Тарау-тарау тағдырды кітап арқылы оқып, талайлы өмірді арқалап келе жатқан адамдарды күнделікті көріп жүрсек те «шын бақыт деген не?» деген сұраққа аса мән бермейтін секілдіміз. Қамсыз ішкен астың да қадірін басқа іс түскенде барып біліп жатамыз. Ал денсаулықтың қадірін, он екі мүшең аман күйде жер басып жүрудің нығметін сырқат меңдегенде межелейсің.
«Денің сау кезде мың түрлі мәселеге бас ауыртасың, ал бұғанаңнан төмен қарай істемей қалса, бір ғана мәселең болады. Ол – денсаулық…», – дейді Арнұр театр сахнасын жаңғыртып.
Иә, Арнұр атты кейіпкердің өмірі баяндалған «Екі тағдыр – бір өмір» атты автобиографиялық драма жанарға жас ұялатты. Тірліктің мәнін, шын бақыттың не екенін терең түсіндіргендей болды. Денсаулықтың қадірін ұғындырып, жүректегі шүкіршілік деген сезімді оятты.
Қазақтың қажырлы, арманшыл ұлы Арнұр жоғары оқу орнын бітіріп, студенттік кезде танысқан, сүйген аруымен отау құрамын деп жүрген шағында сынақ арқалап қалады. Су ішінде құмыға естілген қыз даусына елеңдеп, құтқармақ болады. Батып бара жатқан бойжеткенге жанұшыра жетпекке талпынады. Сөйтіп суға секірген. Алайда ару ажалына арашашы боламын деп ойлаған азаматтың басы қатты затқа тиіп жұлын омыртқасына зақым келеді. Басы жарылады. Сөйтіп тағдырына тура келген зор зақым мүгедектер арбасына таңады.
Өз еркіңмен жүріп-тұрудан қалсаң, өзгеге күнің қараса бақыттың мәні бар ма?! Байлықтың шарапаты тие ме?! Тірліктегі бар құндылықты мансұқтар мұндарға айналарсың. Арнұр да сөйткен. Төрт ай бұрын ғана арман арқалап, өмірдің ең шуақты жағында бақытты күн кешермін деген. Сүйгені Лаураға сөз салмақшы болған. Алайда, жарымжан атанған соң бәріне лағынет айта бастады. Өзіне қол салмақшы болды…
Мұнар кешкен, тұманда тағдыр өткергендей ажалға иек арта берген шағында өмірге басқаша қарады. Жарық ғаламға деген, әсіресе сүйгені Лаураға деген сезімі жеңді. Сөйтіп, арбаға таңылған күйі арманына беттеді. Арудың ардақты махаббаты оны қапастай қараңғы ойдан алып шықты. Шаңырақ көтерді. Бақытқа бөленді.
Тағы да «иә» деп тебіренеміз. Өмірде осындай шынайы махаббат бар. Ізгілігін жоғалтпаған іңкәр жүрек иелері жетерлік. Астана қаласы әкімдігінің «Қанаттылар» инклюзивті театры сахналаған «Екі тағдыр – бір өмір» автобиографиялық драмасы өмірден алынған. Аталған театрдың басшысы Арнұр Искаков пен зайыбы Лаура Искакованың өмірінен сыр шертті. Жан сүйсінтті һәм күрсінтті.
Тірліктің, татулықтың, сүйіспеншілік пен денсаулықтың, бақыттың не екенін ұқтырған қойылым жетісулықтарды айрықша тебірентті. Аталған қойылым сахналанған күні баспасөз мәслихаты өтіп, онда гастрольдік сапармен келген «Қанаттылар» инклюзивті театрының құрылу тарихы, мақсаты мен алдағы жоспарлары айтылды.
«Екі тағдыр – бір өмір» автобиографиялық драмасынан бөлек «Үй таңдаған лақ» ертегісі және «Өмір-ғайып» мелодрамасымен Талдықорған қаласына келген өнер ұжымы 14-15 мамыр күндері Бикен Римова атындағы драма театр сахнасында өнер көрсетті. Шынайылық пен рухтың биіктігін паш еткен құрамында еліміздің түкпір-түкпірінен сұрыптап алған ерекше жандар мен кәсіби актерлері бар театр жұртшылық ықыласына бөленді.
– Театрымыздың мақсаты – мемлекетіміздегі физиологиялық ерекшеліктері бар жандардың талантын ашу, сахна кеңістігінде олардың шығармашылық әлеуетін арттыру, қоғам ұзақ уақыт байқамаған мүмкіндіктерін жүзеге асыруларына түрткі болу. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған көру, есту қабілеті төмен, тағдыр сынағын арқалаған ерекше жандардың театр шаңырағында басын қосып тұрақты жұмыспен қамтып, өмір мен өнерге деген құштарлығын арттыру, – деген театр жетекшісі Арнұр Искаков: – «Гастрольдік сапар шегудегі басты мұратымыз – ерекше қажеттілігі бар жандардың өмірде де, өнерде де орны ерекше екенін көрерменге жеткізу және дәріптеу. Инклюзивті қоғам құрып, мүмкіндігі шектеулі жандардың еңсесін көтеріп, өзге де қалаларда ерекше жандарға арналған өнер ордаларының ашылуына себепкер болу» – деген ойды атап өтті.
Иә, шындығында Орталық Азияда теңдесі жоқ «Қанаттылар» инклюзивті театры дені сау жандарға да бақыттың не екенін ұқтырғандай болды. Шүкіршілікті арттырды. Шын сүйсінтті. Рухымызды көтерді. 2021 жылы Астана әкімдігінің ұсынуымен «Жастар» театры жанынан бөлім болып құрылып, бүгінде инклюзивті театр биігіне көтерілген өнер ұжымы алдағы уақытта еліміздің түкпір-түкпіріне сапар шегетінін де айта кеткен жөн.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ