Жарықтық жылқы малы есті ғой. Боран мен ұйытқыған қарға қарамай алға қарай ентелейді. Өмірбай қасқыр ішік киіп, бас киімінің маңдайшасын түсіріп, алдыға қырын қарап шылбырды сілкіп қояды. Омбылаған қарда жүру қанша қиын болса да ат өршеленіп келеді. Әлия медбике шалының қалқасына жайғасып, малды ауылға аман жетуді тілеп отыр. Көңілде қорқыныш та жоқ емес. Боранның уілі мен қасқырдың ұлыған дауысы кезек естіледі. Бірақ, шопан шаңырағындағы қос жүректің лүпілін тоқтатпаймыз деген жігер күш береді. Бірде ат жол іздеді ме, жоқ, қауіптен сақтанды ма, тоғайға қарай бұрылды. Атының сырын білетін жылқышы шылбырды сәл босатты. Шанадағы екі адамды барар жеріне аман жеткізуді діттеген текті мал тоғай ішіндегі ықтасынмен жүріп, қыстауға тікесінен тартты. Үш тіршілік иесі бірін-бірі ойша түсініп келеді. Көп ұзамай алыстан сығырайған шамның жарығын көрді. Малдың осқырынған, иттің үрген дауысы қорқынышты сейілткендей болды. Жағдай Әлия Бұқарбайқызының құлағына тисе келмей қоймайтынын білетін үй ішіндегілер бұларды елеңдеп күтіп отыр екен. Медбике жылдамдатып әлі таусыла бастаған келіншекке көмектесе бастады. Үйдегілерді көршісіне жіберіп, тезірек арқан тартқызып, толғақ қысқан әйелді қазақы тәсілмен босандыруға кірісті. Қорқыныш пен алаңдаушылықтан есі шығып, үмітінен күдігі жеңе бастаған келіншек дәрігердің ақылын тыңдап, тұңғышын аман-есен босануға күш салды. Әлия тәтесіне жалынышты көзбен қарап, бар сенерім сізсіз дегенді жанарымен ұғындырады. Тездетіп босандырмаса әйел есінен тануы мүмкін. Жоқ, босанады. Дәрігер өз-өзін іштей жігерлендіреді. Бірақ, келіншекке сыр білдірмей, басын изеп, қорықпа, бәрі жақсы болады деген белгі береді.
Бар әдіс-тәсілін қолданған Әлия баланы аман-есен туғызып алды. Нәрестені қолына алғанда қиындықтың артта қалғанын сезініп, өзінің де көңілі босап кетті. Мамандығы дәрігер болғанымен жаны нәзік әйел ғой. Жарық дүниеге іңгәлап кесте тігер келді. Баланың жылаған дауысы қорқыныш пен күдікті сейілтіп, жарық дүниені жайнатып жіберді. Сөйтіп, Әлия фельдшер бір шаңырақтың үмітін қайта жақты. Үлкен-кіші дәрігерге алғысын жаудырып, бала-шағаңның қызығын көр деп батасын берді. Бәрінің езуіне күлкі үйіріліп, сүйіншілеген жұрт мәре-сәре болып жатты.
Бұл бір ғана жағдай. Оның өмірінде мұндай жәйттар жиі кездесті. Ең қиыны, осындайда орталық ауруханаға жеткізетін көліктің болмай қалатыны.
Бірде жайлауда сауыншы әйелді жылан шағып алады. Сол кезде Әлия ойлануға уақыт оздырмай жыланның тілі тиген жерді ұстарамен ойып, кесіп тастаған екен. Себебі, жылан уы жайылса әйелді аман алып қалу мүмкін емес еді. Батылдық емей немене?! Малды ауылда оқыс жағдай жиі болады. Аттан құлау, жылан шағу, аязда үсу. Бір өзінде бір аурухана мамандарының күші, білімі болуы керек. Кез келген жағдайда өзіне ғана сенуге тура келеді. Көлік шақырам, құрал-жабдық жеткіліксіз деп тұра алмайсың. Міне, бүгінде сексенді алқымдаған Әлия ана, Әлия апа көптің алғысымен көгеріп, көктеп отыр.
Әлия ана Сәкен есімді ұл, Айгүл есімді қыз өсірді. Қос перзентінен тараған ұрпақтың тәтті күлкісімен өмірі нұрлы. Немерелері Жандос, Санжар, Диас, Ілияс, шөберелері Әсима, Әміре, Айла өмірінің мәні, сәні. Елдің алғысымен тамырын тереңге жайып отыр. Адал еңбек абыройға жетеледі. Ақсу, Қапал жұрты оны ерекше құрмет тұтады. Себебі, Әлия Бұқарбайқызы сынды дәрігерлердің арқасында екпе уақытында салынып, жұқпа тарамай, тұмау жайламай, ел-жұрт өсіп-өнді. Кіндік балалары бір рулы елге айналды. Ол қоғамдық жұмыстан да қалыс қалып көрмеген. Ауыл-аймақ, ағайын-туыстың мәселелерінің бел ортасында жүреді. Керек жерде билік пен қарапайым халықтың ортасына алтын көпір де бола біледі. Қазір де көшеге асфальт тартқызу, жарықшам орнату, су тартқызу сынды мәселелердің шешілуіне ұйытқы. Ұрпақтары да өзіндей еңбекқор болып өсіп келеді. Әлия Сәбитованың өнегелі өмірі көпке үлгі.
Гүлжан ТҰРСЫН