Әңгімемізге арқау болып отырған Ұлдахан Жақыпбеков саналы ғұмырын білім саласына арнаған ұлағатты жан. Жандүниесіне үңілсеңіз өте байсалды, білімді, терең ойлы, тұла бойы тұнып тұрған ізгі қасиетке толы. Содан болар, ортасы, ауыл-елі түгелдей құрметтеп, сыйлап жатады. Иә, нағыз шебер ұстаз болу үшін уақыт пен ыждағатты еңбек, балаға деген сүйіспеншілік керек-ақ. Осы ұлағатты жолда ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уордтың мына сөзін өзіне басшылыққа алды: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады». Осындай қағидамен талай шәкірттің бағын ашты, жұлдызын жарқыратты.
Мектеп қабырғасында жүріп-ақ болашағын ұстаздықпен байланыстырып, алғаш қалам ұстатып, өмірге деген талабын ұштап, қабілет бұлағының көзін ашқан мұғалімдеріне деген алғысын осы саланы таңдау арқылы жеткізген Ұлдахан Оразұлы 1966 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтына түсіп, 1970 жылы физика пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Білім беру саласындағы алғашқы еңбек жолын балалық ізі қалып, бақытты күндерінің куәсі болып, өзі білім алған мектебінде бастаған Ұлдахан аға шәкірт тәрбиесіне білек сыбана кіріскен жан. Білім беру министрлігі бекітіп берген күнделікті пәндік тақырыптармен қатар әрбір баланың қарым-қабілетіне қарай әрекет жасап, сабақ мазмұнын оның бойына сіңіру үшін жанында отырып, түсіндіре білген жас маман аз ғана уақыттың ішінде шәкірттердің сүйікті ұстазына айналып шыға келді.
Қолынан іс келетін, ұжымның құрметіне бөленген ол 1970-1975 оқу жылдары физика пәнінің мұғалімі, 1975-1982 жылдары осы мектепте оқу-ісінің меңгерушісі қызметін атқарып, 1982-1985 жылдары осы өңірдегі Геологиялық барлау кешенінің сегізжылдық мектебінде директор болды. 1985-1986 жылдары Аралтөбе ауылының сегізжылдық мектебінде, 1986-2003 жылдары Райымбек батыр атындағы орта мектепте қызметін жалғастырды. Бұрынғы М. Калинин атындағы орта мектепті Райымбек батырдың атына ауыстыру үшін материалдар жинап, дәлелдеп, көп еңбек сіңірді. 2003-2012 жылдары Кербұлақ ауданының Бостан ауылындағы Н. Әлмұханбетов атындағы орта мектеп директоры қызметін абыроймен атқарып, құрметті зейнет демалысына шықты.
Ұлдахан Оразұлы сол кездегі М. Калинин атындағы орта мектепте кәсіби ұстаз ретінде қалыптасуына ықпал еткен әріптестері Баяш Ағланов, Нүсіпқожа Баққожаев, Тоқтасын Жақыпбеков, Бейсенбай Сманов, Ахмет Алтынбеков, Аманқос Жүсіпов, Зияш Заманбеков сияқты азаматтарды қимастықпен еске алады. Зейнеткерлік демалысқа шыққан соң бірнеше жыл ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы болды. 1986-2003 жылдары ауыл өмірінің гүлденуі бағытында «Алтын емел» ұлттық қорығының бас директоры, қоғам қайраткері, үш ауданда әкім болған Ғалым Тұрғанбаевпен ағалы-інідей болып, ақылдаса отырып жігерлі еңбек етті. Бұл жұмыста көп жыл шаруашылық басқарған Өкен Әбілмәжіновты ақылшы аға ретінде сыйлады. Білім беру саласында ұстаздық, директорлық еткен жылдары Ұлдахан Оразұлы көптеген шәкірттің жоғары білім алып шығуына жағдай жасады. Бұл туралы 2022 жылы немересі Алмас Рауанұлы «Ұлы дала ұрпағы» атты кітабындағы «Алмастың алар асулары» атты бөлімде былай деп жазады.
«Ұстаздан шәкірт озады емес пе?! Бұл – ұстаз үшін үлкен абырой. Көптеген шәкірті ұстаз еңбегінің жемісі. Техника ғылымдарының докторы, профессор Серік Машеков, математика ғылымдарының докторы, профессор Әбілмәжін Адамов, математика ғылымдарының кандидаты Жеңіс Омаров, экономика ғылымдарының кандидаты Сәден Жақыпбеков, салық қызметінің ардагері Әуелхан Әлішеров, белгілі кәсіпкер, меценат, «Гүлстан» журналының бас редакторы Гөзел Құлжабаева, опера әншісі Қайрат Өмірбеков, тағы басқалары еліміздің әр жерінде абыройлы еңбек етіп келеді».
Сегіз қырлы, бір сырлы азаматтардың тобынан табылып, атқарған ісінің игілігін жұртына ұсына білетін дарқан пейілді Ұлдахан Оразұлының ел ішіндегі елеулі еңбектері бір төбе. Соның ішінде шоқтығы биік марапат «КСРО Оқу ағарту ісінің үздігі», Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы, «Еңбек ардагері» медалінің иегері, есімі Қазақ-станның Алтын кітабына енген ұстаз.
Әкесі Ораз Жақыпбекұлы мен анасы Нұржамал Қожағұлқызы өмірін мал шаруашылығы саласына арнаған еңбек адамдары болған. Ұлдахан аға дүние сырын ақыл таразысына салып қарайтын басшы ғана емес, әр нәрсені көкірек көзімен сезе алатын қамқор әке, ақылшы отағасы, адал жары Нұрбүбі тәте екеуінің өсіріп, өрбіткен балалары еліміздің әр жерінде еңбек етуде. Ұлы Қуаныш сауда саласында, келіні Аида есепші қызметін атқарады. Рауан мен Жанна «Престиж» түрік фирмасында еңбек етеді. Күйеубаласы Медет шаруа қожалығын дөңгелетіп отырса, жары Нұргүл жас ұрпақты білім нәрімен сусындатқан мұғалім. Нұрбүбі тәте отбасында аяулы ана болса, педагогика майданында біте қайнап, қалтқысыз еңбек еткен тәжірибелі ұстаз. Жас буынға «Математика – нақты ғылым» деп дәріс берген еңбек жолының жемісін көріп, «ҚР Оқу ағарту ісінің үздігі» атағын алған. Қосымша жүргізген қолөнер үйірмесінің жұмыстары облыстық, республикалық мұражайларға қойылған.
Ақпанның ақ таңымен бірге мерейлі 80 жасқа келген білім саласының майталманы, ұстазым Ұлдахан Оразұлына деніне саулық, отбасына амандық тілей отырып, төмендегі жыр шумағымен сөзімді түйіндейін.
Ата-апалап шауып жүрген шөберелер.
Ұрпағыңмен бүр жарып көгере бер.
Жеңгеміз Нұрбүбімен тең қартайып,
Бала-шаға бақытына бөлене бер!
Сәден Жақыпбеков,
шәкірті
Талдықорған қаласы