Бангкокта (Тайланд) өткен волейболдан әйелдер командалары арасындағы 2-ші Азия чемпиондар лигасында «Жетісу» командасы 3-орын алды. Қола медаль үшін болған ойында «Суприм» (Тайланд) ұжымын 3:0 (25:18, 25:15, 25:21) есебімен жеңді.
– Ең алдымен барша қазақстандықтарды осы жүлдемен құттықтаймын. Бұл бір клубтың ғана емес еліміздің волейболы үшінде айтулы деп білемін. Кешегі ауыр ойыннан кейін волейболшыларымыз тез өздеріне келіп, бүгін тамаша ойын көрсетті, – дейді «Жетісу» волейбол клубының бас бапкері Марко Гршич.
«Суприммен» болған ойында «Жетісу» сапынан үздік нәтижені Татьяна Никитина көрсетті. Ол 21 ұпай (19 шабуыл, 1 эйс, 1 тосқауыл) алды. Одан кейінгі көрсеткіш Мяо Ивэнге (15 ұпай – 13 шабуыл, 1 эйс, 1 тосқауыл) тиесілі.
«Жетісу» командасынан жалпы турнирдің үздік құрамының қатарына либеро Мадина Бекет кірді.
Биыл «Жетісу» волейбол клубының құрылғанына 25 жыл толады. Биыл әйелдер командасы ел чемпионатын жеңіп, Қазақстан Суперкубогын алып, Азия чемпиондар лигасын 3-орынмен аяқтады.





