Жетісу облысының Ақсу ауданында суару желілерін реконструкциялау жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында жалпы ұзындығы 37,8 шақырым болатын каналдар жаңартылып, 170 гидротехникалық нысан салу жоспарланған, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Құрылыс-монтаж жұмыстары кезең-кезеңімен сегіз каналда жүргізілуде. Олардың қатарында КРХ-1-1-1, «Ойтоған», «Қаратоған», «Алтынарық», «Сол жағалау», 1РХ, «Танеке» және ВРХ-1 каналдары бар. Сонымен қатар Көксу ауданында да суару жүйелерін реконструкциялау жұмыстары атқарылып жатыр. Жоба 15 537 гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етуді жақсартуға бағытталған. Бұл ретте 266,4 шақырым канал қайта жаңғыртылып, 1 099 гидротехникалық нысан салу көзделген. Қазіргі таңда жұмыстар Р-1-1, «Жекмет», Р-3-4, «Ақшатоған», «Нұрабай», «Орта Арық», «Мәмбет» және «Бақытжан» каналдарында жүргізілуде.
Көксу ауданындағы жоба екі кезеңмен іске асырылуда. Бірінші кезеңдегі жұмыстарды биыл аяқтау жоспарланған.
«Бұл жобаларды іске асыру су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту арқылы суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету тиімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар бұрын ауыл шаруашылығы айналымынан шығып қалған жерлерді қалпына келтіріп, оларды қайтадан экономикалық айналымға енгізу қарастырылған. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттыруға, шаруалар табысын арттыруға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді деп күтіліп отыр», – деді «Қазсушар» РМК-ның Жетісу облысы бойынша филиалының директоры Медет Керімжанов.





