Шешендік өнермен баспасөз бетін шиырлап, ақпарат айдынында үздіксіз қалам сілтеп келе жатқан журналистердің еңбегі қашанда елеулі. Қиындығы мен қызығы мол жаңалық жаршыларын осы аптада облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қабылдап, Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтады. Осыған дейін облыстық әкімдіктің залында өтіп келген салтанатты шараның шымылдығы биыл тұңғыш рет І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында түрілді. Сөз тізгінін ұстаған тілшілер адамзатты ақиқатқа құрылған ақпаратпен азықтандырып, еліміздің мәдени-рухани өміріне елеулі үлес қосып келеді. Шығармашылықтың қазанында қайнаған публицистика шеберлері қай салада да түрен салып кете беретін әмбебап әрі қоғамдық-саяси өмірде де әу бастан белсенді.
«Қол бастаудан сөз бастау қиын» демекші, журналистика – кез келген адам игере алмайтын күрделі мамандық. Себебі, журналистің бірауыз сөзімен дүйім ел ақпараттанып, таратқан жаңалықтары қоғамда қозғаушы күшке ие болады. Сондықтан, бұл саланың жүгі ауыр, жауапкершілігі зор. Қазіргі таңда өлкемізде облыстық телеарна, 72 газет-журнал, екі-екіден радио, ақпараттық агенттік және 5 республикалық телеарнаның қосыны жұмыс істейді. Еліміз тәуелсіздік алғалы бұқаралық ақпарат құралдары әлемдік журналистикамен теңесіп, ашық байланысқа шығуға мүмкіндік алды. Бүгінгідей ақпарат тасқындаған заманда өзгелерден қалыс қалмай, жылдамдықпен жұмыс істеу – уақыт заңдылығы.
– Журналистика – барлық саланың басын біріктіруші мамандық, – деп бастады облыс әкімі құттықтау сөзін. – Жыл сайын өздеріңізбен жүздесу қашаннан қалыптасқан жағдай. Өңірімізде атқарылып жатқан барлық істің басы-қасында жүріп, оны халыққа уақытында жеткізіп келесіздер. Адалдықты ту етіп, қаламын серігі еткен журналистердің жанкешті еңбегінің нәтижесінде қоғамда жайдарман жаңалықтар көп. Орын алған түрлі оқиғалар да бұқараға тез арада жеткізіледі. Мерейлі мамандықтың иесі болу – кез келгенге жазыла бермейтін бақ. Сондықтан тілшілердің тірлігі ерен, еңбегі елеулі. Біз журналистер қауымын ерекше құрмет тұтамыз. Құрметті қаламгерлер, төл мерекелеріңіз құтты болсын! Бастарыңызға амандық тілейміз. Шығармашылықтарыңыз еселене берсін.
Облыс әкімі журналистерге облыс орталығынан аумағы 8360 шаршы метрді құрайтын Журналистер үйін қолданысқа берді. Бұл – тілшілердің жұмыс істеуіне жасалған үлкен жағдай. Олардың алаңсыз қызмет атқаруы қашанда басты назарда. Өйткені ақпарат арқалап, сөз тізгіндеген тілшілер халық пен биліктің арасын байланыстырушы қызмет атқарады. Осы орайда өңірлік коммуникациялар қызметі жұмыс істеуде. Олардың негізгі бағыты – халық пен мемлекеттік органдардың байланысын арттырып, баспасөз мәслихаты арқылы облыс, қала, аудан әкімдерінің, басқарма басшыларының есептерімен елді құлағдар ету.
Сондай-ақ, жыл бойына журналистер арасында байқаулар ұйымдастырылып тұрады. Журналистердің еңбегін бағалап, оларды марапаттау – заңды құбылыс. Кез келген байқау тілшілердің бабында жүруінің кепілі, ал марапат – оларды қанаттандырып, шығармашылыққа деген құштарлықтарын арттыра түседі. Мәселен, былтыр ғана облыстық «Жетісу» газеті республикалық басылымдардан оза шауып, Елбасының арнайы Алғысын иеленді.
Облыс әкімі баспанасыз жүрген жас тілшілерге де ерекше көңіл бөліп, төртінші билік өкілдеріне пәтер кілтін табыстауды дәстүрге айналдырған. Биылдың өзінде жұмысқа кіргендеріне көп уақыт өте қоймаса да, жас жүректеріне жігер алып, қолдау көрген облыстық «Жетісу» газетінің тілшілері Қуаныш Тұнғатар мен Құралбек Сәбитұлы таяуда, ал тура төл мерекемізде «Жетісу» телеарнасының журналистері Есболат Айдабосын мен Ерлан Жүніс су жаңа пәтер кілтін алды.
Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайы кіреберісінен мерейлі көңіл күйдің лебі аңқып тұр. Салтанатты басқосуда облыс әкімі өңірімізде жүзеге асқан, алдағы уақытта атқарылуға тиісті шараларға ерекше тоқталып өтті. Журналистердің еңбегін еселеп, оларға алғысын білдірді.
Шарада ақпарат айдынында құлаштай жүзіп, жүктеген міндетті мінсіз атқарып келе жатқан бір топ журналистер марапатқа ие болды. Облыс әкімі баспасөз қызметінің бас мамандары Сағыныш Намазшамова мен Қарлығаш Арыстанбекова ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Құрмет грамотасын алды. Ал қаламы жүйрік әріптесіміз Асыл Сұлтанғазы бастаған бір топ тілшілерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы тапсырылды.
Салтанатты марапаттан кейін республикалық, өңірлік басылымның тілшілері кезек-кезек сөз алып, жыл сайын жүлде беріп, ерекше құрмет көрсететін өңір басшысына ризашылықтарын жеткізді. «Хабар» агенттігінің облыстағы меншікті тілшісі Тілеуғабыл Мыңжасар тілшілерге толағай табыс тіледі. «Bnews.kz» агенттігінің сарапшысы, журналистер арасындағы дәстүрлі «Нұр Сұңқар» республикалық байқауының «Көзқарас» аталымы бойынша үздік блогер атанған жеңімпаз Қанат Әуесбай өз сөзінде Жетісу жұртшылығына деген көңілінің ерекше екенін айтып, құшақ жайып қарсы алатын жер жаннатына құрақ ұшып келгенін асқақ сезіммен жеткізді. «Құрметті Амандық Ғаббасұлы! Сіздің арқаңызда Жетісу өңірі қарыштап даму үстінде. Біз сонау Астанадан Жетісудағы жан тербетер жақсы жаңалықтарды естіп-біліп жатамыз. Қант қызылшасы зауытын іске қосқаныңыз, дәмі таңдаймыздан кеткен апорт алмасын қайта өсіруді қолға алғаныңыз көңіл қуантады. Жері шұрайлы, елі шырайлы Жетісудің бас қаласы Талдықорғанның да күн санап адам танымастай өзгеріп, керемет кейіпке енуі – үлкен жұмыс нәтижесі. Астанадағы жәрмеңкеге келіп тұрыңыздар. Әйтпесе көрікті өлкенің өнімдерін сағынып қаламыз. Біз Астанада жатып Жетісудің апортын жеп отырайық», – деді ол.
Қанат Әуесбайдың сөзіне өңір басшысы бірден жауап қатты. – Атқарылып жатқан ауқымды істің барлығы біріншіден, халықтың ниет-тілегімен байланысты. Барлығы ел үшін, болашақ үшін жасалып отыр, – деді облыс әкімі астаналық журналистің ұсынысына қуана қолдау білдіріп. – Иә, қант зауыты бүгінгі таңда біздің басты байлығымыз болмақ. Сапалы әрі таза өнім шығару да біздің мақсатымыз. Жетісу өнімдерін Астанаға да, өзге де қалаларға да жәрмеңкеге шығарамыз әлі. Сол кезде апорттың нағыз дәмін тататын боласыз, – деп журналист пікірін жалғап әкетті.
Мерекелік шара «Өнер – өшпес мұра» атты концерттік бағдарламамен жалғасты. Мемлекет мүддесі мен Ұлы Даланың мақсат-мұраты жолында аянбай тер төгіп келе жатқан қаламы ұшқыр, ойы жүйрік журналистер қауымы алқалы жиыннан кейін облыс әкімі Амандық Баталовпен естелік суретке түсті.
Журналистер мерекесімен құттықтаған Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев та бір топ жетісулық тілшілерді қабылдап, ақжарма тілегі мен арнайы сыйлық табыс етті.
Құралбек Сәбитов