СЕНІМ АРТЫЛДЫ

Уақыты: 18.08.2017
Оқылды: 949
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Еңбекшіқазақ ауданына қарасты 16 ауылдық округ әкімдерін сайлау ойдағыдай өтті. Балама кандидаттар ұсынылып, сайлауға 47 үміткер қатысты. Олардың бәрі де көпшілік көңілінен шығатын білікті азаматтар ретінде іріктелген.
Сайлау Есік қаласындағы В. Терешкова атындағы орта мектепте өтті. Жасырын дауыс беру арқылы үміткерлердің лайықты бағасын беру аудандық мәслихаттың 22 депутатының еншісіне тиді. Дауыс беру үрдісін аудандық сайлау комиссиясы мүшелері қатаң қадағалады. Жабық кабиналар жасақталды. Сайлау бюллетеньдерінің бәрі талапқа сай болды.
Комиссия мүшелері мерзімді сәтте сайлау бюллетеньдерін мұқият санады. Олардың ішінде жарамсызы жоқ. Мәслихат депутаттары дауыс беруге толық қатыс­ты. Нәтижесінде, ел сенімін арқалаған 16 азамат ауыл әкімінің мандатына ие болды. Сайланғандардың ішінде Масақ және Ташкенсаз ауылдық округтерінің әкімдері бұл қызметке бірінші рет келіп отыр. 14 әкім қайта сайланды. Ең бастысы, ел сайлаған әкімдер қоғамдағы экономикалық және рухани жаңғыруға айтарлықтай үлес қосады, қабілет-қарымын, мүмкіндік пен дарынын танытады деген сенім мол.


Б. БАТЫҚҰЛЫ.
Еңбекшіқазақ ауданы.