Бекен Ерденов ауылшаруашылығының майталман маманы еді. Ол Талдықорған облыстық ауылшаруашылық басқармасының орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Басшылық ету – саланы жан-жақты білетін, іскер, талапшыл, өз ісінің нағыз маманына ғана тапсырылатын міндет. Ауылшаруашылығы әрқилы тармақтардан құралады. Оның егін, мал шаруашылықтары бір-бір әлем. Оның сыртында төрт түліктің азығын дайындау, өнімді молайтудың жолдарын іздестіру, техникамен қамтамасыз ету, озық тәжірибелерді өндіріске енгізу сияқты ұйымдастыру жұмыстары жетіп артылады. Мұның ішінде мал шаруашылығы жыл он екі ай демалыссыз еңбек етуді талап етеді. Бекен Қасқарбекұлы бесаспап маман еді. Ол астық және мал шаруашылығын жетік білді. Сондықтан да ауылшаруашылық басқармасына жетекшілік етті. Бұл екі тармақ бірінсіз бірі дамымайтыны белгілі. Бірі ақсаса екіншісі де әлсірейді. Сондықтан да тізгінді тең ұстап отыру керек. Талдықорған өңірінде астық, жүгері, көпжылдық шөп, шабындықтар мал азығына пайдаланылады. Бекен Ерденов төрт түлікті өсіру үшін жерді уақытында жыртып, арпаны жер дымқыл кезде сеуіп, өнімді уақытында жинап алуды толыққанды меңгерді. Сондай-ақ, жоңышқаны төрт рет суарып, шауып, жинап алуға ерекше мән берді.
Бірнеше ауданда шаруашылық басқарған Бекен Ерденовтің бастаған ісі жалғасын тауып, ел игілігіне жарап келеді. Төрт түліктің басын көбейту басты мақсаты еді. Соның ішінде мал тұқымын асылдандырудың тиімділігін дәлелдеді. Қысы-жазы күтімді, дәрілеуді, жемшөпті қажет ететін малдан мол өнім алу басты қағида. 90- жылдары ірі қара сатылып, күтімсіз қалып, ұсақталып кетті. Асылтұқымды шаруашылықтар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында қалды. Заман өзгеріп, облыс қайта құрылғанда Бекен Ерденов аталық малды асылдандыруға көңіл бөлу керектігін мінберлерде айтып, бастама көтерді. Оның ұсынысы өміршең еді. Етті, сүтті бағыттағы мал өсірмесе шығынға белшеден бату қаупі төнетінін ескертті. Себебі, түлікке азық күндіз-түн, қысы-жазы керек. Оны бағу үшін көптеген маман, малшыға ақы төленеді. Мол өнім алу үшін тұқым асылдандырылуы тиіс. Осыны ол барынша дәлелдеді. Облыс басшылары мәселені қолдап, «Асыл» мал тұқымын асылдандыру орталығын ашты. Бұған шетелдерден асылтұқымды бұқалар әкелінді. Ендігі мәселе асылтұқымды малдың ұрығын шаруашылықтарға таратып, өңірдегі түліктердің сапасын жақсарту. Шаруа қожалықтарының қолдан ұрықтандыру шығындарын өтеуге қаражаты жете бермеуі мүмкін. Сондықтан бағдарламаны іске асыру үшін субсидия беру керек болды. Ол осы мәселелерді шешу, құжатын әзірлеу, аудандармен келісімшарт жасасу шаруаларына кірісіп кетті. Нәтижесінде етті, сүтті бағыттағы ірі қара өсірушілер мал тұқымын асылдандыруға қол жеткізді. Оларға мемлекет тарапынан субсидия берілді. Орталықтағы бағасы қымбат ірі қараны өсіруге мемлекеттен қаржы қарастырылды. Шаруашылық бүгінде жұмысын жалғастырып келеді.
Бекен Ерденов Сарқан ауданына қарасты Көкөзек шаруашылығында директорлық қызметке тағайындалысымен шопан ата тұқымын өз төлі есебінен көбейтуге көңіл бөлді. Бұл – ауыл халқын жұмыспен қамту үшін де қолайлы кәсіп. Атакәсіп – елге нәсіп. Пейіл болса алмайтын асу жоқ. Күн-түн еткен еңбек нәтижесін беріп, Көкөзек аудан тұрмақ, одаққа белгілі шаруашылыққа айналды. Төрт түлік саны өсіп, тұрғылықты халықтың жағдайы жақсарды. Өмірі мал шаруашылығымен өткен қазақ үшін қорадан отар қой өргізудің өзі бақыт. Мал – ас, мал – табыс, мал – береке. Өсіру бар да, оны ұқсата білу де керек. Берекесі тасыған ұжымшар басқаларға үлгі болып, өнімді арттырушылар саны көбейді. Бекен Ерденов табысты тасқындатқан малшы қауымына құрмет көрсетуді де назардан тыс қалдырмайтын. Шопандардың алды депутаттыққа сайланып, ел мүддесін шешер мәселелерге араласты.
Сол кезде шопан таяғын ұстаған Марғұлан қария: «Айналайын Бекен аңқылдаған ақкөңіл азамат еді ғой. Шаруашылық үшін барын салатын. Өзі де тыным тапайтын. Әсіресе, ауруға қарсы егу, қой тоғыту, қырқу, қыстық азығын дайындауға ерекше көңіл бөлетін. Қой төлдету науқанында қыстауларда жүретін. Нәтижесінде қозы-лақ шығынсыз өсетін. Содан шопан тойда малшыларға көл-көсір сыйлық беріп, мерейімізді өсіретін. Мен бір жылы төлді жақсы алғаным үшін мотоцикл алдым», – дейді жақсының жақсылығын айтып.
Ол «Асыл» асылтұқымды ірі қара орталығында жұмыс істейтін малшыларға да баспана салғызып берді. Себебі, үйі жоқтың күйі болмайтыны анық. Орталық ашылғалы ешқайда кетпей жұмыс істеп жатқан мамандар бар. Жақсы адам отбасында да, қызметте де жауапты болатыны анық. Бекен Ерденов адал жар, қамқор әке бола білді. Жары Мұнзира екеуі ел-жұртқа сыйлы еді. Бірін-бірі айтпай-ақ түсінісетін. Кез келген табысты азаматтың соңында ақылды әйел тұратыны белгілі. Мұнзира ошағының отын маздатып, шаңырақты шаттыққа бөледі. Оның тәрбиелеген шәкірттері қазір еліміздің беделді орындарында қызмет етеді. Әрқашан ұстаздарының кең жүрегі, білім нәрімен сусындатудағы ерекше тәсілі жайлы ілтипатпен айтады. Бекен аға жарының жақсылықтары жайлы жылы естеліктер жазып, ұрпағына қалдырды. Онысы аналарыңдай ақылды болыңдар дегені еді. Ұрпағы Мұнзира ананың жан жылуы мен тәлімді тәрбиесін өміріне азық етті.
Бекен Ерденов өнім алумен ғана шектелмеді, ғылыммен де айналысты. Ауылшаруашылығын дамытуда ғылыми еңбектер шығарды, білгенін көппен бөлісті. Ол кісінің еңбектері қазір оқу орындарында оқытылып келеді. Болашақ мамандар жоғары оқу орындарында оқи жүріп, мамандықты Бекен Қасқарбекұлының еңбектері арқылы жадыларына сақтауда. Кейіпкеріміз оннан аса ғылыми еңбек жазды. Мысалы, «Қазақстандағы ірі қара мал тұқымы», «Мал тұқымын асылдандыру», «Кең көлемді селекция» және басқа еңбектердің авторы Бекен Ерденов 2009 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді. Кейіннен «Ауылшаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі және бірнеше мерейтойлық медальмен марапатталды. Мерейі тасып, 2016 жылы «Құрмет» орденін кеудесіне жарқырата тақты. Алматы облысының Құрметті азаматы атанды. Бүгінде өңірде асылтұқымды мал басы өсіп, игілігін ел көруде. Ол экономиканың қарыштауына өміршең еңбегімен атсалысты.
Бекен ағаның Мұхтар есімді ұлы, Меруерт атты қызы еңбекқорлығымен өмірден өз орындарын тапты. Қара шаңырақтың келіні Аида отбасы берекесі. Күйеубаласы Данияр ізетті жан. Немерелері Әкежан, Ахмет, Мұхаммед, Ерасыл, Ералы білімділіктерімен ерекшеленуде. Әулеттің тұңғыш немересі Әлихан мен Жәниядан екі шөбере бар. Жәния әулеттің ұйытқысы, шуағын жан-жағына молынан шашқан тәрбиелі жан. Шөберелері Сафия мен Аиша бейбіт елдің ұланы боп, құлдыраңдап өсіп келеді. Жиен немересі Даная да ата-апасындай көпшіл. Барын басқамен бөлісіп жүретін нағашы атасына тартқан деп жатады Бекен ағаның көзін көргендер. Жақсының соңында ұлағатты ұрпағы, ел игілігіне жарар еңбегі қалды. Өнегелі өмірі көпке үлгі.
Гүлжан ТҰРСЫН