Бумын қаған 552 жылы Жужандарды жеңген соң Елхан атағына ие болды. Демек, қазақтың Жалайыр тайпасының тарихы елхандардың бәрі моғолдар болғандығын нақты дәлелдейді. Шығыс тарихшылары, әсіресе парсы ғалымдары елхан лауазымын түркілер хандары да иеленгенін ежелден бері жазып келеді». (Тұран әлемі, А-ты, Санат, 2007 ж. 45-б.).

Жошы Тармаланың әкесі – Құтұлы қаған Еке Моғол Ұлысының ноқта ағасы сайланады. Әмбеғай қаған шүршіттердің қолына түскенде осы Құтұлының атына өзінің кек алуға қатысты аманатын жолдағанын білесіздер. Осы Құтұлы қағанның Жошы-Тармалы, Жармақ және Алдан деген үш ұлы болады. Шыңғыс қаған Жошы-Тармалының жылқысын Жамұқаның інісі Тайсары айдап әкеткенде Жошы-Тармалының намысын жыртады. Соңы Жамұқамен екі арадағы үлкен шайқасқа ұласқаны аян.

Рашид ад-Дин: «Ол аймақтарда Жалайыр руынан шыққан Жошы Тармаланың үйі орналасқан еді. …Оның ұрпақтарынан көптеген әмірші шыққан-тұғын, олардың ішінде Елугай ноян да бар», – дейді. (Жылнамалар жинағы. 4-том. 67-б. Ауд. З. Оразбай. 2016). Расында да, Жошы-Тармалы балаларының ішіндегі атақтысы Елхан ноян еді. Ол Хұлағу ханның бас қолбасшысы әрі ұлық әмірі дәрежесіне көтеріледі. Хұлағу ең күрделі тапсырмаларды жүктеуші еді өзіне. Осы арада жазушы-тарихшы Әнес Сарайдың мына бір тұжырымын келтіре кетсек: «Рашид ад-Дин «Жылнамалар жинағын» құрастырған кезде Иранда Хұлағу ұрпағы Абаға хан төңірегінде жалайырлар өте көп еді. Әсіресе, атақты ұлы әмір Елугай-нойанның он ұлы биліктің толайым бөлігін қолдарында ұстап тұрды. Рашид ад-Дин осы әулеттің шежіресін беріп, тоғыз ұлдың бас-басына тоқталып өткен. «Жылнамалар жинағына» енген жалайырлар туралы деректер осы әулет өкілдерінен алынса керек. («Жалайыр» мақаласы). Иә, аңғарып отырғанымыздай, Ұлы қағанның айналасындағы сүйенерлерінің бәрі жалайырлар. Жас кезінен бастап оның ауыртпалықты тағдырының ыстық-суығына, Ұлы мемлекеті шаңырағының биік болуына ерен атсалысқандар да, жақын жанашырлары да, бәрі-бәрі жалайырлар.

Елхан ноянның он ұлының ішінде Орақты, Туғанбұқа мен Ақбұқа бірден ерекшеленеді. Мұндағы Орақты ноян бүгінгі орақтылардың ұлы атасы болып табылады. Ал Ақбұқа әмірдің Хұсейін, Мұсаил, Ұдұнжи атты үш ұлы нағыз жаужүректер саналатын. Осылардың ішіндегі әмір Хұсейіннің екінші ұлы Шейх Хасан Бұзырық 1336 жылы Бағдат шаһарын алып Жалайыр мемлекетінің негізін қалайды. Ә дегеннен мемлекеттің түріктік-моғолдық этно-әлеуметтік негізін қалыптастыруға ден қояды. Елхандар елін басқаруға оның құқығы бар еді. Ең бастысы, Жалайырдың Қият руына жататын Қабыл ханның ұрпағы. Оның үстіне кезінде Еке Моғол Ұлысының ноқта ағасы атанған Құтұлы қағанның ұрпағы. Демек «хан» деп аталуға құқылы.

Сол заманның атақты ақыны Салман Саведжи:

Ақиқаттың көлеңкесі,

Шыңғысхан әулетінің ұрпағы,

Шамдай жарқыраған пілтесі.

Дінді ұлылаушы, кәпір жерін азайтушы,

Әмір шейх Хасан ноян.

Әскері аспандағы жұлдыздай,

Юпитердей пікірлі,

Меркурийдей ақылды,

Орны жарқыраған Күндей, – деп мадақ өлеңін жазған.

Осылайша Елхан ноянның Ақбұқасынан өрбіген ұрпақтары – сегіз хан Жалайыр мемлекетін ғасырға жуық басқарады. Олар өздерінің Жалайыр-Елхандар мемлекетін Шыңғыс қаған империясының заңды жалғасы деп есептеген.

Даңқы әу бастан-ақ әуелеген Жалайыр әулетінің билігі 1336 жылдан 1435 жылға дейін созылады. Астанасы әдепкідегі Бағдаттан кейін Тебриз шаһарына ауысады. Иран мен Ирак көлеміндегі барлық іргелі қалаларда жалайырлар әулетінің теңгелері шығарылады. Осы кезеңде мәдениет пен өнер, ғылым салалары да кеңінен өрістей түседі. Соның айғағындай, күні бүгінге дейін Иран мен Ирак елдерінде жалайырлар дәуірлеп тұрған шақта тұрғызылған тарихи-мәдени ескерткіштер, поэзия мен прозаның, музыканың әлемдік классикалық шығармаларының санатына енетін құнды туындылары көздің қарашығындай сақталып отыр. Сәулет өнері мен каллиграфия кеңінен қанат жайды. Мәселен, Тебриз шәріндегі Шейх Ұбайыстың кесенесі көз тартады бірден. Ол заманында Мысырды басып алып, Венециямен тікелей сауда-экономикалық байланыс орнатқан.

Ана тіліне деген құрмет ерекше еді. Мемлекеттік тіл түрік тілі болды. Бар ресми құжаттар осы тілде толтырылып, шетелдерден келген елшілермен тек ана тілінде келіссөздер жүргізілген. Жалайыр билігі тұсында әйелдердің қоғамдық-саяси белсенділігі артып, мемлекеттік және көпшілік жұмыстарға кеңінен тартылады.

Аналарға, әйелдерге деген құрметтің күшейтілгендігі соншалық, олар мемлекет және қоғам істеріне белсене қатыса бастаған. Билік істеріне араласқандары да баршылық еді. Мұны Бағдатқа сапарлағанда байқаған тарихшы Ибн Батутаның қатты таңқалғаны да бар. «Түркілерде әйелдер үлкен бақытқа ие. Егер жарлық жазылса, онда хан мен хатундардың әмірімен деп жазылады. Елдің бірқатар уәлаяттары хантундардың иелігінде. Егер олар ханмен сапарға шықса, тоқтаған жерде бөлек түседі», – деген-ді.

Жалайыр ханымдары мен ханшалары әскери жорықтарға да бірге шыққан. Мұны айтасыз, бес қаруын асына жауға да шапқан. Мәселен, 1347 жылы Бағдат шаһарына жау тап бергенде Ділшат қатын табан тіресе шайқасып, тойтарыс береді. Әйгілі ақын Салман Саушы осындай ерлігі үшін Ділшат қатынға арнап жыр топтамасын да шығарған. Медресе ашып, мешіт салудағы жалайыр әйелдерінің еңбектері де сүбелі. Айталық, Шейх Хасанның анасы Олжатай ханым Бағдат шаһарында салдырған Әл-Маржани мешіті әлі тұр.

Әлемдік тарихтан ойып тұрып орын алған жалайырлық даңқты перзенттердің үлгісі көпке тараған. Озық ойлы қаламгер Абу Бакр ал-Құтби ал-Ахари Жалайыр сұлтаны Уәйіс хан (1356-1375) жайында «Шейх Уәйіс Тарихы» атты құнды еңбек жазған. Оның әлемдегі жалғыз данасы Лейден университетінің кітапханасында сақтаулы тұрғаны қандай ғанибет. Уәйіс хан Әзірбайжанда жеңіске жетіп, Тебриз шаһарына оралғанда ақын Сәлман Савәджи шығарған шығармасының бір бәйітін келтірелік:

Уәйіс Сұлтан аттары шабысынан

Тебриз шаһары бейне –

Пайғамбардың қадамы жарық қылған,

Мекке сияқты енді күйге!

Уәйіс хан дүниеден озғанда қатты қайғырған Сәлман Савәджидің жоқтауынан үзінді берелік:

О, көк аспан, сабаңа түс, оңай іс жібермедің,

Патшамыз өліп, Иранның мүмин елін

Қираттың, бірден астан-кестен еттің.

Күн батқаннан кейін – түннің жарымында,

Нұрлы айдың жағасына қол салғыздың да,

Жыртқызып тындың. Ал, бұл жай нәрсе ме,

Мүминдердің тағдыры, жер-мүлкіне,

Зияны тиер іс. Әрине, бәрі Өз еркіңде.

Иранның ұлы ақыны Шәмс-оддин Мұхаммед Хафиз Жалайыр патшаларымен етене байланыста болған. Арнаған жырлары да баршылық. Ақынның Уәйіс Сұлтанға деген шынайы құрметі мына бір ғазалының бәйітінде айқын көмкерілген.

Жан-тәніммен мен өзім

Уәйіс Сұлтан пендесімін.

Ол өз құлын ұмытса да әлемде,

Күндей сұлу жарқыраған,

Ешкім тең келмесі хақ оған.

Күн дидарлы, «Күн» деуге де,

Лайықты кез-келген теңеуге.

Хафиздың жырынан егер де,

Әлдекім қате іздесе,

Мейірім жоқ оның жүрегінде.

Хафиз шайыр Жалайыр патшасы Ахметпен де жақсы қарым-қатынаста болған екен. Ахметтің де ақындық өнері белгілі еді. Өзара поэзиялық еңбектерімен алмасып тұрса керек. Ахмет Сұлтанға арнаған ғазалының алғашқы бәйітіне зер салалық:

Қолыңдағы қалам біздерді,

Есіне алса бір кездері.

Онда оның құрметіне,

Екі жүз тұтқын пендені,

Босатуға лайықты ол, әрине.

Осы бәйіт жолдарына үңілсек, Уәйіс ханның ұлы жалайыр Ахмет хан да (1383-1412) қатал болған секілді. Әйткенмен, әдебиет пен өнерді өте ұнатқан. Оның түрік және парсы тілінде жазған жарқын туындылары Стамбул шаһарындағы Ислам мұрасы мұражайында, сондай-ақ, парсы тіліндегі 808 бәйіттен тұратын «Диван» атты өлеңдер жинағы Вашингтондағы Фрир галереясында көрермендер назарына әлі күнге ұсынылуда.

Мына лирикалық ғазалының орны тіптен бөлек:

Өзіңді көргенде менің,

Құмарлығым артады.

Тіпті, қараңғы түн сенің

Көркем жүзіңнің шуағы.

Әсер етіп нұрланады,

Таңғы шапаққа айналады.

Елдегі түрлі сурет өнерінің ішінде сызба саласы бел алады. Ал бейнелеу өнерінде су мен бояуды араластырып пайдалану әдісі қолданылған. Суретшілер арасында Ахмет Мұсаның тұлғасы ерекшеленеді. Оның мектебінен бірқатар тәлімді шәкірттер түлеп ұшқан. Соның бірі – Шәмсидин ұстаз болатын. Уәйіс Сұлтанның өзіне де тәлімгерлік еткен осы кісі еді. Уәйіс Сұлтанның өзі де сурет салудың шебері атанған.

Сонымен қатар, керамикалық ыдыс-аяқ, темір, мыс бұйымдарын, қару-жарақ жасау, тоқыма мата өндірісі, кілем тоқу, тамбурмен және алтынмен кестелеу, кітап түптеу, алтын жалату, ойып жазу, әйнек шығару, бағалы тастармен әшекейлеу істері барынша дамыды. Осы ретте сол жалайырлар дәуірінен мұра боп қалған үлкен мыс ыдыс бүгінде Тегеранның археология мұражайында «Шейх Уәйіс Джалайри» атымен күтімде тұр.

Иә, Жалайыр Ахмет хан (1383-1412) тұсында Жалайыр мемлекеті дипломатия тілімен де, қарулы күштің пәрменімен де елдің жер көлемі ұлғайып, одан әрі дамиды. Сөйтіп жүргенде шығыстан бір қатерлі жау пайда болады. Ол кім дерсіз? Ол аталас, қандас, барлас Ақсақ Темір еді. Енді Рашид ад-Динге жүгінелік: «Тумбина хан – Шыңғыс ханның төртінші атасы. Оның ақылды, қабілетті әрі ержүрек тоғыз ұлы болды. Үшінші ұлы – Қажулы. Оның ұрпақтарынан барлас руы тарайды. …Алтыншы ұлы – Қабыл хан. Шыңғыс ханның шежіресі соған барады» (Жылнамалар жинағы. 4-том. 124-б. Ауд. З. Оразбай. 2016). Міне, Ақсақ Темір осы Қажулының ұрпағы, барлас. Ал Жалайыр Ахмет хан аталған Түмбине ханның алтыншы ұлы Қабыл ханның Құтұлы қағанынан өрбиді. Қос мықтыңа бұдан артық қандай туыстық қажет десеңізші?!

Содан Жалайыр мемлекетінің солтүстік иеліктерін (Хоросан, Мазендаран, Әзербайжан) басып алған Ақсақ Темір Бағдаттағы Ахмет ханның бағынуын талап етеді. Дүрілдеп тұрған Ахмет хан бұған қалай көнсін. Ахметтің иілмейтініне көзі жеткен Ақсақ Темір былай деп ақтық хатын жазады. «Патшаға тән ізгі ниетті, бақытты әрі игіліктерге бөленген, сұлу және атақ-даңқы жер жарған, жеңіс жалауын желбіреткен, ал әскері жеңімпаздық туымен ерекшеленіп, жүріп өткен жерінде мейірбандылық, қайырымдылық ізін қалдырған Ахмет Жалайыр келбеті шахқа лайық, аса бақытты, жолы болғыш жан еді. Ол даңқты жеңісінің айғағы ретінде Ширазға қайтып келгенінде, жеңілген Мансұр он мыңға жуық атты әскері мен өзін құрбандыққа шалып, жеңімпаздарға берілді де, әскерін таратты. Алайда, сен бүгін өзіңді өзің тани алмасаң, онда біз сенің тағыңды әрі жұлдызыңды танимыз. Бұйрық мынадай, тақтың қорғаушысы, жұлдыздай биік дәрежелі, бай да күшті, қуатты ғалам сарайына аяқпен емес, баспен тез арада жетіңдер, сарайдың шаңын көздеріңмен сүртіңдер. Сонда патшаға лайықты өліммен көз жұмасың деп үміттенеміз».

Жалайыр мемлекетінің ханы Ахмет Жалайырдың берген жауабы. «Өзінің қатыгездігімен, жауыздығымен танылған бейшара Темір, біліп қой, сенің сұрықсыз, әдепсіз хатың мен сорлы жаушың әлемнің жарылқаушысына, оның қасиетті табалдырығына жеткен бойда оны жай ғана қызметшілерімізге оқыттық. Бұл – бастан-аяқ қулық-сұмдыққа толы, өзін-өзі дәріптейтін мақтаншақ, әділетсіз және өзімшіл талапты білдіреді. Аяқ-қолдан айырылып, адасқан түлкінің арыстандай айбат шегіп, тексізді тектімен салыстырғысы келетіні таңырқатады. Біздің жұлдызы жарқыраған бағымыз бен тағымыздың атақ-даңқы ата-тегімізге байланысты, бір-бірімізбен мүлдем қабыспайды, бейне даладағы құмырсқалар тәрізді жырақ, алыс:

Атың желдей жүйрік, асау болса,

Онда ақсақ емес мен мінген қара жорға да!

Алланың кешіріміне бөленген Жеңімпаз Шаһ (әкесі Сұлтан Уәйіс хан) ханзадасының жеңіс жырындағы әр нәрсе, әрине, бұл асыл құндылықтардың барша мән-маңызын анықтайтын, нені қаласа соны өшіріп тастайтын, әр нәрсенің мерзімін белгілейтін Алланың ең ұлы Кітабында жазулы әрі тіркеулі. Осылайша, Жаратушы иеміздің құзырындағы бұл Кітап барлық жазбалардың, кітаптардың анасы, қайнар көзі. Ендеше ондағыдан басқа, мысалы, «аяқпен емес, баспен келіңдер» деген тәрізді жазулар оның Ұлы Кітабының алдына шыға алмайды. Күшіміз жетсе, бағынбаспыз, ал оған қарама-қайшы жағдай болса, онда мезгілінен бұрын қашпау пайғамбардың сүннеті, залымдарды келген жеріне қайтаруды қолдап, әмір береміз және соған тырысамыз».

Бұл хаттан соң да екеуі жиырма жыл бойына небір қанды шайқастарды бастан өткереді. Бірін-бірі ала алмайды. Күшпен көндіре алмасына әбден көзі жеткен Ақсақ Темір оған тыңшы ретінде өзінің сенімді әмірлерінің бірі Шируанды жібереді. Оның тыңшы екендігі аяқ асты әйгіленіп, басы алынады. Осыдан соң аралары бұрынғыдан да ушығып, екеуі ашық жауласады. Болмаған соң Ахмет хан – Ақсақ Темірді жекпе-жекке шақырады. Ақсақ Темірді сарайындағылар шығармай қояды. 1395 жылы Ахмет хан Мысырдан оралып, Бағдатты қайталай өзіне қаратады. Сонымен несін айтасыз, Шыңғыс қағанның бесінші атасы Байсұңқардан тараған қандас қос қыран бірін-бірі ала алмайды. Ұзын-ырғасы жиырма жылға созылған соғыс 1406 жылы Ақсақ Темір Отырарда қайтыс болды деген хабар жеткеннен кейін ғана доғарылады.

Әрине, осыншама уақыт бойына үздіксіз жүргізілген арпалыс Жалайыр мемлекетінің күшін әлсіретіп кеткен еді. Осы сәтті тиімді пайдаланған  Ахмет ханның одақтасы қарақойлылықтар тайпасының әмірі Қара Жүсіп Әзербайжан мен Иранға шабуыл жасайды. Бұл дүрбелең бес-алты жылға созылады. 1412 жылы қаһарман Ахмет хан ұрыс даласында қаза табады. Оның інілері мен немерелері басшылықты алма-кезек қолға алып, ел түтінін түзу шығара береді. Тарихшы О. Исмаиловтың бұл реттегі баяны: «Ахмет ханның Ала-Алдаулях, Мәлік-Тағыр, Ақбұқа және Әли-Алшағыр есімді төрт ұлы болған еді. Соның бірі Әли-Алшағыр (1385-1435) ерлігіне қоса елшілікке бейім болған. Алтын Ордаға барып, Тоқтамыспен келіссөздер жүргізген. Содан 1390 жылдар шамасында жалайырлардың бір бөлігі Бағдаттан Еділ-Жайық өзендерінің бойына қоныс аударады. Бұлардың ішінде ханзада  Әли-Алшағыр да бар еді. Алтын Орда сардарларының сапында ерліктің үлгісін көрсеткен ол әрі қолбасшы, әрі би дәрежесіне көтеріледі. Осы Әли-Алшағырдан 1420 жылы Қазақ хандығын жанкештілікпен құрысқан Орақты батыр дүниеге келді (Жалайыр Орақты батыр.  Алматы.  2023).

Түптеп келгенде, елхандық жалайырлар Иран, Ирак, Кұрдстан және Әзербайжан, Грузия  жерінде (1335-1432) 97 жыл билік құрды. Аббасидтер мен қандықол исмаилиттерді талқандаған соң Ауғаныстаннан Иракқа дейін созылып жатқан кең-байтақ жерге иелік етті. Жалайыр билігі басталысымен Иракқа жан-жақтан түркітектестер көптеп келе бастады. Бірден бәрі әскерге алынды. Әдебиет пен өнердің көкжиегі кеңейді, діни қатынастар жетілдіріліп, қала-сәулет  құрылысы өркениеттік деңгейге көтерілді.

Сүйсінерлігі сол, Жалайырлар әулеті билігінің әділеттігі мен кемелдігі жер-жаһанға тараған. Өйткені осынау биліктің қарамағында ғұмыр кешкен мемлекеттердің бәрі де өркендеп, өркениет көшінен қалмаған. Қаншама экономикалық және соғыс ауыртпалықтарына қарамастан Иранның мәдениеті мен өнерінің, әдебиеті мен сәулетінің, әлеуметтік салаларының дамуына ден қойылған. Айтулы ілгерілеушілікке қол жеткізген. Парсы поэзиясының ең озық үлгілері мен інжу-маржандары осы кезде түзілген. Сол себепті де қазірге дейін парсылықтар жалайырлар билігі дәуірін елдің бір ерекше тынысы ашылып, биікке самғаған уақыты еді деп ризашылықпен еске түсіреді. Әрі тарихтарына таңбалап жазып та қойған!

Көп тіл білудің артықтығы жоқ. Мәселе жеті жұрттың тілін білсең де, соларды өз ұлтыңның алға қойған асыл мұраттарына қол жеткізуге қолдана білуде. Жаңа дәуірге дейінгі тарихымызда бірнеше тілді жетік меңгерген Алып Ер Тоңға, Шу батыр бабаларымызды былай қойғанда, біздің эрамыздағы Аттила (Еділ батыр), Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, әл-Фараби, генералиссимус Мұқалы, Ирак пен Иранды билеген Ұлы Хасан шейх, Мысырды қол астында ұстаған Сұлтан Бейбарыс, тарихшыларымыз – Жамал Қаршы, Қадырғали Жалайыри, Мұхаммед Хайдар Дулати, Шоқан Уәлиханов, кешегі Алаш арыстары көп тіл арқылы игерген теңіздей білімдерін елдің игілігіне, келер ұрпақтың қамына жаратты! Қазір де осы жарқын өнеге полиглот Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев үлгісімен өзіндік өрісін табуда!

Адамзат әдебиетінің алыбы Л.Н.Толстой сонау 1910 жылы: «Казахский язык должен стать мировым языком. Настанет время (и оно не за горами) – казахский язык начнут изучать по всем меридианам земного шара!» деп толайым тұжырымдағанда да біз жоғарыда тілге тиек еткен дәйектемелерге сүйенген еді. Дегенмен, әулие екен. Тәңірім тарту еткен қаршадай бір Димашымыздың арқасында Жапонияңыздан бастап Мексикаға дейінгі аралықта қазақ тілін үйрету орталықтары үстін-үстіне ашылу үстінде! Осы үрдіс толқынында ондаған ғасырлар жүлгесінде Еуразияның халықаралық тілі болған қалпына қайта айналмақ! Елімізде бірінші сыныпқа барған балалардың 70 пайызы қазақ мектебін қаласа, Ұлттық бірыңғай тестілеуді түлектердің 80 пайызы мемлекеттік тілде тапсыруда. Осының бәрі, түптеп келгенде, ықылым заманалардан бері тағдыр тәлкегіне батылдығы мен байыбын, ақыл-парасатын қалқан етіп, мынау Ұлы Даланы, барша ұлттық құндылықтарымызды мирас етіп қалдыра білген, Ел еңсесін түсірмеген байтақ бабаларымыздың арқасы!

 

Әміре ӘРІН
Бүкіләлемдік Шыңғысхан академиясының, Қазақстан Журналистика академиясының академигі

Қатысты жаңалықтар

TopIQ.kz: оқушылар неге бұл платформаны таңдап жүр?

TopIQ.kz: оқушылар неге бұл платформаны таңдап жүр?

26.06.2026
Журналистер құрмет төрінде

Журналистер құрмет төрінде

26.06.2026
Әке беделі – ұлт беріктігінің тұғыры

Әке беделі – ұлт беріктігінің тұғыры

26.06.2026
7-сыныпқа дейін смартфонға шектеу қойылмақ

7-сыныпқа дейін смартфонға шектеу қойылмақ

26.06.2026
AI Opportunity Partnership: Еліміздің технологиялық дамуына жаңа серпін

AI Opportunity Partnership: Еліміздің технологиялық дамуына жаңа серпін

26.06.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.