ҚАРА ЕШКІ
Біздің ауылға көктем кеш келеді. Құстар да әлі орала қоймады. Қалықтау әні құлағымызға естілмеді. Аузы көкке ілінген мал қарасы да аса көріне бермейді. Көршіміз Кенже өз малына елден қосып бағатын қойларын жинап жатқан уақыт. Кенженің үлкен аталары оқалы күпіні киген манап болған деседі. Ал мына біздің Кенжені қандай жын соққаны белгісіз. Өте жұпыны. Олай болуының себебі бәрімізге де қызық.
Кенженің бала кезінен ақыл есі дұрыс. Әкесі ел қатарлы алдында шұбырған малы бар, дәулетті жан болды. Бір күні әкесі Кенжені ертіп, кеш бата қойларын санап-түгендеп жатқанда бақылдаған лақтың даусы маң даланың тыныштығын бұзды. Байқаса, қойдың шетінде жеке қалған жалғыз, құрттаған қара лақ екен. Оны аса елеп-ескермеген олар малын түгендеп болғанда көресіні осы лақтан көрді. Топ малға жоламай ары қашты, бері қашты. Өлдім-талдым дегенде екі жақтап жүріп, зорға дегенде қораға қамады-ау әйтеуір.
Қас әбден қарайып, ауыл түн құшағына енді. Мамырлаған бұлттар тау бауырайына қонған. Тірлік дүниесінде одан өзге бұлыңғыр ештеңе жоқ, бәрі анық. Тек зар желіспен атты кісі Кенженің үйіне келді де:
– Әкітай! Әкітай! Шық! – деп айғай салады. Саптама етігін киіп, Кенженің әкесі шыққанша әлгі адам үйге таяп қалған екен.
– Түн ортасында не қылған жансың?
– Әкітай, қырда қара ешкің қалып қойыпты. Бақылдап мұқым даланы басына көтеріп жүр. Тез барып әкелмесең ауылға ит-құс шақырып жүрер, түрі жаман! – деп мән-жайды айтқан бейтаныс жан кері бұрылып келген ізімен кетті. Кенже де ояу болатын. Әкесінің соңын ала тысқа шыққан ол да бәрін естіп, бәрін көріп тұрған.
– Әке, мен де барайыншы!
– Жоқ, балам өзім барамын. Сен демала, шешеңнің қойнына жат, – деп зекіп тастады. Әкесінің осы бір «шешеңнің қойнына жат» дегені намысына тиген болуы керек бала қасарысып қалды.
– Барамын деген соң барамын!
– Өй, жаман күшік! – деп әкесі шылымын шегіп болған соң ұлын артына мінгестіріп, қырға шығып кетті.
Жапан дала. Жаңғырық. Уілдеп соққан желмен бірге аулақтан байғыздың дауысы үзіліп-үзіліп естіледі. Әкітай бес арықтан айналып өтіп, терең қазылған каналды шиырлап кетті де, жоғары көтеріле бергенде үнсіз қалды. Демін ішіне тартып, біраз тың тыңдады. Іздеген ешкінің даусы өкпе тұстан бәсеңдеу естілді.
– Әкеңді сенің, – деген Әкітай астындағы атын тебініп дауыс шыққан жаққа қарай жүрді. Қараңғыдан қорқып келе жатқан болуы керек, күндегі тынымсыз Кенже үнсіз. Сұрақ та қоймайды, сөйлемейді де. Осы меңіреу тыныштықты қатты бақылдаған ешкі дауысы бұзды. Жақындап келіп қараса шынымен де құлағының екі шетінде ойық ені бар қара ешкі тұр. Әкітай жүгеннің тізгінін орай ұстап, қара ешкіні қуып беріп еді, бір қызығы ол қашпады. Мойнынан қыл арқанды салып, ары тартты, бері тартты. Орнынан қозғалар емес.
– Енді не қайран? Сені қайтсем екен? – деп Әкітай әбден қара терге түсті. Бірақ қара ешкі сол беті айдауға көнбеді.
– Өлсең өме қап! – деп ашуға булыққан Әкітай ешкіні тастады да ауылға қарай кете барды.
– Әке, неге тастап кеттік? Жалғыз өзі жапанда қорқады ғой, – деді Кенже.
– Жә, ертең мал шығарғанда қосармыз, – деген әкесі ауылға қарай бастайтын қалың қопаға сүңгіп кетті.
Таң бозарып атты. Бөктерге боз қырау қонар шақ емес. Жылымық та жоқ. Кенженің анасы таң ата сиырдың бұйдасымен алысып, қырға шығарып бара жатыр. Әкесі қой шығарып әбігерге түскен. Кенже де ерте тұрып, әкесіне жүген, ертоқымын тасып, бірге қойға кетуге дайындалды. Кенет қораның ішінен:
– Иттің ғана малы-ай! – деген Әкітайдың даусы қарлыға естілді. Кенже жүгіре басып, қараңғы қораға кірді. Сөйтсе, кешегі қырда қалған ешкінің лағын басқа ешкілер сүзіп өлтіріп тастапты. Қойларды қорадан шығарып жатқан әкесі Кенжеге:
– Қойдың соңынан жүріп отыр. Мынау лақ бұнда жата берсе сасып кетер, алысқа апарып тастайын, – деп қайта қораға кірген әкесі әлгі өлген лақтың жоқ екеніне көзі жетіп, Кенжені көп ұзатпай қуып жетеді.
– Әке, қалай тез апарып келдіңіз?
– Құрыдық! – деді Әкітай. – Енді мал түгел қырылатын болды. Кешегі лақ жынның баласы болып шықты. Малға қосылып кеткен кешегі лақты бөліп тастау керек еді.
– Бұл не дегеніңіз, әке? – деді шошына таңданып. Әңгіме осы арада тиылды да екеуі өріске тез жетуге асықты. Қырға қой айдап, бәрінен бұрын шыққан Кенже мен Әкітай түндегі ешкіні кешегі жерден тебен жоғалтқандай іздеді. Іс-тозсыз кеткен мақұлық сол күйі табылмады.
– Біздің ешкілер өлтірді. Енді малға аяу жоқ! – деп қатты қынжылған Әкітай терең ойға шомып. Жадыраңқы жүзі аяқ астынан бозарып, қуарды… Шынымен де арада ай өтпей Әкітайдың қой-ешкісі, ірі қара малдары қырылды. Тіптен Әкітай да көкпарға барып, ай-күннің аманында өз ажалынан емес, ат сүйретіп қапыда қаза тапты. Ал Кенже мен анасы жұпыны тірліктің күйін кешіп, өшкен оттың күлін шығарып қала берді.
…Кенже қазір есейген. Есін жинап, ел қатарлы түтінін түтетіп келеді. Өкініштісі, әулеттің дәулеті тасыған бағы тайып, елдің малын жинап бағып, нәпақа табады. Алла бір айналдарғанды шыр айналдырады деген шындық ау, сірә?! Соры қалың тағдыр кеш қарая мал санағар шақта ауылды аралап, «бөтендеу, сүреңсіздеу мал қосылған жоқ па?» деп барлап шығатынды шығарған…
Шалқар АҚСАҚАЛ
Фото: 4pda.to