Әкем – сырт көзге сұсты көрінетін адам. Басқалар солай дейді. Оның қатулы қабағы, қатал көзқарасы кейде жанындағы адамдардың да мысын басады. Көп сөзді кісі емес, артық сөзге араласқысы жоқ. Адам арасында салқынқанды, сабырлы мінез танытады.
Оның еңсесі әрдайым биік, арқасы тік, жүрісі баяу әрі нық. Асығыстық оған тән емес. Қай ортаға бармасын адамдардың назары бірден әкеме ауады. Орысшалап айтқанда әкем «харизмасымен» басқаларды бірден баурап алады. Тіпті, кейбіреулер оны көргенде еріксіз тік тұрып, өздерін жинақы ұстай бастайды. Әкем бойындағы бар қасиетімен менің ойымда нағыз ер-азаматтың бейнесін қалыптастырды.
Ол ауылдық округтің әкімі. Бірақ, ел білетін әкім мен мен білетін әкенің айырмашылығы жер мен көктей. Басқалар суық деп ойлайтын адамның жүрегі жұмсақ, көңілі кең екенін менен жақсы білетін адам жоқ.
«Қыз бала әкесіне жақын болады» деген рас сөз. «Жеке меншік» қызым деп бетімнен қақпай өсірді. Кенже қыз болғандықтан шығар әкемнің қасынан қалмай, ақылын тыңдап өстім. Әкем мен анам мектепте қатар қызмет атқарды. Соның өзінде таңертең әкемнің бас бармағынан бес саусағыммен мықтап ұстап, мектепке тек әкеммен баратынмын.
Кішкентай күнімде әр кеш сайын мені жанына шақырып, өмірдің қарапайым, бірақ аса маңызды қағидаларын түсіндіретін. Бұл біздің ерекше дәстүріміз. Ол кезде әлі баламын, бар ойым тезірек жылы төсекке жатып, ұйықтау ғана болатын. Есінеп отырып тыңдаған әңгіменің әйтеуір бір жері есімде қалады. Кенже қызының бойындағы көп адамда бола бермейтін тікмінезділік осы маужырап отырған кезінен қалыптасқандай…
Жиырма жасыма дейін басымды тік көтеріп, қатарымнан қалмай, жүзімнің ашық болуы үшін әкемнің әңгімесі жеткілікті болды. Бірде мен бала көңілмен сұрақ қойдым:
– Әке, неге күнде маған ақыл айта бересіз? Мен барлығын түсініп алдым ғой. Күнде қайталаудың не қажеті бар?
– Түсініп алу – бір басқа, түсініп өмір сүру – мүлде басқа, қызым, – деді. – Адам өмір бойы үйренуден жалықпауы керек. Өмірде өз орныңды табу үшін ең алдымен адал болуың қажет.
– Адал? Ол қалай сонда? – деп сұрадым.
– Адалдық – адамның ең үлкен байлығы. Жалған сөйлеп, адам алдап оңай ақша табатындар өмірін жеңілдететіндей көрінеді. Шын мәнінде олар өз қадірін, арын жоғалтады. Ешқашан оңай олжаға ұмтылма. Тер төгіп, еңбекпен келген нан ғана тәтті әрі берекелі болады.
Мен әрі қарайғы әңгімені үнсіз тыңдауды шештім. Әкем менің ойымды оқып қойғандай сөзін жалғастырды:
– Адамдармен қарым-қатынас та үлкен өнер, қызым. Бір ауыз жылы сөздің өзі өміріңді өзгертеді. Кіммен сөйлессең де, оның есімін атап, көзге тіке қарап, жымиып амандас. Сонда сенің алдыңда барлық есік ашыла бастайды. Сенің біреуге деген бір ауыз сөзің, оның жүрегіне жарық боп жағылуы мүмкін.
– Сонда адамдардың бәрі жақсылыққа жауап қайтара ма? – деп сұрадым ойланып.
– Бәрі емес, бірақ сен олардан қайтарым күтпе. Мейірімді болу, жақсы сөз айту – ол өзің үшін жасаған жақсылық. Бұл сенің болмысың болсын. Мейірімді бол. Қолыңнан келіп тұрса жақсылық жасауға тырыс. Жүрегің кең болсын. Сонда өмір саған өзі жақсылық сыйлайды.
Бұл сөздер маған қатты әсер етті. Кейін мектепке барғанымда, көшеде үлкен кісілерге амандасып, жай ғана «Қалыңыз қалай?» деп сұраудың өзі адамның күнін жақсы етіп, көңіл-күйін көтеретінін байқадым. Әкем айтқан ақиқат өмірде дәл келіп жатты.
Ес біліп, оң-солымды тани алатын жасқа жеттім дегенде әкемнің кезекті әңгімесі былай басталды:
– Мақпал, сен қазір адамдарды қалай танисың?
– Қалай дегенде…Сөзінен тануға болатын шығар.
– Жоқ, – деп жымиып басын шайқады. – Адамды сөзінен емес, ісінен тану керек. Кейбіреулер әдемі сөйлейді, уәде береді, бірақ ешқашан орындамайды. Ал, «уәде – Құдай сөзі» дейді. Бекер емес. Шынайы адамдар сөзіне адал, уәдесіне берік жандар.
Бұл сөздер де ойымда түйін боп қалды. Әкемді өмір бойы бақылай жүріп, мен оның өз өмірінде дәл осылай өмір сүретінін байқадым. Ол ешкімнің алдында жалтақтамайтын, сөзі мен ісі бір, үнемі әділдік жолында жүреді.
Қазір мен жиырмада болсам да, сол әңгімелер өмірлік бағдарыма айналды. Қай жерде болсам да, кіммен кездессем де, адамдармен қалай сөйлесуді, қалай сыйласуды, ең бастысы, адал және шынайы болуды есімнен шығармауға тырысамын. Әкемнің айтқан ақылы мені үлкен өмірге дайындағанын алдыма қиындық келген сәттерде тереңінен түсіне бастадым.
Қазір әкемнен жырақтамын. Ой салатын әңгімесін, салмақты сөзін бала күнімдегідей күнде тыңдай алмаймын. Есесіне, ерте жастан есті болуыма еңбек сіңіргені үшін күн сайын алғысымды айтамын.
Қаланың күйбең тіршілігінен, қатыгез қоғамнан шаршағанда, сол бала күніме қайта оралғым келіп кетеді. Өмірді де, әкесінің әңгімесін де әлі түсініп үлгермеген кішкентай Мақпалға қызығамын да қоямын. Асылында, енді мен тек тыңдаушы емес, сол қағидалармен өмір сүретін адаммын.
Ардақты әкемнің таудай тұлғасын, биік адамгершілік қасиетін, ұсақ тірліктің әр сынынан азаматтық болмыспен жол тауып шығатын қасиетін ойға оралтып, әкелік болмысын ашуға шабыт сыйлаған құны еш нәрсемен өлшенбейтін перзенттік сезім деп білемін.
Мақпал Әділханқызы
ЖУ-дың 4-курс студенті
Фото: myslo.ru