Миллиондаған ғаламшарлардың ортасында жылтылдай көзге түскен Құс жолы галактикасы арнайы телескоппен қарамаса оңайлықпен көріне қоймайды. Жарықтың жылдамдығымен өлшенетін шалғай қашықтықта жатқан осынау галактиканың бір пұшпағын ала сағатына 1700 шақырымдық жылдамдықпен заулаған Жер ғаламшары Жаратқан Алла Тағаланың адам баласына меншіктеп берген мекені. Жұтатын ауасы мөлдір, ішетін суы балдай, жайқалған бау-бақшасы мен шалғынды даласы төселген текемет пен кілемдей құлпырған, биік-биік шыңдары мен асқақ таулардың басына түскен аппақ қар мен мұз шақырайған күннің ыстығын басатын қасиетке ие. Төрт мезгілдің өзіне тән сұлулығы, көзді қызықтырар әсемдігі, нәпақа іздеген жан-жануар мен жәндік атаулыға ырыздық-несібе берер жомарттығы кімді де болса бей-жай қалдырмайды. Тұмса табиғатты көрген жанның көңілін шалқытып, қуанышқа, шаттыққа кенелтеді. Кейде терең тыныстап, көкжиекпен астасқан аспан әлеміне, шарбы бұлттары шудаланған көк жүзіне көз жіберіп тұрып іштей: «Мынау ғазиз дүние…», – деп сүйсінесің.
Еңбек – бәрін жеңбек. Әрбір еңбек бағалы! Біз еңбекқор ұлт болуымыз керек!
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті
Көктемде бүршік атып, гүл хауызын ашқаннан бастап, жапырақ жасыл тартып, жеміс-жидек уылжып піскен жаздың ыстығы түскеннен қара күз келгенге дейін жер бетін түрлі қалдық пен шөп-шалам басып, ластанады. Одан кейін ізін суытпай жететін қыстың қақаған аязы түскен қарға байланысты. Қар қалың болса қыс ұзақ, жұқа түссе жаз жаңбырлы келеді. Өз әсемдігімен әшекейленген жер бетінің тазалығын сақтау адам баласына жүктелген міндет. Алайда біз осынау ұлы міндетті ұмытып кете береміз.
Жер атты қасиетті мекендегі Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқан еліміздің аумағы дүниежүзінде ауқымдылығымен ерекшеленеді. Оның оңтүстік-шығысында жатқан Жетісу жері ежелден құнарлы топырағымен, жайлы табиғатымен танымал. Облыс орталығы Талдықорған қаласы көпшілікке жаңа сипатымен, биік үйлерімен, жарық көшелерімен, гүл жайнаған саябақтарымен әсем. Әсіресе соңғы 4-5 жылдың көлемінде облыс орталығының есімі күллі Қазақстанды тәнті етті деуге болады. Жаңадан ашылып, көпшіліктің игілігіне берілген нысандардың қатарында «Жастар» демалыс саябағы бар. Аумағы 11 гектардан астам жерді алып жатқан саябақтың жылдың төрт мезгілінде жаңаша сипатпен түрленуі ондағы күтіп-баптаушы мамандардың еншісінде. Онда да 25 адамнан құралған шағын ұжымның жетекшісі Ғазиз Меңліхановтың саябаққа сіңірген еңбегі ересен.
Жамбыл ауданының Бесмойнақ ауылында 1960 жылы дүниеге келген Ғазиз Ғадылханұлы ғұмырын агроөндірістік салаға арнаған жан. Алматыдағы Ауылшаруашылық институтын агроном мамандығы бойынша бітірген кейіпкеріміз еңбек жолын өз ауылында агроном болып бастаған. Дәнді дақылдар өсірудің қыры мен сырын тәжірибеде ұштастырған ол еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі қиын күндерде білімін жетілдіріп, заңгер мамандығын меңгеріп шығады. Содан кейін тағдырдың жазуымен түрлі салалардан нәпақа айырған Ғазиз Ғадылханұлы Талдықорған қаласына қоныс аударып, «Көркем Талдықорған» мемлекеттік коммуналдық шаруашылығына жұмысқа тұрады. Облыс орталығының көркі мен шырайын кіргізген «Жастар» демалыс саябағын көгалдандыру жұмысына кіріскен кейіпкеріміз күн демей, түн демей ауыр еңбектің көрігін қыздырып келеді. Қыста қар күреп, мұз оюдан танбайтын еңбеккерлер көктем мен жазда, күрең күзде саябақтың ауласын сыпырып, тазартып отырады. Одан бөлек, Қадырғали Жалайри бабамыздың ескерткішінің маңын, Балапанов–Қонаев көшелерінің қиылысына дейінгі аралықтағы аллеяны және Дінмұхамед Қонаев ескерткішінен «Иман» мешітіне дейінгі алқаптағы скверді таза ұстау саябақ қызметкерлерінің міндетіне кірген. Осылайша мемлекеттік және ұлттық мерекелерде демалыс көрмей, таңның атысынан кештің батысына дейін жұмыс істейтін жұмыскерлер елдің игілігіне қызмет етуді өздеріне бұлжымас міндет санайды. Содан да болар саябақ қызметкерлерінің жетекшісі Ғазиз Меңліханов аумақта орын алған әрбір келеңсіз оқиғаға алаңдап, жастардың көргенсіздігі мен бұзақылығына күйініп жүреді. Жақында «Жастар» демалыс саябағында орнатылған шарбақты шатырлардың оюлы темір керегесін әлдебіреулер сындырып, іске алғысыз етіп тастапты. Әрине, әркімді бағып, қадағалап отыра алмайсың. Соған қарамастан жүрісі күдікті, әрекеті астам, ниеті бұзық жандарды полиция қызметкеріне табыстауға мәжбүр болады екен. Әйтпесе, жағымсыз әдет қара күйе секілді, өзгелерге жұғып, саябақта ойнаған балалар үшін үйреншік іске айналады. Осылайша тәртіпсіз бала, ұятсыз ұрпақ өсіп шығады. Ондайды болдырмау үшін ересектердің арлы, иманды, ибалы, тәрбиелі болғаны керек.
Құдайға шүкір, «Жастар» демалыс саябағы ашылғалы бері спортты жанына серік еткен жандардың жиі келетін орнына, сырлы сезімдерін жасқана бір-біріне жеткізген жастардың сүйікті мекеніне айналды. Ондағы әуенді субұрқақтың айналасы жаз айларында түннің бір уағына дейін келушілерден босамайды. Тіпті, көрер таңды сонда атырып, бойындағы жастық жалынын әсерлі әуенге салған бозбалалар мен бойжеткендер үшін бірден-бір кездесу орнына айналғанын қалай жасырарсың?! Дегенмен, саябақты табиғи құбылыстар емес келушілер көп ластайды. Әрбір адамның артынан қалатын қоқыс пен шекілдеуіктің қабығын, шылым тұқылын, сіріңке шырпысын, пластик бөтелкелер мен стакандарды, дорбаларды, шыны құтылар мен қағаз қораптарды жинау қарапайым адам үшін үлкен жүк. Арнайы көрсетілген жәшіктер мен орындарға салудың орнына кейбір кісілер қолындағысын қалай болса солай тастап жүре беретіні өкінішті. Отырған жеріне түкірініп, қақырынып, айналаны аяусыз ластайтындар өзгенің еңбегін құрметтемейтіні, ауланы сыпырған қызметкерлерді қор көретіндігі кейде өкіндіреді. Алайда қоршаған ортасын, табиғатты ластауға құмар жандардың адамгершілігі, кісілігі, парасат-пайымы, дүниетанымы, білімі төмен екенін көргенде іштей шүкірлік қылып, тасталған қоқысты алуға кірісетін аула тазалаушылардың табанды еңбегі келеңсіз әрекеттің оңай ұмытылуына апарады. Сол арқылы өздерінің сабырлы қалпынан айнымаған қызметкерлері аумағы атшаптырым саябаққа ағаш көшеттерін, гүл шоқтарын отырғызуға кірісіп жатады.
– Биылғы күз біз үшін табысты болды. Қысқа уақыттың ішінде саябаққа Голландиядан әкелінген 60 мың тюльпан егіп тастадық. Құдай қаласа, көктемде, 8 Наурыз мерекесінің қарсаңында алқызыл түсті гүл жарқырып ашылып, мамыр айына дейін тұрады, – деген Ғазиз Ғадылханұлы жоспарланған жобаларымен бөлісті. – 1 Мамыр мерекесіне таман олардың бәрін алып тастап, орнына жаздық гүл отырғызбақпыз. Биылғы жазда саябақты көрген болсаңыздар байқаған шығарсыздар?! Қазақы ою-өрнекке ұқсатып гүлден кілем жасадық. Келер жазға салым сол жұмысымызды жандандырып, гүлден төр көрпе кейпін салмақпыз. Жиегіндегі оюы ақшыл түспен әдіптеліп, ортасы көкшіл гүлмен көмкеріліп, ұзынынан түсетін алқызыл қауызды гүлдер қошқармүйіз оюын сипаттайды. Осылайша көрген жанның көңілін қуанышқа бөлейді. Қазір үш орын дайын тұр. Соларды толық бітіріп, көпшіліктің назарына ұсынсақ «Жастар» саябағының шырайы кіре түседі. Келер жылдың жаңалығы осы. Мұндай жоба Талдықорғанда бұрын-соңды болған емес.
Әңгімелескен сайын кәсібилігі мен терең білімінен хабар бере түсетін кейіпкеріміз өз ісін жақсы көретінін жасырмайды. Атқарған қызметіне адал, берілген тапсырманы мүлтіксіз орындайтын маманға басқа саланың жетекшілері қызығып, басшылық қызметтерге шақырыпты. Алайда мәпелеп өсірген «Жастар» демалыс саябағының гүлденіп, көптің сұранысына қызмет еткенін көргісі келген Ғазиз Меңліханов ешқандай ұсынысқа келісім бермепті. Өйткені, қоршаған ортаның тазалығын сақтау, саябақтың гүлденуін көру оның басты арманы. Осы жолда жүріп, шағын ұжымның мүшелері жақсылыққа, қайырымдылыққа үйір екендігін айтқан кейіпкеріміз әрбір қызметкердің туған күнін ешқандай ішімдіксіз өткізетін айтып қалды. Одан бөлек, қаланың іргесіндегі Еркін ауылдық мешітімен бірлесіп, көптеген жандарға көмек қолын созып келеді. Соған орай мешіт имамдары «Жастар» демалыс саябағының жұмыскерлерін бірнеше рет марапаттапты.
Аяулы жары Шынар Бектенова екеуі Іңкәр, Ақжол, Уәлихан, Әділхан есімді 4 бала өсіріп, Ақнұр атты немере сүйіп отырған Меңліхановтар өмірлік бақытын еңбектен тапқан отбасы. Балаларының үлкені Іңкәр мен Ақжол бір-бір мамандықтың иесі, кішілері мектеп қабырғасында. Ұрпағының тәрбиесіне ерекше қарайтын отағасы Ғазиз Ғадылхан- ұлы балаларының көркем мінезді, сабырлы болуын ұдайы айтып, еңбектің қандай түрі болса да аянбай атқаруды табыстап отырады. Өйткені, сөзіміздің басында айтқан мынау ғазиз дүниенің кемелденуі адамзат өміріне тікелей байланысты. Ал адамды адам еткен еңбек екені тағы рас.
Мәди АЛЖАНБАЙ





