Талдықорған: +16°C
$ 461.37
€ 542.16
₽ 6.14
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР ЖАНСАРАЙ

Түбі бір түркі жұртымыз

25.08.2017
ЖАНСАРАЙ
Түбі бір түркі жұртымыз
WhatsAppTelegramFacebook

«Атың барда жер таны желіп жүріп», – дейді атам қазақ. Тұяқты тұлпармен желіп бармасам да, заманның жеңілдігін пайдаланып, ұшақпен желдей есіп барып қайттым. Бабаларымыз алты айлап жүрген жолды аспан асты, бұлт үстінде алты-ақ сағатта аттап-аттап өте салғандай болдық. Бұл айтып отырғаным: «Білім алдым Ыстамбұл қаласынан, тәлім бердім қазақтың баласына», – деп әдемі сөз өрнегі мен әуезді ән қалдырған Қапез Байғабылұлы бабамның табаны тиген, ауасын жұтып, суын ішкен, түбі бір түрік ағайындардың тарихы терең, есімі ерен Ыстамбұлға барған сапарым еді.

 

ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ЫСТАМБҰЛ

Алған әсерімнен бұрын, барған сапарыма ұйытқы болған ұйым жайлы бірауыз сөз. Осыдан үш жыл бұрын түркі елдері журналистерімен кәсіби бірлікті нығайту мақсатында «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының іргетасы қаланып, жұмы­сын бастаған еді. Осы уақыттың ішінде екі ел ара­сында көптеген кездесу өткізіп, тәжірибе алмас­қан ру­хани байланыс нығая түсті. Аталмыш қордың пре­зиденті, белгілі журналист Нәзия Жоямерген Ана­до­лы жерінде тек қазақ журналистеріне арналған се­ми­нарлар, тренингтер мен әсерлі кездесулер ұйым­дас­тырып, түбі бір түркі жұртының арасына алтын көпір болуда. Осы үшін қазақтың қайраткер қызына алғыс айтып, еңбегін бағалап қойғанның еш артықтығы болмас.

Әлқисса, таң бозарып атып келе жатқанда Ал­маты әуежайынан көтерілген ұшақ, Ыстамбұлға күн арқан бойынан ұзаған сәтте қонды. Не деген қас қа­ғым сәт деп ойламаңыз, екі ел арасындағы уақыт айыр­машылығы үш сағат екенін ескерсек, бұл кезде біз­дің жерде шаңқай түс десек те болады. Әуеден қа­рағанда-ақ әдемілігімен ерекше әсерге бөлеп алған, ұшы-қиыры көрінбейтін, бүкіл Қазақстанның халқын бір ғана қалаға сыйдырған алып шаһарға да таба­ны­мыз тиді. Бірі қонып, бірі ұшып жатқан алып ұшақ­тарға қарап, мына өмірдің Мұқағали ағам айтқандай: «тағатсыз бір қозғалыс» екеніне тағы да көзім жете түсті. Құмырсқаның илеуіндей болмаса да, араның ұясындай екені байқалып-ақ тұр. Ерсілі-қарсылы жүрген елмен бірге әуежайдан шығып, Ыстамбұлдың өз әлеміне ендік те кеттік. Әлдеқайдан құлағыма ән келетіндей, көше бойындағы тал-терек сол әнмен тербелетіндей. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп сыбырлағандай самал жел. Мен қиялымнан осындай әсерге бөленіп тұрмын ба, әлде қилы заман, қиын кезде Меккеге барған сапарында арнайы Ыстамбұлға тоқтап, тарихы терең кітапханаларына кіріп, ұлты­мыз­ға керекті құнды мұралармен танысқан Шәкәрім атамның жүріп өткен жолымен келе жатырмын ба? Бәлкім, дәл осы менің табаным басып тұрған жерде қажы атамның ізі жатқан болар? Әйтеуір, әсер бөлек. Енді бірде құлағыма Қожаберген жыраудың «Елім-ай» әні естілгендей. Тау-тасты басып, теңізді асып, қайдан келді бұл әуен? Неге Ескендірдің «Атамекені» немесе Шәмшінің «Менің Қазақстанымы» емес? Шуақты жылдарға қол жеткізіп, қуатты елге айналу жолында келе жатқан қазақ топырағынан шұғылалы әннің әуені ілесе келуі керек еді ғой. Азан үнімен оянып, азан үнімен көз ілетін қасиетті қалаға кел­ген­де қасіретті жылдардың әні неге мазалап тұр? Бір сәт қиялымнан есімді жиып, еңсемді тіктегендей бол­дым. Сезіндім. Бір жылдары «Ақтабан шұбы­рын­ды, алқакөл сұламада» атажұртынан аңырай көшкен бабалар көшінің осы топыраққа да жеткенін сезіндім. Езілдім. Қолдан жасалған сол зобалаң жылдар болмағанда мен бұл топырақтан қырғынға ұшырап, пана іздеп келген елімнің зарын емес, шаттықтың әуенін еститін едім-ау деп езілдім. Егізбін. Түбі бір, шыққан тегі ортақ, өскен өлкесі Ұлы Дала болған осынау жұртпен егізбін. Осындай ойдың жетегінде келе жатсам да айналама ықыласпен көз салып, қандас-қанаттас ағайындардың осыншама дамып кеткеніне қызықтым. Қызғанбадым. Қазақтың ізгі арманын Құдайым берсе, біз де осындай елге ай­налармыз деп қызғанбадым. Жоқ, қызғандым. Күллі Қазақстан халқының түркі елінің бір ғана қаласында тұрып жатқанына қызғандым. Санымыздың азды­ғы­нан еркін ел болсақ та, екі бүйіріміздегі алып екі елге жаутаңдай қарап, кешіп жатқан күніміз есіме түсіп қызғандым. Біздің елге көз салғандардың төрімізге шығып, төбемізге шай қайнатқысы келетін дөңайбат әрекетіне қарсы тұра алмай жатқан қауқарсыздығыма налып қызғандым. «Көп қорқытады, терең батыра­ды», – деген сөздің ақиқатын осы жерден көрдім. Біз де осындай көп болсақ, көлденең көк атты келіп, кеудемізден баспас еді-ау. Өз жерінде өз тілінен басқа өзге тілдің бір әріпін қосып сөйлемейтін, алпыс екі тамырында еркіндіктің қаны тулап тұрған түрік бауырларға қарап, өзімнің ана тілімді аяп кеттім. Дегенмен, мен мынаған сенемін, жер бетінде жалғыз қазақ қалғанша бабам тілі өлмейді. Бірақ өлмейді екен деп бүгінгідей өлімші жағдайда күн кештіруге болмайды ғой. «Өлімші» дегенде қазақтың тілінің күні бітіп барады дегенім емес. Ұлттың көшін бас­тап, тізгінін ұстаған билік тағындағы шенді-шек­пен­ділердің кез келген жиынды, жүз пайыз қазақ отырса орысша жорғалатып әкететінін айтып отыр­мын. Қазақты сүю деген тас қопарып, тас тасу емес қой. Ол – тарихын тану, тілінде сөйлеу, мәдениетіне мән беру, әдебиетін әспеттеу, салт-дәстүрін дәріптеу. Осы құндылықтардың құлдырап бара жатқаны ақиқат.

Сенесіз бе? Мені Ыстамбұлдың әр көшесін ара­лаған сайын осындай ойлар мазалады. Азан ғана арабша айтылады. Онда да ол арабтың бүгінгі қатынас тілі емес, Құранның тілі ғой. Қалған сәтте өзге тілде шүлдірлеп, мұрнының астынан міңгірлеп жүрген бір түрікті көрмейсің. Еңкейген атасынан, еңбектеген баласына дейін өз тілінде сөйлейді. Ал бізде қазақ тілінде сөйлемек түгілі, қазақпын деп айтуды ар санайтын пенделер көп-ау. Барғаннан қайтқанға дейін осындай ойлар санамды сансыратып жіберді десем, шындықтың шеңберінен шығып, ақиқаттан алыстап кететінім рас. Жалпы кездесулер мен жиындарда, қоғамдық көлік пен көшелерде, салыстырмалы түрде қарағанда, санама сан сұрақтың сүңгіше сұғылғаны жасырын емес. Түрік ағайын­дардың саны көп, сапасы жоғары ұлт болғанына қызыққаннан ба, ұлт ұстазы атанған Ахмет Бай­тұр­сынұлының осыдан бір ғасырдай бұрын айтқан: «Әлхәмдулиллә, алты миллион болдық», – деген сөзі есіме орала кетті. Арада алты жылдың ар-жақ, бер-жағында төрт миллиондай қазақты қырғынға ұшы­рат­ты солақай саясат. Сол кезде түрік ағайындардың саны да бізден сонша көп емес екен. Енді, міне, жүз жылға жетер-жетпесте сексен миллион болып, азуын Айға білеген алып елдерге қасқая қарап, өз арна­сы­мен алға жылжып келеді. Дұрыс түсініңіз, ағайын. Өзге елді мақтап, өз елімді таптап отырғаным емес. «Ауруын жасырған өледі» деп бабаларымыз айтып кетсе де, жауырды жаба тоқып келе жатырмыз ғой. «Ашынғаннан шығады ащы даусым», – дегенді де айтқан менің бабаларым болатын. Сырт елге барған соң салыстырасың, жақсысын үйренгің келеді. Керегін алуға ұмтыласың.

Ал енді барған адамға ерекше көңіл-күй сый­лай­тын Ыстамбұл несімен бағалы, қай жағымен ерекше? Әй, бір мақалада айтып тауыса алмаймын-ау. Тарихы тым тереңде. Сонау Византия дәуірінен басталады. Елдің көбі көне атауының бірі – Константинополь атымен жақсы таныса керек. Дәл осы қалаға қатысты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Міндетті түрде Конс­тан­тинополь алынады (мұсылмандардың қолына өте­ді). Оның әміршісі қандай жақсы әмірші, оның әс­керлері қандай жақсы әскер», – деген хадисі бар. Оны алған Фатих сұлтан болатын. Алла Елшісінің (с.ғ.с) сахабаларының бірі Әбу Аюп әл Ансари осы хадистегі «оның әскерлері қандай жақсы әскер», –  деген сөзіне амал жасау үшін сексенге тақаған жасына қарамастан Константинопольге келіп, сол әскердің қатарында болып, осы маңда дүние салды. Содан бері де қаншама ғасыр керуені өтті бұл даладан. Жеті ғасырдай билік құрған Осман империясынан қалған тарихи жәдігерлер кімді болса да қызықтырмай қоймайды. Кімге болса да ой салып, сонау есте жоқ ескі замандарға жетелеп әкетеді. Көне ғасырдан бүлінбей бізге жеткен сәулет өнері де еріксіз таңдай қақтырады. Күмбезі көкке шаншылғандай әсерге бөлейтін Сұлтан Ахмет мешітінің өзі Ыстамбұлдың баға жетпес жауһарларының бірі. Алып мешіттің өзі тарихи жәдігерге айналып, алыс-жақыннан келген туристердің тамашалайтын орны ғана емес, бес уақыт азан айтылып, мұсылман жұртының бес парызының бірі, құлшылықтың қайнар көзі – бес уақыт намаз ұдайы оқылып тұратын қасиетті шаңырақ. Ғасырлар ке­руенін үзбей жалғастырып келе жатқанының бір­ден-бір дәлелі қаладағы бірнеше мыңдаған мешіттің Осман империясынан басталған үлгіде салынуы. Үл­кенді-кішілі мешіттің барлығы да бір қолдан шық­қан­дай. Алланың жердегі үйі саналатын қасиетті орданың бір сәтте Ыстамбұлды жаңғырта, Ұлы Жаратушыны ұлықтап айтылатын азанның үні де ерекше әсерге бөлейді.

Сонымен бірге, Византия дәуірінен сақталған жерасты су қоймасы да (YEREBATAN SARNICI) көне қаланың көз тартар жәдігері. Айя София музей ғимаратының босағасы да тамашалап келушілерден бір сәтте босамаған. Пайғамбарлар мен сахабалардан жеткен жәдігерлерді Топқапы музейінен көре аласыз. Осы айтылған қасиетті орындардың әрқайсысы жеке-жеке тоқталып, терең зерделеп, кеңінен ой қозғауға болатын құнды мұраларға толы. Түбі бір түркі жұртының мәдени астанасы Ыстамбұлдың осындай қайталанбас тарихи, мәдени орындарымен және бабамның табаны тиген қасиетті топырақ ретінде де қадірі бөлек-ау.

МӘРМӘРДІҢ ТОЛҚЫНДАРЫ

Ыстамбұлдың ажарын ашып, әлемге әйгілеп тұр­ған Мәрмәр теңізі де Алланың пендесіне берген ке­ремет сыйының бірі. Арнайы ат басын бұрып бар­ған­нан кейін теңіздің де тамаша көрінісін көрмей қайтуға бол­майтын еді. Азия мен Еуропаның арасын жалғап жат­қан Босфор бұғазы да осында. Алып теңіздің тол­қынымен тербеле ерсілі-қарсылы жүріп жатқан ке­мелер сол жердегі тіршіліктің тамырына қан жүгіртіп жатқандай. Теңізді жара жүзіп, артына ақ жал тол­қын­ды із қалдырған кемеге отырып, Мәрмәрді тамашалау біздің де тағдырымызға жазылыпты. Қар­сы алдымнан соққан самалға маңдайымды тосып тұрып, қалың ой­дың құшағына тағы да еніп кеттім. Бұл жолы әлде­қай­дан естілген әннің ырғағы емес, осындай сұлу та­биғаттың біздің де елде бар екені, туризм саласын да­мытса, қазақ ұлысының да әлем жұрты алдында алар орны ерекше-ақ болатыны толғантты. Арқаның кер­без сұлу Көкшетауы, басынан бұлт кетпес Баян­ауыл, мөлдір суға толған тостағандай болып жатқан көрікті Көлсай, айдынында ақ шағала қалықтаған Алакөл, ақ жал толқынды Балқаш… Айта берсем жіпке тізген маржандай тізбектеле беретін батысымыз бен шығы­сы­мызда, оңтүстігіміз бен солтүстігімізде Ұлы Дала­ның жауһарлары жетерлік.

Жер байлығы – ел ырысы екені айтпаса да тү­сі­нікті. Біз Алланың иен тегін берген осы ырысын дұ­рыс пайдалана алмай отырмыз. Жоқ емес-ау, бар. Ба­райын десең, қаржысын қарапайым халықтың қал­тасы көтере бермейді. Жағдайы барлар жол азабын айтып, енді қайтып келместей тілдеп жатады. Қара суды теріс ағызып, қу шөппен ауыз сүртіп отырғаным емес, ақиқатында біздің елде ішкі туризм әлі де кен­желеп тұрғаны рас. Ашылған демалыс орын­да­рында халыққа қызмет көрсету жүйесінің толықтай дұрыс жолға қойылмағаны көзге ұрып тұрған кемшіліктің бірі. Тазалық – мәдениеттің бастауы. Өзіміз барып, көзіміз көріп жүрген жағажайларда әлі де сол жабайы тірлік. Босаған бөтелке, тамақтың қалдығы сияқты әртүрлі заттан қалған қоқыстың шашылып жататыны тағы бар. Енді мұны сол демалыс орнын ашқан адам­ның кемшілігі деп айта аламыз ба? Әрине, жоқ. Бұл демалу мәдениеті әлі де толық қалыптаспаған қа­зақ­тың ғана емес, осы жердің тіршілігіне үйреніп кеткен кез келген қазақстандықтың бойындағы кем­шілік. Ал Мәрмәрдің жағалауы қазақы тәмсілмен айтқанда «қыздың жиған жүгіндей». Сан мыңдаған халық жүр, бірақ көлденең жатқан қоқыс көрмейсің. Мұндағы еркелікті ол жерде жасай алмайсың. Ұят екенін сезінесің. Осы сезім неге біздің жұрттың бойынан табылмай жүр. Дегенмен, оған да уақыт керек шығар. «Енді-енді шетелдегі кереметтерді үйреніп жатырмыз ғой» деп өз-өзіңді жұбатасың. Әсілі, дамыған елдер­ден үйренеріміз де осы жағы болса керек. Басқаны айт­пағанның өзінде, бір ғана кеменің үстінде өмір бар. Адамдарға барлық жағдай жасалған. Бірі теңізді сыртқы алаңда тамашалап, алдынан соққан желге қар­сы қарап, кеудесін кере тыныс алып, рахаттанып жүр. Бірі жайлы орында қолына кітабын алып, өзімен-өзі. Енді біреулері топтасып отырып, шайын ішіп, балмұз­дағын жеп, емен-жарқын әңгіме құруда. Солар­дың қа­та­рына жайғасып, алып теңіздің үстіндегі әдемі әлем­ге қызығып, қиялыңмен қияны шарлап кетесің. Шет­елдің жанымызға жақын, көңілімізді жадыратып, көк­жиегімізді кеңітетін, әсерлі дүниелерін бойымызға сіңір­сек қой деген ой да жылт ете қалады сананың түк­пірінен. Біздің елдегі жаһандануға жұтылып, ұлт­тық құндылық жағынан ұтылып, өзгенің қаңсығын таң­сық көріп, өзінің қасиетті мұраларына мұрнын шүйіре қарайтын буын есіңе түскенде, еңсеңді ауыр жүк басқандай күй кешеді екенсің. Өз елімдегі кемшілікті тізгенде, өзгенің алдында кемсітейін деген ой емес, керісінше, жақсысын үйреніп, жаманынан жиренсек деген ниет қана. Сырт елде жүргеннен кейін бәріне салыстырмалы түрде қарау да заңдылық. Және мынаны естен шығармайық. Менің сөзімнен күллі түрік ағайындар айдан ақ, сүттен таза, періштедей пәк деген сөз емес. Олар да пенде. Пенденің бәрі кем­ші­лік­те. Менің айтпағым, кемшіліктерін кере­меттері жауып тұрғаны. Жаманын жасырып, жақсысын асыра білетіндігі.

Осындай ойдың жетегінде Мәрмәр теңізінің де жа­ғасына жетіп, жағалай қоныстанған Иалова қала­сы­на еніп кеттік. Құшақ жая қарсы алған түрік ағайын­­дар өз жоспары бойынша қала маңындағы Ал­тынова ауданын аралатты (ALTINOBA BELEDiYTSi). Әуелі аудан әкімі Метин Орал (Metin Oral) мырзаның қабылдауында болдық. Өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, біраз әңгіме-дүкен құрдық. Түбіміз бір еке­нін айтып, болашақ мақсатымыз да, асыл арман­да­рымыз да ортақ болатынын жеткізіп жатты әкім мыр­за. Иалова қаласынан күтіп алған жолбасшымыз бұл жерде бананнан басқа жеміс-жидектің барлық түрі өсе­тінін айтып, бау-бақшаларымен таныстырды. Әсі­ресе, киви жеміс бақшасының көп екені таңғал­дыр­ды. Сонымен бірге бұған дейін әскери база орна­ласқан Мәрмәр теңізі бойындағы қырық жылдан бері адам аяғы баспаған жағалауға ең алғаш біздің таба­нымыз тиіп тұр екен. «Қыркүйек айында туристер демалатын жағажай болып ашылатын жағалауға ата­жұрттан келген бауырлар, ең бірінші сіздер келіп тұр­сыздар», – деп біздерді де бір желпінтіп тастады. Бір бай­қағанымыз, бұл жерде де Осман империясы кезі­нен сақталған мешіттердің көптігі. Соның бірі үш ға­сырдан аса тарихы бар Херсекзаде Ахмет Паша ме­шіті. Ахмет Паша түбі Герцеговиналық екен. Аты-жөнінде Херсекзаде деп жазылуының өзі де қай жерден келгенін білдіріп тұру үшін дейді. Дәл осы үлгідегі мешіт әлемнің жеті жерінде салыныпты. Сәу­летшісі Херсекзаде қай өңірге барса бірге жүріп, сол жерде осындай мешіт тұрғызған екен. Бір таңға­лар­лығы, ғаламат сәулетші жайлы бір де бір мәлімет сақ­тал­маған. Бар болғаны Ахмет Пашамен бірге жүріп, осын­дай өшпес қолтаңба, өлмес мұра қалдырып кет­кендігі ғана. Мешіттің ауласындағы екі жүз жыл жа­саған Сағыз ағашы да бұл ғимараттың тарихынан сыр шеткендей. Ғасырлар өтсе де өңін бұзбай, құлай­тын­дай сыр бермей тұруының бірден-бір себебі, қабыр­ға­сының қалыңдығы бір құлаштай жасалғаны. Ахмет Пашаның мәңгілік бесік еткен жері де осы аула.

Сонымен маңдайымызға жазылған бір күннің екі сағатын Мәрмәр теңізінің үстінде өткізіп, ақшам кіре Ыстамбұлға оралдық. Қазақы тілмен айтқанда «Мың күніме татиды, осында өткен бір күнім» болды.

 

ЕСТЕН КЕТПЕС ЕСКІШАҺАР

Ыстамбұлдан үш жүз шақырым қашықтықта ор­наласқан Ескішаһар қаласына арнайы жалдаған шағын автобуспен жолға шықтық. Мұның өзі Түркия­ның ғажайып даласын көзімізбен көріп, сұлулығын көңілімізге тоқып қайтуға мүмкіндік берді. Биік тау­лар, жота-жондар, бел-белестер біздің далаға да ұқсап ке­теді. Түбі бір түркі баласына Алла тағаланың дала­сына дейін ұқсатып бергеніндей сезіндік. Біз енді-енді ғана қол жеткізіп жатқан, бірнеше жолақтан тұратын тақтайдай күре жолда әр көлік өзіне тиесілі бөлігімен жүріп, жол шетінде көрсетілген жылдам­дық­тан асырмай, тәртіппен кетіп бара жатады. Біз­де­гідей жылдамдықты шамадан тым асырып, бір-бірі­мен жарысып бара жатқан жүргізушіні көрмейсің. Тәртіп темірдей. Заңға бағынған жүргізушілер біздің «шума­хер­лер» екі жарым-үш сағатта-ақ өте салатын үш жүз ша­қырым жолды бес сағаттан аса уақытта жүріп, Ес­кі­шаһарға жеткізді. Сегіз жүз елу мың халқы бар бұл қаланы Ыстамбұлмен салыстыруға мүлдем келмейді. Ыстамбұлдағы құмырсқаның илеуіндей қарбаласқан тірлік мұнда аса байқалмайды. Шағын да әдемі қаланың әлемі де өзгеше. Мұнтаздай тап-таза қаланы өзімнің Талдықорғаныма ұқсатқым келді. Әрине, заманауи дамыған бағытына қазір жете алмаспыз. Дегенмен жасыл желекке оранған табиғаты талды қаламның келбетін елестеткендей болды.

Мұнда да құрметпен қарсы алып, қаны бір қан­дас деп құрақ ұшқан ағайынның ыстық ықы­ласына бөлендік. Ескішаһар қаласының губернаторы Өздемир Чакаджак мырзаның қабылдауында болып, мұнда да түбі бір түркі жұрты төңірегінде әңгіме өрбіттік. Қазақ журналистерімен бірге әкімшілік фойесіндегі түркітілдес халықтар туының қасында суретке түсіп, есте ұзақ сақталар естелік қалдырдық. Бізді Ескішаһар қаласындағы Түркия Журналистер одағының төрағасы Иылмаз Хокам мырза (YILMAZ HOCAM) қаладағы ең ғаламат мәдени ошақтың бірі, қала әкімінің (ол кісінің сырқаттанып қалуына байланысты кездесе алмадық) Ататүріктен бастап, Түркияның мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, өнер жұлдыздары мен ардагер футболшыларының бейнелерін өз қолымен балауыздан жасаған музейін тамашаладық. Тағы да таңғалыс. Тағы да толғаныс. Себебі, аталмыш музейде тек біз сияқты туристер ғана емес, баласын жетектеген, туысқанын ерткен сол қаланың тұрғындары да жүр. Ашылғанына бес жылдай уақыт болған мұражайды олар бірінші рет аралап жүрген жоқ шығар. Бәлкім, олардың музейге жиі баруына рухани шаңырақты аралап шыққандағы соңғы нүктесінің әсері шығар. Оң жақтан бастап тү­гел аралап шыққаннан кейін арнайы суретке түседі. Және сол суретті жеті лирге сатып алады (біздің ақшаға шаққандағы бағамы жеті жүз теңге). Және ол ақша мүмкіндігі шектеулі жандарға қайы­рымдылық ретінде жұмсалады. Үйренетін-ақ дүние.

Ал бізде музейге бару қандай деңгейде? Қыды­рып келген ағайын-туыстарымызды бір сәт болса да қаламыздағы тамыры терең тарихымыздан бастап, бүгінгі күнге дейінгі соқтықпалы-соқпақты тағдыр жолымызды көрсететін музейге апарып, өткенімізді зерделеп, зейінімізге тоқып жүрміз бе? Жоқ әлде сананы тұрмыс билеген алмағайып уақыттың салған салмағынан арыла алмай, күйбең тірліктің илеуінде кетіп бара жатырмыз ба? Ойланып көріңіз. Егер қа­лаға жолыңыз түсе қалса бір сәт мұражайға ке­ліңіз. Дүние тіршілігіндегі жетістіктер бізге рухани азық болмайды. Айта кетерлігі, қала әкімі бір кездегі жур­налист екен. Содан болар, руханиятқа керемет көңіл бөліп, Ескішаһарды ертегінің бір қаласына айнал­дырып жіберген. Музей тамашалап шығумен аяқтал­майды. Сізді келесі бөлмесі күтіп тұр. Оның өзі ша­ғын театр десек те болады. Жүз елудей адамға ар­нал­ған көрермен залы бар. Сахнада қырық минуттық көрініс. Қалай жасалған дейсіз ғой? Айтайын, бірақ көргеннің әсеріндей бола қоймас. Сахна шымыл­дығы ашылғанда сахнада Ататүріктің балауыздан жасалған бейнесі. Жай ғана мүсін болып қақиып тұрған жоқ. Қолын арлы-берлі қимылға келтіріп, басын оңды-солды бұрып қарап, сөйлеп тұр. Бұл Ататүріктің таспаға жазылған өз дауысы. Қандай тұнық үн? Қандай бойыңды шымырлатып жіберетін дауыс? Қандай рухыңды көтеретін жалынды сөз? Аудармашының айтуынша: «Ей, түрік жастары! Түрік халқының болашағы сендердің қолдарыңда. Сендер жасық болмаңдар. Сендер рухы мықты ұрпақ болыңдар», – деген мағынада. Осы сәтте сол сахнада әйгілі Ататүрік емес, менің Мағжан атам тұрғандай елестеді. Жай тұрған жоқ: «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты, МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН», – деп тұр­ған­дай сезімге бөлендім. Бірақ менікі қиялдан туған ар­ман ғана еді. Әйтпесе, біздің бүгінгі жарқын бо­лашағымыз үшін құрбан болған Әлихан Бөкей­хан­ның 150 жылдық мерейлі жасы жетім қыздың тойын­дай да аталмады-ау. Әлиханның алдында біз­дің ұжымның жүзі жарық екенін мақтанышпен айта аламын. Газетіміздің редакция меңгерушісі Қуаныш Тұнғатар ҰЛТ ПЕРЗЕНТІ айдарымен Бөкейханның Әлиханы жайлы циклді мақалалар жариялап тұрды. Бұл бөлек әңгіме.

Сонымен бізге он минуттай үзінді ғана көрсетті. Әйтпесе, қырық минуттық қойылымнан күллі түрік ағайындардың мемлекет және қоғам қайраткерле­рінің ұлтына жолдаған жалынды сөздері мен тағдырлы жылдары көрсетіледі екен. Шіркін, ұлт перзенттеріне деген нендей құрмет?! Бізде де дәл осылай Алаш арыстарын насихаттайтын бір де бір орын жоқ екен-ау. Биыл Алашорданың құрылғанына 100 жыл. Көз сүйсініп, көңіл толатындай сол арыстарымызға арналып не жасалып жатыр?! Біздің асқақ рухымыз, айбынымыз, айбарымыз солар еді ғой. Ендеше неге өзіміз болғандай, өзіміз толғандай өткенді ұмытамыз?! Елім деген, жерім деген  арыстары-ай Алаштың, тар жол, тайғақ кешіп жүріп, бәрін көрген азаптың. Есімдеріңді ара-тұра еске алғанымызбен лайықты ескере алмай жатқанымыз үшін кешіріңдер!

Осындай тебіреніспен жолбасшымыз Иылмаз мырзаның соңынан еріп, бостандық музейіне бар­дық. Бұл Ататүрікке арналған, сол қоғамнан сыр шертетін тағылымды мұражай. Осыдан кейін де «Өлі разы болмай, тірі байымайды», – деген тәмсілді тілдің ұшында ғана айтып жүргенімізді сезіндім. Мерейлі жасқа келсе бір-екі күн дүркіретіп той жасап, өзіміздің тойлағанымызға, өзіміздің тойға­ны­мызға мәз болып жүр екенбіз. Бар құрметіміз ел-жұрт болып жұмылып жүріп тұрғызған ескерткішке гүл шоғын қоюмен ғана шектеліп қалыпты. Мынан­дай ғибрат алар құнды мұрамыз аз екен. Әлде бары­мызды көрсете алмай жүрміз бе?

Осындай әсермен әдемі қаланың біраз жерін араладық.

Журналистер болған соң, қаладағы телеарналар мен газеттердің қал-жағдайымен таныстырды. Әуелі Иылмаз Хокан мырза басқаратын Журналистер ода­ғының ғимаратында телеарна мен газет қызмет­кер­лерінің кездесуін өткізіп, 26-каналы жарты са­ғат­тық тікелей эфир өткізіп, қазақ журналистерін түркі әле­міне жар сала айтып, мерейімізді бір көтеріп тас­тады. Қалалық Сакария (SAKARYA) газетіне бас сұғып, тыныс-тіршілігімен таныстық. Аптасына ал­ты күн шығатын газетке төрт жүз ғана адам жа­зылса, күндік таралымы төрт мыңнан асып жығы­лады. Же­тінші күні арнайы карикатура қосым­шасы шығады. Бір таңғаларлығы, осы басылым Ердоған өкіметін екі рет карикатура жасағаны үшін сотқа тартылады. Әділеттік деген осы шығар, ел Прези­денті Ердоған­нан бастап карикатураға ілген газет екеуінде де жеңіп шығады. Дәл осы қалада талантты бір жур­на­листі көлігіне отырған жерде жарып жібереді. Билік оның құрметіне күлі көкке ұшқан көлікті биік тас тұғырға қойып, «Сөз бостан­дығына құрмет» деген ескерткіш орнатыпты. Осындай алдаспандай ақиқат­тан сөз сүйегінен өту түгілі, құлағына жетуден қал­ған біздің қоғам үлгі алса дейсің. Екі елдің өмір сүру қа­ғидасын таразының екі басына қойып, елеп-екшегендегі айтарым осы болып тұр. Өзінің рухани ошақтары мен көз тартқан тазалығымен, Ескішаһар да естен кетпестей санамда сақталып қалды.

Бес күнде үш қалада өткен Ыстамбұл сапары әдемі әсер қалдырды. Алып шаһардағы Ыстамбұл уни­верситетінің журналистика факультетіндегі емен-жарқын кездесу,  DOGAN TV HOLDING-ін­дегі, CNN телеарнасындағы әріптестермен өткен бас­­қосу, бәрі қайта оралмайтын, қайталанбайтын сәт­терге толы болды.

 

Түйін:

Бабаларымның табаны тиген түбі бір түрік ағайындардың елінен Ұлы Даламызды бетке алып, әуе кемесімен жолға шықтық. Күн арқан бойы көтерілгенде Алматы әуе­жайына аман-есен қондық. Туған топырағыма табаным тигенде еркін елімнің ертеңі – біз қызығып қайтқан қандастарымыздай биікке көтерілсе екен деген арманға толы ақ тілегімді айттым іштей. Себебі, бабамнан балаға мұра болып қалған Ұлы Даламда әлемге тән жер сұлулығы мен байлығының бәрі бар. Көк тіреген шыңы, үйілген шағыл құмы, орман-тоғай, нуы, жанға шипа суы, бұлт оранған тауы, жеміске толы бауы, айдынды шалқар көлі, ұлан-ғайыр жері бар менің далама да әлі талай ел қызыға да, қызғана қарайтынына сендім. Біз де дамыған елдің қатарынан орын алармыз. Егер, жер байлығы халықтың қазынасына құйылса, әркімнің маңдайына жазылған ырыздығы өзіне ғана бұйырса, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық деген тыйылса, бермесең ісің бітпейтін параның жолы қиылса. Қу дүниеге құнықпай, құндылықтарымызды ұлықтай, мойынымызда ата-баба аманаты бар екенін ұмытпай жүрсек… БІЗДЕ БӘРІ БОЛАДЫ!

 

——————————————————————————————————————————

Азан үні

 

Ыстамбұл.

Азан үні.

Таң намазы.

Бола гөр азаншыға Алла разы.

Алланы ұлықтасаң ақыретте,

Болмайды жан назалы, тән жазалы.

Ыстамбұл.

Азан үні.

Бесін еді.

Азаннан жәннат-самал есіледі.

Құдайдың құдіретіне құлдық ұрсаң,

Қатеңді мейірімді Алла кешіреді.

Ыстамбұл.

Екінті кез.

Азан үні.

Білгенге азан үні ~ жан азығы.

Бір сәтке ұмытылып күйбең тірлік.

Шайылар көңіліңнің аза-мұңы.

Ыстамбұл.

Азан үні.

Ақшам кірді.

Сезіндім үннен Алла шашқан нұрды.

Жаратқан сынағанмен сүріндірмес,

Мешітке қарай қадам басқан құлды.

Ыстамбұл.

Құптан намаз.

Тағы да азан.

Азаннан жаныма бір азық алам.

’Махаббатпен жаратқан адамзатты’’

Алласын таныған жан нағыз адам.

 

P.S.

Ең ғажап үн АЗАН ғой жер бетінде,

(Алланың ұлылығын белгі етуде).

Бір сәтте сан мыңдаған мұнарадан,

Шыққан үн Ыстамбұлды тербетуде.

Жұматай ОСПАНҰЛЫ.

 

Қатысты жаңалықтар

«Кітап – уақыт машинасы атты әдеби кеш өтті

«Кітап – уақыт машинасы атты әдеби кеш өтті

23.04.2026
«Legal Talk: ашық микрофон» форматындағы жастар форумы өтті

«Legal Talk: ашық микрофон» форматындағы жастар форумы өтті

23.04.2026
Жетісуда колонияға тыйым салынған заттарды өткізуге тосқауыл қойылды

Жетісуда колонияға тыйым салынған заттарды өткізуге тосқауыл қойылды

23.04.2026
23 сәуірдегі саудада доллар бағамы аздап өсті

23 сәуірдегі саудада доллар бағамы аздап өсті

23.04.2026
Президент халықаралық конвенция жетекшілерімен кездесу өткізді

Президент халықаралық конвенция жетекшілерімен кездесу өткізді

23.04.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.