Талдықорған: +23°C
$ 462.91
€ 542.16
₽ 6.16
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР ЖАНСАРАЙ

ҚАЛАМЫ ҚУАТТЫ, ЖАН ДҮНИЕСІ ШУАҚТЫ

20.08.2019
ЖАНСАРАЙ
ҚАЛАМЫ ҚУАТТЫ, ЖАН ДҮНИЕСІ ШУАҚТЫ
WhatsAppTelegramFacebook

Журналист мамандығына адал қалпында басшылық баспалдағымен қызмет бабында өскен Кәкімжан аға Қазыбаевтың жарқын бейнесі жадымыздан өшпейді.  Биыл туғанына 90 жыл толған мақтан тұтар  жерлесіміздің журналистік қырын қаламдастарының бағасы арқылы оқырмандармен жете таныстырғанды жөн көріп отырмыз.

1978 – 1983 жылдар аралығында Қазақтың С. М. Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистік факультетінде оқып жүрген біздің тәлім алар тұлғаларымыздың қатарында Кәкімжан ағаның есімі аталатын. Кезінде «Лениншіл жаста» жалынды публицистикасымен, деректі туындыларымен жарқ етіп көрінген қаламгер ағамыз Алматы облыстық «Жетісу» газеті редакторының орынбасарлығынан Қазақстан Орталық Комитетінің аппаратына жауапты жұмысқа шақырылған. Екі басылымда белгілі бір орында табаны күректей жиырма жыл отырған Кәкеңнің партиялық қызметке барысымен жұлдызы жарқырап шыға келеді. Араға санаулы жылдар салып, Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, Қаз ТАГ-тың бас директоры болып, Қазақстан КП Орталық комитетінің хатшылығына дейін көтерілді. Қызмет баспалдағымен қанша биіктегенімен де кішіпейілділік, кісілік келбеті өзгермегенін ол кісімен тұстас ұстаздарымыз ұдайы айтып отыратын. Сонымен қатар бізден бірер курс төмен оқыған Бекен Нұрахметовтің ағаның туған жиені екенін естіп, қаламгерліктен қайраткерлікке дейін өскен Кәкімжан ағаның  үйдегі бітім-болмысы жөнінде білгіміз келіп, жақын тартып пікірлесіп жүретініміз де есімде. 
Сарқан ауданының үлкен-кішісі Кәкімжан ағаның кісілік келбетін өнеге тұтып жүреді. Кезінде өзі ақ батасын алған Бауыржан Момыш-    ұлының ұлы Бақытжан мен келіні Зейнепті, замандас әрі қаламдас досы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза бастаған қазақтың белгілі қаламгерлерін ертіп келіп Бақалыда, Қойлықта оқырмандармен жүздесіп, туған жерінің тамылжыған табиғатын тамашалағанын көзкөргендер әлі де тамсана әңгімелейді. Абзал ағаның тірлік сапары шектелгеннен кейін 70 жылдығы республика көлемінде аталып, туған жерінде оқырмандар конференциясы өткізілгенде, Қойлық ауылындағы К. Қазыбаев атындағы мәдениет сарайының алдына кеуде мүсіні орнатылғанда осы іс-шаралардың бел ортасында жүріп, аға буын ақын-жазушылардың көзі кетсе де көңілден өшпеген Кәкімжан аға жайындағы есті естеліктерін тыңдаған едік. 
Кәкімжан Қазыбаевтың Орталық Комитет хатшылығынан қазақ халқының мүддесі үшін босағандығы жайында дерек бар. Сол замандағы өктем Мәскеудің «Ақмола немістердің автономиясы болу керек» деген өзімбілемдігіне қарсылық білдіріп, қызметін қиғанымен де қазақтың бағын сақтап қалуға игі ықпалын тигізгендігін ағамыздың іштей медеу тұтқаны анық. Халқымыздың мақтан тұтар перзенттерінің басына 1986-1987 жылдары  бұлт үйірілгенде де қарсылығын қаймықпай білдіргендігін әріптестері ұмыта қойған жоқ. Әрине, қаламгер-қайраткер ғұмырының ертерек шектелуіне осындай саяси-идеологиялық айтыс-тартыстардың зардабы тигені сөзсіз.  
«Оңайдан тапқан – оңғақ, қиыннан тапқан – қымбат» дегендей, журналистік кәсіп оңайлықпен дарымайтын, қиыннан табылатын қымбат өнердің бірі десек асырып айтқандық бола қоймас, – дейді аға жөніндегі естелігінде қарт қаламгер Әбдуәли Қарағұлов. – Ал осындай мәртебелі міндет журналисті шарқ  ұрып ізденуге, өмір дариясына терең бойлап, еңбектенуге үйретеді. Мұндай ұмтылыста журналист қаламдас жолдастарымен шығармашылық сайысқа түсіп, тапқан-таянғанын сарапқа салады. Осындай екшеуден өтіп, оның қаламынан шыққан материал редакция ұжымының қазанында қайнап, газет бетінде жарияланады да ұжымдық еңбек сипатына ие болады». 
Осы пікірдің иесі Әбдуәли аға «Жетісу» газетіне 1959 жылы редактор болып келіп, сол кезде жасы отыздар шамасындағы уылжыған жас журналист Қазыбаевты «Лениншіл жас» газетіндегі қызметінен редактордың орынбасарлығына шақырады.  Талантты азамат мұнда журналистердің шығармашылық кеңесін құрып, «Қызықты ойлар сағатын» ұйымдастырады. Бұл кеңестің апта сайынғы лездемеден айырмашылығы мол еді. Газетке шығып кеткен материалдар жөнінде пікір алысудан басқа өскелең талап тұрғысынан келер күнге ой жүгіртіп, журналисті үздіксіз ізденуге жетелейді. Облыстық газетті республикалық газеттердің деңгейіне көтеру мақсатында ұжымдық ізденіс жалғасын тауып, оқырманды тартатын тағылымдық, танымдық материалдардың жиі берілгендігін көнекөздер әлі күнге дейін ұмытпай айтып отырады. 
Кәкімжан Қазыбаевтың журналистік қызметі басталған «Лениншіл жаста» өзіндік ізі қалды. Оның әріптес досы Сапар Байжановқа жазған хаттарынан ізденгіштігі, ертеңге деген нық сенімі анық байқалады. «Сапар! Сәлем. Бұл хатты мен саған Қостанай қаласынан жазып отырмын, – дейді ол 1957 жылғы 20 сәуірде жазылған хатында. – 25 наурызда редакциядан алты адам жан-жаққа командировкаға шыққан болатынбыз. Мен әлі сол Қостанайдамын. Кеше Ұзынкөл, Меңдіқара, Зотобол аудандарын аралап келдім. Білмейтін дүниеміз көп екен. Оқығаның, естігенің көргендей болмайды екен. 
Біздің мамандықтың бір тамашасы сол, түрлі нәрсені білуді талап етеді ғой. МТС-қа барсаң оның жұмыс құрылысы жөнінде түсінігің болмаса сөйлесе аласың ба, сауда қызметкерлеріне, болмаса сауда орнына кездестің дейік, сол істен ептеп-септеп хабарың болмаса сөйлесе аласың ба? Әрине, қиын түседі. Осындай ерекшеліктерін ескеріп келгенде өз мамандығыңа сүйінесің. Жалқау болсаң да сені өз еркіңнен тыс, әйтеуір алға итермелейді. Көп нәрсені білуге жетелейді. Өмірден үйрен деп итермелейді. Мұнысы енді тамаша-ақ. Мақтаныш болмасын, осы жолы ауылшаруашылығының көптеген істерімен танысып қалдым. Шамам келгенше көрген нәрсемді тәптіштеп білуге тырысып жүрмін-ау…» 
Хаттардың айтары мол. Хат авторының өз мамандығына деген сүйіспеншілігі әрбір жолынан менмұндалап тұр. Қанша жылдар өтсе де жас журналистерге таптырмайтын қағида сияқты.  
Қатарластары журналист Кәкімжанның шапшаң жазатынын, өнікті жазатынын жарыса айтады. Қолжазбасында шиырылған шимай-шатпақтар бола бермейтін көрінеді. Ой ырқына ерік беріп, қиналмай, күшенбей еркін де жеңіл жазатынын айтады. Екінші бір айрықша қасиеті – сөйлемдері шұбалаңқы емес, қысқа орамды, нақпа-нақ, көңілге қонымды өрілетін деседі. Осының барлығы да біздер үшін кезінде де, қазір де үлгі болып келеді. 
«Әмбебап білгірлігі мен іскерлігі, жазуға салсаң жазуға, аудармаға салсаң аудармаға, макетке салсаң макетке ұста, әрі қаламы ұшқыр, әрі мінезге бай, ұйымдастыру жұмысына бекем кемел қасиеттері оның айналасында сүйкімді, беделді болуына, биік тұғырларға көтерілуіне кепіл болғаны күмәнсіз», – дейді көрнекті жазушы, журналист Сапар Байжанов.  
Батыр Бауыржан Момышұлының кеңесімен Кәкімжан ағаның 1956 жылы «Лениншіл жас» газетінде Рақымжан Қошқарбаев туралы очерк жазуы Рейхстагқа алғаш ту тіккен өз Батырымызбен табыстырды. Алғашқы очеркін тың деректермен толықтырып Қошқарбаев туралы кітап та жазылды. Рейхстагқа ту тігілген Жеңіс күнінен бері 54 жыл өткен соң барып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Рахымжан Қошқарбаевқа Халық Қаһарманы атағы берілді.  
Кәкімжан ағаның ұрпаққа өнегесі қалды. Есімі ел есінде. Алматыда, Талдықорғанда, туған жері Ақсу-Сарқанда көше атаулары бар. Бақалыдағы орта мектеп, Қойлықтағы Мәдениет сарайы, туған ауылы Ағарту Кәкімжан Қазыбаев атында. Қойлықтағы Мәдениет сарайының алдындағы қаламгер – қайраткердің мүсіні ел есіндегі азаматтардың ұмытылмайтындығының айғағы. 
Жылдар жылжып, арада ай аунасын,
Белгілі Сіздей тұлға таба алмасым,
Сіз жазған асыл сөзге қана алмасым.
Ұмытпай еске алады ел қайраткерін,
Уақытқа сыр бермейтін ақ алмасым.

Жылдар жылжып ғасырға жалғасса да,
Дарынсыздың мұрасын шаң басса да,
Өлермен атақ-даңққа жармасса да.
Жазғандарың жұртыңа азық болды,
Сан құбылып бұл қоғам алмасса  да.

Азаматсың жалғанға бұрылмаған,
Бағытыңды бұзбады құйын заман,
Ұмыттырмас ұршық-күн зырылдаған.
Орталық Комитетке хатшы болу
Кез келген қаламгерге бұйырмаған.

Ақылыңа жүріпті ұйып көрген,
Алға адаспай бастады тұнық зердең,
Қолтаңбаңды көреміз ірі істерден.
Халқың қалай ұмытсын төл перзентін
Елдің сөзін сөйлеген биік төрден.

Асыл сөзбен ұрпаққа жайдың кілем,
Кіл тосын тақырыпқа салдың түрен,
Шәкірттерің тасындай сайдың кілең.
Есті ағасын ұмытпай еске алады,
Жұрт жадында мәңгілік қалдың, білем.

Жомарт ИГІМАН,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Қатысты жаңалықтар

Жетісу облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы тағайындалды

Жетісу облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы тағайындалды

04.05.2026
Балқаш жағалауындағы заңсыз иеленген жерлер мемлекетке қайтарылды

Балқаш жағалауындағы заңсыз иеленген жерлер мемлекетке қайтарылды

04.05.2026
Жетісуда 300 шақырымнан астам суару каналы жөнделуде

Жетісуда 300 шақырымнан астам суару каналы жөнделуде

04.05.2026
Дәрігер даярлаудың жаңа жүйесі: ДСМ реформаның мәнін түсіндірді

Дәрігер даярлаудың жаңа жүйесі: ДСМ реформаның мәнін түсіндірді

04.05.2026
Мобильді аударымдар: Мамыр айынан бастап кімдерге ескерту келеді?

Мобильді аударымдар: Мамыр айынан бастап кімдерге ескерту келеді?

04.05.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.