Сәуле Жансерікқызының ана мен бала өміріне жауапты жұмысты атқарып келе жатқанына 40 жылға жуықтапты. Ол 1966 жылдың 7 ақпанында Қаратал ауданының Елтай ауылында дүниеге келген. Сол ауылда мектепті тамамдап, 1983 жылы Талдықорған қаласындағы медициналық училищеге «Акушерлік ісі» мамандығы бойынша оқуға түседі. 1987 жылы оқуын аяқтаған соң Ескелді би ауылына қоныс аударып, акушер болып жұмысқа орналасады. Содан бері ол медицина саласына 38 жылын арнап, сәбилердің жарық дүниеге келуіне көмектесіп, әйелдердің денсаулығын сақтауға үлес қосып келеді.
– Ақ халат кию бала күнгі арманым болды. Мектепте шығарма жазғанда да дәрігер болғым келеді деп жазатынмын. Арманым орындалып, сүйікті жұмысымды істеп жүрмін. Бүгінде менің учаскемде 9 аяғы ауыр әйел бар. Ана мен бала денсаулығы басты назарымызда, – дейді кейіпкеріміз.
Медицина саласында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан алтын қолды ақ халатты абзал жан құрметтің ең биігіне лайық.
– Осыдан 10 жыл бұрын алғашқы балам дүниеге келді. Содан бері Сәуле Жансерікқызының бақылауындамын. Уақытылы скринингқа жіберіп, жақсы қарайды. Қазір төртінші балама аяғым ауыр. Анаға бар мейірімін төгіп, жылы сөздерін аямайтын дәрігеріміздің арқасында жүктілігім жақсы өтуде, – дейді Жібек Тұрашова.
Анасының жолын жалғаған ұлы Сергей Югай да медицина саласында қызмет атқаруда. Сергей Ескелді би ауылындағы мектепті аяқтап, 2015 жылы анасының ізімен С. Асфендияров атындағы Қаз-ҰМУ-ге оқуға түседі. 2022 жылы жалпы тәжірибе дәрігері атанып, кейін «Анестезиология және реаниматология» бағыты бойынша резидентураға грантқа қабылданады. Қазіргі таңда Сергей Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының реанимация бөлімінде жұмыс істейді.
Айдар ҚАЛИЕВ
Қаратал ауданы