«Ауыл ақсақалы» деген абыройлы атақты ауылдастарының мойындауымен еншілеген, қайда барса да сый-сияпаты, құрметі алдынан шығатын ардагер азаматтар ауылдарда аз емес. Жаркент өңірінің жұрты еліне сіңірген еңбегі мен парасатын пайымдап, «Панфилов ауданының Құрметті азаматы» атандырған Үшарал ауылының тумасы, бүгінде осы округтегі еңбек ардагерлері ұйымының төрағасы Талғат Ибрайымов өмір сүрген ортасын ізгілікті ойларына, жақсы бастамаларына жүгіндірген азамат.
Шілде айының 6 күні мерейлі 75 жасқа толғалы отырған Талғат Әжітайұлы мерейтой қарсаңында өзінің электронды поштасына жан-жақтан келіп түскен құттықтаулар мен лебіздерді оқи отырып, көңілі толқыды. Мерейлі жасына ақ тілек арнаған барша ағайын-туыс, дос-жаран ыстық ықылас білдіріпті. Уақыт шіркін неткен жүрдек, кеше ғана жетпіске толғанында да тура осындай ақ тілектер тасқыны ағылып еді. Тіпті, сонау Астанадан студент кезінен таныс ағасы әрі сырлас досы, белгілі ақын Серік Тұрғымбекұлы өлең де арнаған болатын.
Тәлімін талайлардың ала білген,
Талғатжан, білем сені бала күннен.
Бозбала болсаң-дағы сол кездерде,
Қалпыңа қызығумен қарадым мен, – деп толғанып, Талғаттың өмір жолын түгел шолып шыққан болатын. Әсіресе әкесі мен әпкесі Зейнұрдың, марқұм жездесі Кеңшіліктің, ақиық ақын Мұқағали мен сырлы сазгер Нұрғисамен сырлас болғанын да Серік ақын өлеңмен әдемі әрлеп шығыпты.
Сонда Секеңнің өлеңі оның ойындағы асыл естеліктерді тізбектеп көз алдынан өткізді. Жездесі, белгілі ақын Кеңшілік Мырзабековтің шаңырағында қазақтың жақсы-жайсаңымен дәмдес болып, Сырбай, Ғафу ақындардың батасын алып, олардың қолына су құйған студенттік жастық шағы есіне түскен. Солардың алдында жезтаңдай әнші, саңлақ сазгер Дәнеш Рақышевтың әндерін орындағанда сыршыл ақын Сырбай Мәуленовтің көзіне жас алғаны да әлі күнге дейін сағыныш деген көңіл сандығының түбінде сақтаулы. Кеңшілік жездесіне ілесіп олар ауылға да келіп, жазиралы Жаркент өңірінің сұлу табиғатына сүйсініп, алып Әулиеағашқа арқаларын сүйеп, табиғат ғажабына тәу етіп қайтқаны бар.
Уақыт шіркін зымырап өте шығады екен-ау. Мектеп бітірген Талғаттың Алматы малдәрігерлік институтын «мал дәрігері» мамандығы бойынша бітіріп, жас маман болып ауылына оралғаны, марқұм Қанымқыздай сұлуды сүйіп, шаңырақ көтергені де күні кеше сияқты көрінетін. Содан бері де алпыс жылға жуық уақыт өтіпті.
Бұл айта салуға оңай болғанымен бір адамның өмірі үшін аз уақыт емес. Ол 60-шы жылдардың соңына таман институтты тамамдап, жоғары білімді маман деген диплом алып ауылға қызметке келгенінде республиканың барлық аймақтарында шаруашылықты жаңа үрдісте дамытып, мал тұқымын асылдандыру бастамалары бел ала бастаған болатын. Бұл іс қашан да жаңалыққа сергек сезіммен білек сыбана кірісетін Панфилов ауданында үлкен дүбірлі дүрмекке ұласқан. Осы тұста өңірде интенсивті әдіспен бір орталықта қой бордақылайтын комсомол бригадалары құрыла бастады. Жігері тасыған жас маманның да іздегені осындай еңбектегі дүбірлі дүрмек болатын. Ұжымшар басқармасы оған бірден зоотехник-селекционер қызметін ұсынды. Бұл қызметті ол он жылға жуық атқарды.
Сөйтіп ол ұжымдық шаруашылық іріленіп қайта құрылғаннан бастап мал шаруашылығымен шұғылданып келе жатқан әкесі Әжітаймен, өңірдегі мал шаруашылығының мамандарымен ақылдаса отырып, асыл тұқымды қой санын көбейту ісін қолға алды. Ол үшін Мәскеудегі ғалымдармен кеңесіп, озық технологиямен жарақтанып қайтқаны бар. Өнімі мол, асыл тұқымды мал басын көбейту үшін оның азықтық рационын зоотехникалық талапқа сай әзірлеу жұмыстарын жедел қолға алды. Тиянақты жұмыс жақсы нәтиже беріп, ұжымшардың табыс көзі артты. Ұжымшар еңбеккерлері бесжылдық қорытындысы бойынша республиканың, одақтың ауыспалы жарыс туын бірнеше мәрте жеңіп алды.
1981-1988 жылдар аралығында «Үшарал» ұжымшарында бас зоотехник, шаруашылық басшысының өндірістік істер жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған Талғат Әжітайұлы көпке үлгі болды. Білікті, тәжірибелі маман туралы естіген аудан басшылары Талғатты аудандық аумақтық инспекцияға мал шаруашылығын асылдандыру жөніндегі бас маман-инспектор қызметіне шақырды. Өңірдегі мал шаруашылығын өркендетуге сүбелі үлесін қосқан маман қайда еңбек етсе де іскерлігімен, біліктілігімен көзге түсті. Көп уақыт өтпей-ақ Талғат Ибрайымовтың іс-тәжірибесі ауданнан асып, асыл тұқымды мал басын көбейту мен оларға берілетін мал азығының сапасын арттыру жөніндегі жаңашылдығы облыстың мал шаруашылығы саласы мамандарының басын қосқан семинар кеңеске арқау болды.
– Кіндік қаның тамған жеріңнің туының биік, абыройының асқақ болғаны үлкен мәртебе. Мен қайда жүрсем де өскен жерімді мақтан етіп келемін. Жазиралы Жаркент жері деп тегін айтылмаған ғой, біздің өңірдің топырағына шыбық қадай салсаң ол тамырын тереңге жайып, саялы ағаш болып шыға келеді. Мен үшін ауылымнан артық алтын бесік жоқ, – дейді еңбегімен ғана емес, өнегелі өмір жолымен де ауыл, аудан жұртына үлгі болып жүрген ел ағасы, Панфилов ауданының Құрметті азаматы, ауыл- шаруашылығы саласының үздігі Талғат Ибрайымов.
Әр ісін ауылы өнеге ететін Талғат Әжітайұлы жыл сайын қазан айында өтетін «Қарттар айлығы» қарсаңында ауыл тұрғындары арасында «Сағындырған әндер-ай» атты әжелер мен келіндер байқауын және ауыл ақсақалдары арасында бата беруден жарыс өткізіп тұрады. Ел ішінде өтетін тойлардағы, нәзір-құзырдағы ақпа-төкпе ысырапшылдықты шектеп, сүндет той, тұсаукесер, тілашар, қыз ұзату, келін түсіру сияқты жақсылықтарды баяғыша ағайын-туғанның ортасында, тойхана іздеп қалаға сабылмай өз шаңырағында өткізуді, үнемшілдікті үйретеді. Ауылдағы ақсақалдар кеңесі осындай жиын-тойлардың, өлім-жітімнің ысырапсыз өтуіне мұрындық болып жүр. Жастар тәрбиесіне де ерекше көңіл бөледі.
Биыл Талғат Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ауылдағы мәдениет үйінен өлкетану мұражайын жасақтады. Соғыс және тыл ардагерлерінің суреттері мен өмірбаяны жазылған мұражайда ауыл мақтанышына айналған Кеңес Одағының батыры Қожахмет Тышқанбаев, Нұрбақыт Теңізбаев, Демеу Жадыраев сынды Олимпиада жеңімпаздары жайлы да деректер, еңбек озаттарының, «Үшарал» ұжымдық шаруашылығының жетістіктері де қамтылған.
Ауылдағы, ауданда өткізіліп жататын қандай да шарадан тыс қалмайтын Талғат Ибрайымов округтегі сайлау комиссиясының тұрақты төрағасы, қоғамдық кеңестің мүшесі, Үшарал орта мектебінде құрылған қамқоршылық кеңесінің төрағасы. Ауылдастар ұсынысымен Талғат Әжітайұлы биыл шыққан «Алтын адам» кітабына кірді. 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірген отағасы балаларының жоғары білім алуына көмектесіп, әр саланың білікті маманы атануына септесті. Балаларынан 16 немере сүйген ардақты ата байсалды қалпынан танбай, байыпты қарекет жасайтын, сөзі салмақты, ойы терең, жүрген ортасына парасат нұрын шашқан жан.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы