Жетісу облысында дене шынықтыру және спорт саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, бұқаралық спортты насихаттау, инфрақұрылымды дамыту бойынша оң өзгерістер бар. Бұл жөнінде облыстағы дене шынықтыру және спорт бсқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Дуанаев айтты.
Спикердің ақпаратынша бұқаралық спортты дамыту мақсатында жыл басынан бері 4 мыңнан астам түрлі деңгейдегі іс-шара ұйымдастырылды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында спорт саласында жаңа тәсілдер, «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға өзгерістер енді. Осыған сәйкес, мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жүйесі енгізілуде. Бұл жүйе бюджет қаражатының ашықтығын, әділдігін және нақты қызмет алып жүрген білім алушылардың санына қарай бөлінуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, спортшылар контингентін есепке алу пилоттық режимдегі цифрлық платформа арқылы жүзеге асырылуда. Спорт мектептеріне қабылдау «Электрондық үкімет» порталы арқылы жүзеге асып, бұл ата-аналар мен балалар үшін қолайлы жағдай жасауға және оқу процесінің ашықтығын арттыруға бағытталады.
Жыл басынан бері өңір спортшылары әлем, Азия чемпионаттарында және халықаралық турнирлерде жоғары нәтижелер көрсетті. Атап айтқанда, велоспорттан Евгений Федоров (ересектер арасында алтын) пен Айгерім Смаилканова (юниорлар арасында алтын), Денис Сергиенко (күміс), дзюдодан Мөлдір Нарынова (командалық жарыста күміс), ауыр атлетикадан Алихан Әскербай (қола), сондай-ақ 23 жасқа дейінгі жастар арасында Ерасыл Жеңіс (грек-рим күресі, күміс), Абылайхан Узембаев (еркін күрес, күміс), Құралай Егінбайқызы (бокс, күміс), Мадира Жұмахан (U-19, бокс, қола) және Айбын Мажит (U-15, бокс, күміс) жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар, 2026 жылғы ХХ Азия ойындарына облыстан 6 спорт түрінен 11 спортшы қатысады деп жоспарланған. Ал нақты құрам тамыз айының соңында іріктеу қорытындысы бойынша белгілі болады.
«Жетісу-Ақпарат»





