ЕЛ АЙШЫҒЫ – ЕЛТАҢБА

Уақыты: 04.06.2022
Оқылды: 499
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мен Сыр өңіріндегі ежелгі Сығанақ топырағында дүниеге келіппін. Балалық шағым теміржол бойындағы Екпінді атты шағын бекетте өтті. Ол алапат соғыстан кейінгі ауыр жылдар еді.

«Көппен көрген ұлы той»  демекші, жұрт қатарлы тіршілік кештік. Мектеп бітіргеннен кейін Ташкент политехникалық институтының сәулет өнері факультетіне түсіп, сәулетші мамандығын алып шықтым. Ендігі арманым – ару қала Алматыға барып, еңбек ету болатын. Алайда, тағдырдың жазуымен Ташкентте  қалып, ғылыми зерттеу-жобалау институтының қала құрылысы шеберханасының жетекшісі, жобалау жөнінде бас сәулетші қызметтерін атқардым. Еңбегім табыссыз болмағаны анық. Менің жобам бойынша Әндіжан қаласындағы әуежай, Ташкенттегі Үкімет қонақүйі, Ферғанадағы облыстық пошта, Самарқандағы облыстық әкімшілік ғимараты, драма театры және бірқатар тұрғын үй кешендері салынып, жұртшылық тарапынан жоғары бағаланғанын көрдім. Ташкенттегі Төле би кесенесін жаңғыртып, жаңа қалыпқа келтіруге де еңбегім сіңгенін  айтудың әбестігі бола қоймас.
Сыртта жүрсек те туған жер, Отанға деген сағыныш жүрегіміздің тереңінде маздап жатушы еді ғой. Көңіліміз алаңдап, елден жететін әрбір жаңалыққа елеңдей құлақ түретінбіз. Қазақстанның тәуелсіздігін алған кездегі қуанышымыз тіптен ерекше. Енді елге қайту жайлы да ойлана бастағанбыз. Сондай күндердің бірінде ауылдан келген ағайындар әкелген газетті шолып отырып, мемлекеттік рәміздерге байқау жарияланғаны жайлы жарнамаға көзім түспесі бар ма?! Бұл хабар мені елең еткізіп, көңілімді ойран-топыр етіп кеткендей болды. Отаныма аз ғана болса да еңбегімді сіңіріп, үлесімді қоссам деген мақсат меңдеп алғандай. Сәулетші ретінде қазағымның мемлекеттігін айшықтайтын, әлем алдында айбарын көрсететін Елтаңба жасасам деген ой маза бермеді. Толғанып біраз жүрдім. Ақыры осы байқауға өз туындымды ұсынып, бағымды сынап көрмекке бекіндім.
Мемлекеттік Елтаңба – жүрдім-бардым жасай салатын қатардағы көп жұмыстың бірі емес. Онда бүтіндей бір халықтың тарих-танымы, өткендегі, бүгінгі және ертеңгі тағдыр-талайы, мінез-менталитеті, бүтін болмысы көрініс тауып тұруы керек. Көрер көзге көрнекті, талғамға татымды, мазмұн-мағынасы терең болғаны абзал. Осы үдеден шығу үшін ең алдымен қазақ халқының  дүниетанымын терең зерттеп, зердеден өткізу қажеттігі туындады. Сонау Түрік қағанаты кезінде тасқа қашалған таңбалардан бастап, бүгінгі күнге дейін мемлекеттігіміздің белгісі болған Елтаңбаларды байыппен бақылауға тура келді. Жалғыз ол емес, әлемдегі қаншама елдер мен қалалардың таңбасын талғам таразысынан өткізіп, сарапқа салып көрдім. Осылайша көкірегімде еліміздің басты белгісі – Елтаңбаның сұлбасы қалыптаса бастады.
Біз ең алдымен Ұлы Даланы мекен еткен көшпенді халықтың ұрпағы екеніміз ешкімге құпия емес. Ұшы-қиыры жоқ жеріміз, желмен жарысқан сәйгүліктерімізді былай қойғанда, ең басты құндылығымыз – ата-бабаларымызға құтты ұя болған, үш мың жылдан аса тарихы бар киіз үй екені даусыз. Ендеше осы қасиетті шаңырақты негіз етіп алған жөн деп шештім. Қазағымның қара шаңырағы мен уық-керегелері мәңгілік пен шексіздіктің символы іспеттес көк аспанның аясында, елімізді мекен етіп келе жатқан сандаған ұлттар мен ұлыстардың ортақ мекені болады деген мағына осыдан келіп туындады. Шаңырақтың екі қапталындағы қанатты пырақтар халқымыздың аңыз-әпсаналарындағы дала дүлдүлі, ер-азаматтың  пырағы, жеңіс пен жасымас жігердің, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, бостандыққа ұмтылған болмыстың бейнесін еске салады. Қанатты пырақ қазақ халқының есте жоқ ерте замандардан бері арман-мұратына айналған символикалық кейпі емес пе еді?! Ал, жеті сақинасы бар мүйіз халқымыздың таным-түйсігінде ақыл мен парасатты, даналықты бейнелейтіні ежелден бар. Жоғары жағындағы жұлдыз жаңа мемлекеттің жұлдызы биік болсын деген мағынадан туындаса, төмендегі мемлекет атауы Елтаңбаның қай елге тиесілі екенін айшықтайды.
Алдымен ойымызды қағазға түсіріп, содан кейін жәрдемшілерім мен балаларымның көмегімен жертөледегі шеберханамда кескінді пенопластқа ойып жасадық. Мезгілі келгенде талап бойынша диаметрі екі метр болатын жобаны «КамАЗ» автокөлігіне тиеп, Алматыға аттанғанбыз. Мұнда келгенде Елтаңба байқауына 293 жоба келіп түскенін естідік. Бәсекелестік өте мықты болатынын ұққандаймыз. Дегенмен үміт жібі үзілмейді. Ұсынылған жобаларды сарапқа салу кезінде менің Елтаңбам Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен комиссия мүшелеріне  бірден ұнаған болуы керек. Жекелеген ескертулерді айтпағанда, жалпы осы жоба мақұлданып, Қазақ мемлекетінің Елтаңбасы ретінде қабылданды.
Осы сәтте менің қандай сезімде болғанымды айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Қуаныштың көз жасы деген осындайда шығады екен. Тәуелсіз елімді, мың өліп, мың тірілген қазақ халқын әлем алдында айшықтайтын, айбарын асыратын Елтаңба – менің ой-қиялым мен еңбегімнің жемісі екенін сезіну қандай бақыт десеңізші?! Осыған дейін қолымнан шыққан өзге дүниелерім бір төбе десем, Қазақстан Республикасының Елтаңбасы өз алдына бөлек туынды ретінде жүрегімде қалатынына сөз жоқ.
Осыдан кейін 2018 жылы мемлекеттік рәміздерді әр жерде әрқалай жасауға тоқтау салып, бірреттілікті сақтау үшін және «Қазақстан» атауын латын графикасына көшіру жайлы комиссия отырысы өтіп, Елтаңбадағы алтын  және көк түстің қанық болуы турасында шешім шығарылған еді. Ендігі уақытта ұлтымыздың ұлылығы мен ұлағатын, халқымыздың қасиеті мен қадірін, алашымның арман-мұратын болашаққа әйгілейтін Елтаңба мәңгілік елмен бірге болашаққа бастай берсе деген тілегім бар!

Жандарбек МӘЛІБЕКОВ,
сәулетші, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері
Нұр-Сұлтан қаласы