Өткен ғасырдың соңына қарай жүргізілген оңтайландыру шарасына байланысты таратылған аудан орталықтарының көпшілігі күйзеліске ұшырады. Бұған дейінгі тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқан елді мекендер тұрғындарының дені жұмыссыз қалып, қалалық жерлерге ағылды. Басшылар назары түсе қоймағандығы себепті ауызсусыз, жарықсыз қалған ауылдар да болды.
Бір жақсысы, таратылған Күрті ауданының орталығы болған Ақши ауылы мұндай үлкен күйзеліске ұшырамады. Қызметте болған азаматтардың біразы жан-жаққа көшкенімен елді мекен тіршілігінде айтарлықтай өзгеріс бола қойған жоқ. Керісінше, босаған үйлерге атамекенді аңсап келген қандастар қоныстанып, халық саны біртіндеп бұрынғысынан да көбейді. Ауызсумен, жарықпен қамту жайы да жақсара түскендей. «Ауылына қарап азаматын таны» дегендей, әлеуметтік жағдайдың қалыпты деңгейде қалуына негізінен осы ауылда, ауданда жауапты қызмет істеген азаматтар себеп болды. Бұл орайда кезінде Талдықорған өңірінде де басшылық қызмет атқарып, талай-талай жақсы істерге мұрындық болған қоғам, мемлекет қайраткері Серік Үмбетовтің есімін алдымен атап өтуге болады.
Өткен сенбіде Серік Әбікенұлының бастамасымен бұрындары ауданда қызмет істеген азаматтар мен ауылдың байырғы тұрғындары бас қосқан үлкен жиын өтті. Ресми түрде «Ауылға сағыныш» тақырыбындағы ән кеші» аталғанымен бұл жүздесудің аясы бұдан әлдеқайда кең болды. Ауылға, дәлірек айтатын болсақ Ақшиге, жалпы Күрті өңіріне деген сағынышын арқалап жеткен ағайын бір-бірімен қуана қауышты. Көп жылдар бойы бірлесе жұмыс істеп, тіршіліктің, небір жауапты қызметтердің қызығы мен қиындықтарын бастан өткізген қимас жандардың қауқылдасқан әңгімелері де жуық арада толастай қоймады.
Басқосу жиынын ашқан Серік Әбікенұлы өзінің жастық шағы өткен киелі Күрті жері мен елі жайында тебірене келе жан-жақтан сағынып жеткен құрметті қонақтардың аттарына жылы сөз айтып өтті. Сөз орайы келгенде мұндай қонақтардың қатарында кезінде осы ауданда басшылық қызметтер атқарған Нүсіпжан Нұрманбетов пен Жұмаділ Сатыбалдиев, Бегайдар Егінбаев, Ызғарбек Бектұрсынов, Әмір Күлмаханов, Балтағұл Молдақасымов, Жолтай Балтабеков, Әскербек Абаев, Ержанбек Нұрбеков, Алтынсара Өмірзақова, Ерғазы Қошанбеков, Күмісжан Байжан, Махаббат Бигелдиевтердің болғанын айта кетейік. Кезінде ауданды басқарған Бекболат Тұрысжанов пен Тастан Тоқсейітов сынды қариялар жастарының ұлғаюына байланысты бұл жолғы жиынға қатыса алмады.
– Ең алдымен бұл жиынның не үшін ұйымдастырылғанына тоқтала кетейін. Жаңа аттары аталып өткен ағаларымыз «Ақшидің, ондағы елдің жағдайы қалай? Жастық шағымыз өткен ауылды сағынып жүрміз, бір барып қайтқанымыз жөн болар еді» деген тілектерін білдірген болатын. Бүгінгі шара осы ағаларымыздың өтініші бойынша ұйымдастырылып отыр, – деп сөз бастаған Серік Әбікенұлы ауылдың көштен қалмай жұрт қатарлы күн кешіп отырғаны кезінде бақуатты тірлікке негіз қалаған осындай қайраткер азаматтардың арқасы екендігіне тоқталды.
– Өзімнің туған ауылымда 18 жылым өтсе, Күртіде 20 жыл қызмет істеппін. Сондықтан мен өзімді ақшилікпін деп есептеймін, әлі де осы ауылда тұрамын, – деген Серік Әбікенұлы жиынды ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрген, бүгінде Жетісу облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы қызметін атқаратын Ерғазы Қошанбеков пен облыстық мәслихат депутаты Махаббат Бигелдиевтің, Күрті ауылдық округінің әкімі Төлеген Омаровтың, басқосуды өткізуге атсалысқан Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев пен Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертастың аттарына жылы сөз айтып өтті.
Иә, 1972 жылы құрылып, ширек ғасыр ғана «ғұмыр кешкен» Күрті ауданы осында қызмет істеген жандардың қай-қайсына да ыстық. Шара барысында тұсауы кесілген «Күртіде өскен жандармыз» атты жаңа әннің мазмұн-мағынасы да осы тұжырымға саяды. Содан кейін де «Жастықпен қуып арман біз, бақ-дәулет іздеп барғанбыз. Кеңдігін көріп көңілдің, Күртіде қалған жандармыз» деген ән жолдары сағынышты көңілді тебірентпей қоймайды. Соған орай жүздесуде ән авторы ақын, журналист Шынәділ Мұқановқа құрмет көрсетілді.
Осы жерде мұндай таратылған аудандардың әр өңірде барлығы ойға оралмай қоймайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, таратылғаннан кейінгі жерде олардың көпшілігінің жағдайы нашарлап, күйзелісті күн кешті. Сондай кездері азаматтарын осындай жақсы іске жұмылдырып, игілікке ұйытқы болатын Үмбетовтей азаматтар әр өңірден табылып жатса, қаншама елді мекен соншалықты қиын жағдайда қалмас еді-ау деп те толғанасың. «Бес мың ауылды көтеретін бес мың іскер азамат табылса, қазақтың бесігі саналатын ауылдарымыз түгелдей көктеп, көгеріп кетпес пе еді?!» деген Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың арманы да сол кезде іске асар еді.
Үмбетов Алматы облысын басқарып тұрғанда да, басқа лауазымды қызметтер атқарған кездерінде де Ақшидің жағдайын есінен шығарған жоқ. Қай кезде де қамқорлығынан тыс қалдырмады, алыста жүргенде де аудан басшыларына тапсырма беріп, өтініш жасап тиісті жағдайларын жасап отырды. Содан кейін де ауыл тұрғындарына 70 шақырым жерден ауызсу жеткізуде, басқа да қажетті жайттармен жабдықтауда үзіліс болған емес. Ауыл көшелері жарықтандырылып, толықтай асфальтталып, бірқатарына тіпті тротуарлар да төселген. Бәсеке көп болғандықтан да шығар, дүкендерінің сөрелеріндегі азық-түліктің бағасы көп ретте Алматы қаласындағы бағалармен деңгейлес болып келеді. Ақши тұрғындары жерлес азаматты сондай бауырлық қасиеттері үшін де қадірлеп, айрықша ардақ тұтады.
Келген құрметті қонақтар атынан сөз алған Ызғарбек Бектұрсынұлы жылы жүздесуді ұйымдастырған азаматтарға шын көңілден шыққан алғысын арнады. «Ауылға жастар ие болуы тиіс. Бәріміз ауылды тастап кететін болсақ, ата-бабамыз қалдырған кең-байтақ өлкеге кім ие болады?» деген қайраткердің нық тұжырымы да көп көңілінен шықты.
Жүздесудің мәдени бағдарламасын көршілес Жамбыл ауданының «Сүйінбай сазы» этнофольклорлық ансамблінің өнерпаздары көтеріп алды. Онда басқа да ән-күйлермен қатар Күрті өңірі мен Ақши ауылына арналған әндер көптеп орындалды. Саят Медеуов секілді белгілі әншілер де жиналған көпшілікті өнерімен сусындатты.
Жиын соңынан жайылған дастарқан басында осы күнге дейін өмірден өткен азаматтардың рухына Құран бағышталып, еске алынды. Ақсақалдар ақ баталарын беріп, жас ұрпаққа деген ізгі тілектерін ақтарды. Көптен көріспеген күртілік ағайын келесі кездесуге аман жетейік деген ақ тілекпен қимай қоштасты. Олардың көңілдерін: «Бақ іздеп жүрсек алдан біз, Күртіні, мүмкін, таңдармыз. Бауырдай бәрі жатсынбас Ақшиден шыққан жандармыз» деген ән жолдары тербеп бара жатқандай еді.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
ардагер журналист