«Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту», – депті даңқты батыр Бауыржан Момышұлы. Сондықтан тіл – әр мемлекеттің, ұлттың баға жетпес асыл қазынасы. Ол әрбір пенде баласына ана сүтімен бірге дариды. Әрине ұлттың ең бірінші, ең қасиетті сипаты – оның ана тілі. Сондықтан да Конституциямыздың жетінші бабының бірінші тармағында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – Қазақ тілі деп айқын жазылған.
Біз «Тіл тағдырын – ел тағдыры» деп білген дана халықпыз. Әр адам баласы өз ана тілін қастерлеп, көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануына тоқтау салып және өзгенің тілімізді орынсыз даттауына жол бермеу қажет. Тілдің мәрбесін арттыру, абыройын асқақтату – кез келген ұлтым деген ұлы жанның ел алдындағы азаматтық борышы.
Біздің ұлттық келбетіміздегі құндылық, болмысымыз, салт-сана, дініміз, мәдениетіміз тілімізде жатыр. Олай болса, жас ұрпақты парасатты, білімді, іскер, отансүйгіш, ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекетік тілдің атқаратын қызметі зор. Егеменді ел болып, ес жиып, енді етек жия бастап төрткіл дүниеге өзімізді паш етуге тырысып жүрген бұл күндері күмәнға күдік тудыратын, солақай сорақыларды көзбен көріп, қолмен ұстай отырып қазақ тілі мәселесі жөнінде толғанбай тұра алмаймыз. Тіл – таусылмайтын баға жетпес байлық. Қанша көп тіл білсең, өзгеден соншалықты биік боласың. Қоғам қайраткері. Қазақстанның халық жазушысы Г.Бельгер: «Әлдеқалай орыс, неміс таныстарымның арасына түсе қалғанда, олардың әңгімесі қыза-қыза келгенде, маған тұтқиылдан сұрақ қоятыны бар: «Осы қазақ тілі қалай өзі … бай тіл ме?». Бір ауыз сөзбен қысқа қайырып: «Бай! десем, бәрібір сене қоймайтынын білем. Сондықтан, сөзім дәлелді болу үшін, мен де жауап берер алдында ойланып, атам қазақтың «біреу ойнап сұраса, сен шындап жауап бер» деген қағидасын ескеріп, көптеген мысалдар келтіремін. Айталық, орыс, неміс тілдерінде тапшы келетін қазақтың мал атауларын ұзақ-сонар әңгімелеп, тізіп ала жөнелемін», – деп өз ойымен бөліссе, Ресей шығыстанушысы, этнограф В.Радлов: «Қазақтардың тілі жатық та шешен, әрі өткір, көбіне іліп-қағып сұрақпен жауап беруге келгенде таң қалдырарлықтай оралымды сөйлейді. Кез келгені, тіптен сауатсыздарының өзі ана тілінде біздің Еуропада байқап жүргенімізден тек француздар мен орыстардың дәрежесінде сөйлей біледі», – деп өз пікірін білдірді. Демек, ана тіліміздің мәртебесі қашанда биік тұруы қажет. Өзге тілді үйренбес бұрын ең әуелі туған еліңнің мемлекеттік тілін жоғары дәрежеде білуге міндеттіміз. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әлемде ең көп сөйлейтін тіл – қытай тілі, ал екінші – ағылшын тілі, үшінші – хинди тілі. Қытай және хинди тілдерінің жоғары рейтингке ие болуы тек белгілі бір этникалық топтар санының көптігіне байланысты болса, ағылшын тілі көптеген этностар мен мемлекеттердің негізгі қолданыс тілі, сонымен қатар әлемдік деңгейде коммуникация құралы ретінде кең қолданысқа ие.
Қазіргі қазақ қоғамы мүлдем өзгеріп барады. Ал ана тілімізге деген құрмет азайып кеткендей. Неге? Зерделеуімізше, себеп мынада көбінесе қазақ тілінің тек ауылдық жерлерде ғана мерейі үстем. Ал қалада қолданысы азайған. Сол баяғы солақай саясат, орыстандару әлі күнге дейін жүріп жатыр. Байқап қарайтын болсаңыз көшеде бір топ қазақ жігітіне орыс азаматы келіп сағат сұрайтын болса аналардың бәрі орысша жауап қатады. Дүкендегі сатушы өзге ұлт өкілі болатын болса Қазақстанда жүріп олардың тілін білмегеніне ұялатын сол баяғы қазақтар. Орыстың тіліне тілі келмей бір-бірін мазақ қылатын кім? Әрине өкініштісі ол да өзіміздің қазақ. Тіпті үйдегі тәлім-тәрбие де кеңестік тілде болуы өскелең жас ұрпаққа көп зиянын тигізуде. Байқасаңыз көшеде ұрысып, боқтасса да ауыздарынан өзгенің боқтығы өңеш жыртқызады. Бүгінде елімізде 130 астам ұлт өкілі мекендейді. Олардың бәрі қазақ тілінде емес өз ана тілінде еркін сөйлеп жүргенін көріп ішің удай ашиды. Себебі кімге болсада түсінікті. Анығы біз олардың санасында малшы, момын кейпінде қалып қалғанбыз!..
Күнделікті күйбелең тірліктің қай кезінде болсын барған жеріңде мемлекеттік тілге желімдей жабысып, қосарласқан орыс тілінсіз мәселенің шешілмейтіні тағы бар. Тіпті осы ширек ғасырда қарапайым ататекке өзгеріс енгізе алмадық. Тегімізге темір шынжыр болып ілінген «ов», «ев» жұрнақтарынан арылу тәуелсіздік алғаннан кейін ғана көтеріліп отырған жоқ. Алашорданың біртуар азаматы Ә.Бөкейхан өз заманында: «Қазақтың аты-жөнін орыс халқына еліктеп, «ов, ев»,-деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз тегін «ұлы», «қызы» деп аяқтаса, санамыздың ұлттың мүддесіне қарай өрістері хақ!», – деп ұрандаған еді. Өкінішке қарай содан бері ғасыр ауыссада біз аты-жөнімізге тағылған қара таңбадан арыла алмадық. Сорақысы, ұлысын, ұлтын жаңғыртуға барын салып, жанын пида еткен Алаш арыстарының аттарын да бұрмалап, Әлихан Бөкейханға «ов» деген жалғауды қосып беріп, мәз болдық. Ақиқаты, олар ешқашан өзінің тектеріне орыс жалғауларын қоспаған. Бізге осындай мәселе туындамас үшін қазақтың өзінің идендификациясын құрастырып, «Ұлы» деген ұлы да мәнді жалғауды қалдырды.
Тіл мәселесінде ана тіліміздегі жарымжан жарнамалар мен оқулықтағы олқылықтар жайы айтыла-айтыла жауыр болғалы қашан? Сөзбе сөз аударылған кітаптарды оқыған сәтте тіліміздің осыншама қорлануын көргенде көзге іріксіз жас келеді. Міне бұл жерде де үлкен кемшілік енді өсіп келе жатқан жас ұрпақ сондай түсініксіз мағынасыз жазылған кітаптарды көргеннен кейін өзінің тарихына деген құштарлығын жоғалтпасына кім кепіл?! Ал «тілдің келешегі жастардың қолында» деп ұрандайтынымыз тағы бар. Бірақ олардың бүгінгі таңда тілдік қолданыстары қандай дәрежеде? Әлеуметтік желіде таңның атысымен күннің батысына дейін отыратын буын ұзақ жазуға еріне ме әлде мұның өзге бір себебі бар ма қысқа жаргон сөздермен ғана жазуға құмар. Тіпті, ғаламтордағы кейбір сайт бетіндегі жазбалардан тыныс белгілерді мүлдем таба алмайсың. Үтірі қайсы, нүктесі қайсы оны ажырату сіздің еншіңізде. Ал енді бірі жер, су аттарын сөйлемнің басын, адамның атын бас әріппен жазу деген ережені түбегейлі ұмытқан. Бәлкім бұл олардың күнделікті жазу дағдысына айналып бара жатқан шығар бірақ мұны қазіргі жас буын «сәнді сөйлем» деп мақтаныш көретіндей. Ал мұны аға буын «қазақ тілінің шұбарлануы» деп айыптайды. Келешек ұрпақ заман талабына сай қашан да тосын жаңалыққа, түрлі өзгерістерге, ерекше стильге құмартып жүретіні бәрімізге мәлім. Осы таңданыстар арқылы жастардың таным түйсігі мен жалпы қоғамның тыныс-тіршілігін біле аламыз. Дегенмен, сән арбауында кеткен жас жеткіншектердің ана тілімізге немқұрайлы қарауы қазіргі таңдағы басты мәселеге айналып барады. Негізі жастардың сөйлеу мәдениеті өзінің ортасы арқылы өзгеріске ұшырайды. Олардың көретін кинолары, оқитын оқулықтары, тамашалайтын жағымды жаңалықтарына байланысты қалыптасады. Сондықтан «біз осы бағытта не істеп бере алдық» деген сұрақ әркімді мазалауы тиіс.
Қазақ тілінің жүректегі жарасын айналып келгенде, тіл мамандарынан артық ешкім түсінбес. Тіл дегенде бір бүйректері бұрып тұратын олардың артында өздері оқытып, тәрбиелеген қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдері деген ірі күш тұрғаны белгілі. Міне ең алдымен, сол күшке жататын мамандар сапалы дайындалуға қажет-ақ. Себебі олармен қатар иық тіресіп, үзеңгі қағыстырып ел руханиятына еңбек ететін журналистер қауымы деген тағы бір зор күш иелері бар екенін естен шығармаған жөн. Газет-журнал, телеарна, радиолар, баспасөз хатшылары, PR-менеджерлер, кеңсе ісін жүргізушілер, аудармашылар, дипломаттар, философтар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, жазушылар, сахна мен экран өнерінің қайраткерлері әртістер, сыншылар, саясаттанушылар сияқты сан мыңдаған маман иелері өз ана тілін көздің қарашығындай сақтауға қабілетсіз деуге бола ма? Осыншама күшіміз бен мүмкіндігіміз бола тұра тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерзімінде тым құрығанда жарымжан жарнамалар мен дүбәра аудармадан құтыла алмай-ақ қойғанымыз көңілге қаяу түсірді. Көше толған «Біз ашылдық» деген сияқты күлкі тударатын қатеге толы жарнамалар есті тандырса, әр мекеменің есігінің тұтқасын ұстай қалсаңыз «Өзіңе», «Өзіңнен» деген былдыр-батпақ сөз өңменіңнен тесіп өтеді. Қазақта «ары-бері», «тарт-итер» деген көңілге қонатын әдемі, сәлиқалы сөздер жыртылып айырылады. Неге соны жайнатып тұрып орынымен қолданбасқа?! Біздің жас журналистеріміз ұлттық әдебиетіміздің інжу-маржандарын оқыса, тілдері түзелер еді. Сорымыз қайнағанда, өзгесінен бұрын қазақтың ең кең тараған бір мақалын жиырма жыл бойы айтып та, жазып та ұқтыра алмадық. Бәрі бір өзара келісіп алғандай-ақ «былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі» деп былжырайды да тұрады. Мәнді мақалдың құтын қашырмай, дұрыс нұсқасында: «ары тартсаң арба сынады, бері тартсаң өгіз өледі» деп үндестігімен үйлесім тапқан тіркесіне қанат бітірсек барша ұлы даламызға еркін самғап, шарапатын шашар еді. Бір күні киелі сөздің иесіне жолығып жүрмесек болғаны…
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың әр кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламалары қарқынды жүргізіліп жатыр. Алайда әлі де қазақ тілінің әлеуетін көтеру бағытында қыруар жұмыстар бар екенін ұмытпаған абзал. Тіл жаңашыры Сәкен Есіркеп: «Елімізде Ұлттық экономика министрлігі комитетінің дерегіне сүйенетін болсақ Қазақстанда жалпы орта білім беру мекемелерінде оқитын оқушы саны – 3 337 783. Ал оның ішінде таза қазақ тілінде білім алтындар саны – 1 468 433. Орыс тілінде білім алушылар саны – 403 927. Өзбек тілінде оқитын бала саны – 8333, болатын болса ұйғыр тілінде білім алушылар – 6223 және де өзге тілдерді білім алатындар саны – 1526. Көріп тұрағанымыздай статистика деректерінен Қазақстанда қазақ тілінде білім алушы балалар жалпы оқушылардың көрсеткішінен 72 пайызбен асып тұр. Сондай-ақ, өткен оқу жылындағы деректерге сүйенсек еліміздегі жоғары оқу орындарында оқитын студенттерінің 65,2 пайызы қазақ тілінде, 30 пайызы орыс тілінде, 4,6 пайызы ағылшын тілінде білім алуды жөн көрген», – деп арифметикалық амалмен бізге нәтижесін көрсетіп берді. Бұл мәліметтің өзінен біраз дүниені аңғаруға болады.
Қазақ тілі бар болғаны 42 әріптен құралған өте бай тіл. Сол әріптен сөз, сөзден сөйлем, сөйлемнен мәтін құрап шығарған біздің дана бабаларымыз қандай білімді, сөзге шешен болған десеңізші. Сондықтан да осы қасиетті тіл елдегі барша халықты бір тудың астына біріктіріп, мәдени дәрежесін көтеретін пәрменді құрал, жұртшылықты жаппай отаншылдық рухта тәрбиелеудің қуатты қаруы іспетті. Төл тілде сөйлеуден безу ақ сүт беріп, асыраған анаңды ұмытумен бердей. Тілімізді тірлігімізде дәріптеліп, ірілігімізге қызмет етсе ұлы даламыздың аспаны айбынды, қазақтың мәртебесі асқақ болары хақ.
Бауыржан ӘШІМХАНҰЛЫ
ЖУ-дың 4 — курс студенті
Фото: qazaquni.kz