«Таңда» сөзге тар болды ма таңдайым?

Уақыты: 13.04.2024
Оқылды: 2530
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазақта таңдайға салсаң балдай бір татып берердей сөз көп те көп. Сондықтан да біздің жұрт кешегі баба тарих аңыз-әфсанасы мен нама-дастандарында ерлігі мен өрлігі жайлы қалай мақтанса, мәйекті-мәністі  сөлді сөзі туралы да солай толғар еді. Әрі бұл мақтаныш көңілге қуаныш – өткеннің олжасы десек, бүгініміз не айтпақ, ертеңіміз не түймек? Әмсе не алып, не бермек?!

Иә, бүгінгі тіліміздің жағдайы туралы сөз болғанда кешегі тарих жайлы асқақ сезіммен дәл бұлай көсіліп те шешіліп әңгіме өрістете алмасымыз анық. Оған себеп көп те, әзірге «дәл мынау еді» деп кесіп-пішер байлам жоқ. Болса осы уақытқа дейін «Түгел сөз» деп біз сөз түгендегендей болып, түйіншектелген тілдің жағдайын сіз де қаузап сарсаңға бұлай түспес пе едік.

Өткен мақаламызда қазіргі тілдік қолданысымызда қате жазылған һәм айтылып жүрген екіұшты сөздерге аз-кем тоқталғанбыз. Біз сол бір мақаламен онлдай кемшіліктерді тауысып, болмаса бір жола тездеп салсақ қанекейіңіз. Экономика тілінде нарық өскен сайын оның заң-законы да бірге туатынын ескерсек, қоғам технократтанған сайын тілдің де өз «тәртібі», сыпайылап айтқанда әдебі, ұяты болу керек қой дейміз. Біздің әдепкі мақсат та сол деп біліңіз.

 Дәлірегінде, лұғат мәселесіндегі бұндай кемшіліктер жайлы кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде кеңінен тоқталып, қазақы қаймағы айрықша бір бұзылып кетпеген сол заманның өзінде бұл мәселені «майшаммен» қараған.

Мәселен, ілгерідегі «Сөзіміз екпеттемесін» деген тақырыппен жарияланған сол мақаламызда мынадай мысал бар еді. Қаз қалпында ұсынайық. Белгілі бір сайтта жарияланған жемқорлыққа қатысты ақпараттың тақырыбы «Көкшетауда шенеуніктер пара алғаны үшін сотталған адамға жеңілдікпен баспана берген» деп тұр.

Енді ойланыңызшы, толық тіркесті ара ажыратып оқып «Көкшетауда шенеуніктер пара алғаны үшін» деп түсінсеңіз, бірден көз алдыңызға жемқор шенеунік келеді де «сотталған адамға баспана алып берген» екен ғой деуіңіз мүмкін әдепкіде. Ал «Көкшетауда шенеуніктер» деп бір тоқтап, «пара алғаны үшін сотталған адамға баспана әперген» деп бөліп оқысаңыз, бұл жерде шенеунік жай ғана пара алған адамға баспана әперген болып шығады. Бұндай мысалды сол мақаламызда көптеп келтіргенбіз.

Демек, тілдік «тұтыну» аясындағы біз тілге тиек еткен екіұштылық ертеден еніп кеткен кемшілік деген сөз. Ал кәдімгі сіз бен біз күнделікті «тұтынып» жүрген, тіпті етіміз бен терімізде сіңіп тұрғандай етене тәрізденетін сөздерге өздерін тіл маманы атандырғысы келетін жұрт орынды-орынсыз шүйліксе, кімге ренжігендейсіз? Кімге жүгірісіп әділдік сұрағандайсыз?

Бүгінгі филологтан, әлде тіл ғалымдарынан ба? Оларды тыңдап, содан тіріліп, тусып кеткен тіл де өкінішке қарай жоқ та жоқ. «Айтып та, жазып та жүрміз» дейтін ғалымның зары зар бүгін. Содан да қазір екінің бірі ақыл ғып айтып, тіл маманы атануда  бір түйреп өту тиістей «болып табылады» мен «күтілуде» деген сынды қаптаған қате сөз көп қолданыста.

Енді қарасаңыз, сол жаттанды қисық сөздердің қатарына «таңда» деген қазақтың тәп-тәуір сөзі қосылып кетер түрі бар. Өзі жазушы деген бір әріптесіміз «Утромның калькасы болар сол» деп қайырады бір пайымында. Күлесіз бе, жылайсыз ба?!

Тап «егескенде» «калька» деген сөзді қалқа етіп отырған сол әріптесіміз бен екі сөздің бірін дәл осылай орысшаға тели салатын құлдық психологиядағы топқа мынаны айтқымыз келеді. Бізде қашан бір уақыт «орыс бізден алған ол сөзді» дейтін пайдалы пайым болар екен дейміз. Баяғы «қарнымыз» ашқанынан. Техника тілінің төркінін орыстан ия кәрістен, асса ағылшыннан іздеуге рұқсат-ақ, ал тілдік қоры, лұғат-бітік тарихы сан мың жылды қамтып жатқан қазақ тілінің әліппесіне немесе бағдарына өзге тілді үнемі анықтауыш ету қай қисынға жатық түссін.

Сонымен «таңда» сөзі туралы айтылған «айыпты» сіз де естіңіз, есті оқырман. Айыптаушының қисыны бойынша, «таңертең» деген сөздің орнын «таңда» деген бір сөз көлденеңнен киіп келіп тартып алғанға ұқсайды. Ел жаппай «таңданы» таңдайға салып, маңдайға тұтып дейміз бе, «таңертең» деген сөз босағада қалған рәуішті.  

Бұған біз әуелі әлеуметтік желіде Мағжан Жұмабаевтың мәшһүр «Мен жастарға сенемін» атты өлеңіндегі мына бір:

Мен сенемін жастарға,

Алаш атын аспанға

Шығарар олар бір таңда,

Мен жастарға сенемін» деген шумақты еске сала отырып жауап бергіміз келді. Бұл қапелімде еріксіз еске түскен өлең. Бәлки, оқып отырған сіз де бұл өлеңді тәп-тәуір жатқа соғарсыз. Себебі, ол сезімі сұлу, ырғағы асқақ қазақтың Мағжаны ғой...

Бұдан соң тағы талғамы басқа-басқа оқырманның да  күдігі болмасын деп, интернетке иектей отырып біраз ақпарды «адвокат» етуге асықтық. Ойымызда шыж-быж «күйіп» бара жатқан «таңда» деген әп-әдемі әуезді сөз тұр. «Жазғы таңда» деп басталмаушы ма еді, біз тыңдаған сүйкімі бөлек әңгімелер...

Тыңдасаңыз, ақындардың ішінде тарихқа мейлінше ден қойған, құдай маңдайына одан да сәл кең пішілген ғұмыр бергенде нағыз тарихнамаларды төлше өргізетін, бір «Ләйлә»-мен жырдан  махаббат мұнарасын тұрғызған Жұматай Жақыпбаевтың да өлеңінде тұр бұл сөз. Басқа басқа емес, өлеңнің атын «Таңда» деп қойған. Сол сұлу сөзден бір шумақ келтірелік. Мұндай өлеңі жоқ деп шықпас үшін тағы.

Малшынбай қалған гүл қалмай,

Сөндірсе тамшы ошақты.

Қолыңмен ұстап тұрғандай,

Суретте кемпірқосақты.

Міне, қазақтың бай тілі. Оралымы ордаға түсіргендей тойғызатын кенен лұғаты. Тамсана отырып бақсаңыз, бір шумақтың өзінде таңғы уақыттағы тамшыдан сөнген, әлі тіршілік түрте қоймаған ошақ пен таңғы шапақтағы кемпірқосақты суреттеп тұр ақын.

Тағы терең де тұңғиық ақын Жұмекен Нәжімеденовтен де осы сөзге қатысты тапқан тіркесімізді осында тізер ме едік. «Ақындардан ғана мысал келтірдіңіз» деп айыптайтын бір оқшау «сыншы» тағы табылары кәдіксіз. Бүгінгі нағыз тіл мамандарына жүгіне қоймайтын топты қазіргі танымал біреумен тоқтата қою мүмкін бе? Әрине, жоқ.

Ендеше, көнеден көнек-көнек мелдектетіп бар қазақтың сарығын басқан сөз зергерлеріне арқа сүйеуге тура келеді. «Сөз зергері» десе, өзгені қайдам, біз пақырыңыздың есіне классик жазушы Әбіш Кекілбаев пен атақты Оралхан Бөкей түседі. Бұлай еске түсірудің тағы бір алабөтен себебі де бар.

Бірі – қазақтың қашаннан қазақы қаймағы бұзылмаған, тауанды тарих пен әулиелер құтханасындай болған киелі Маңғыстау топырағында төселген қаламгер болса, енді бірі – түркіге алтын тақ болған Алтайдың бергі бір бетінде алтын зерлі жіппен тоқығандай көркем тілден кесте салған жазушы. Яғни, біз осы екі жазушыны жорта таңдай отырып та Қазақстанның батысы мен шығысы – екі түкпірдегі «таңда» сөзінің тағдырына зер салғымыз келді. Қолданыста болған ба, жоқ па деген жалғыз сұрақ үшін деп біліңіз.

Әуелі ескертетін бір жайт, «Көлемді дүниелерін ежіктей отырып, тап қысылғанда тауып алдық» деп жалған сөйлеуден аулақпыз. Ізге түскен барлаушыдай бір күдік, бір үмітпен қазынаны ақтарыстыра бастағанымызда қазақтың маңдайына біткен талантты актер  Ыдырыс Ноғайбаев жайлы жақсы лепесінің үстінен түстік. Өзіне еріксіз байлап алатын Әбіш тіліне аз-кем бас шайқастық та «бізге осы да азық» деп қанағат тұттық сондағы бірер жол мәтінді. Онда былай деп тұр:

«Сол баяғы бүгін таңда қалай қарай маңырау үрдіс болса, солай қарай ойланбай маңырап, қалай қарай жамырау үрдіс болса, солай қарай ойланбай жамырайтын үйреншікті пақыраналық тұрған тәрізді», дейді Кекілбаев өз сөз саптауында.

«Бүгін таңда» деп тұр. (бүгінгі таңда емес – ред.). Бұл мысалымыз әуелі «таңда» сөзін «калька» деген тасыр пайымға нүкте қою үшін алынып отыр. Бұдан нүкте қойылса... Одан өзге сарап сіздің еншіңізде болсын дейміз.

Енді, сөзге эстет, ойға шүлен Оралханға келейікші. Бұл жазушының оқылмай қалған шығармасы кем де кем шығар. Бәрі жатық, бәрі таныс, бәрі туыс, бәрі етене бізге. Жалғыз «Атаукересінің» өзі неге тұрады? Сол заманда-ақ қазақ прозасында сосын да жаңаша леп әкелген жоқ па? Кейінгі әспеттеп жүрген «адамның бір денеде тұрып қақ жарылуының» атасы да осы Оралханда. Бұл енді басқа әңгіме дерсіз. Үзе тұралық. 

Әйдік жазушы «Ебтауыр» атты дүниесінде «таңда» сөзін қолдануды қомсынбаған. Әсте олқы көрмеген. Қысқа мысал.

«Бірақ оның тірі кезіндегі менің оған деген ессіз ықыласым сондай риясыз, алғаулы сезімге толы еді. Соның сартабы мен татынан, сол бір беймезгіл зауал таңда Несіпбек жарықшақ даусымен: «Ағаңнан айырылып қалыппыз» – деген шақтағы өтім жарылып кеткендей боп тұла бойымды жайлаған ащы уыттан жиырма жыл өткен соң да арыла алмай, қаламымды енді ғана алып отырмын» деп тоқтайды.

Таңның көбіне аяулысына шаттанатын, сүйінетін жүректі қаламгер «зауал таң» деген сөзбен бір тіксінтіп, артынша қайғы тілімен босатып алады. Біз әуелде бір сөзге «араша» түсіп қалам сапарлатпағанымызда Оралхан жайлы дәл осы арада біраз сөзге қолқа салар ма едік? Басқасын айтпағанда, оның сөзге ұсталығына бір мысалмен-ақ тоқтала кеткіміз келеді.

Кербұғы мінезді жазушының машығы туралы сөз болғанда өзі де сөзге ұста жазушы Жүсіпбек Қорғасбек Оралханның сөз қолданыста кеңес «шаблонды» жазу стилінен бұзып-жара, асып-артыла бұғауға сыймай жазғанын айтып еді. Сол үшін тіпті, Ғабит Мүсіреповтердің де сынына қалғанын қоса жеткізген бізге. Сондағысы, қазақы колоридті «витаминдік» сөздерді шығармаларында қолданғанын сынаған екен. Ғабит пен Оралханның жазу стилінің арасы деген тағы бір үлкен тақырып. Әзірге дітті мақсат тағы ол емес.

Қысқасы, «таңда» сөзі ешуақытта «таңертең» сөзінің орнын тартып алуға келген «ауған торғай» емес біздің пайымымызша. Қазақта бір мағына-мәністі білдіре отырып түрлі формада «киініп», жұтынып-жайнап тұратын сөз көп емес пе? «Таңда» мен «Таңертең» сондай рәуіштегі сөздер. Бәлкім, сағаттық өлшем бойынша екеуара «жасының» үлкен-кішілік тәртібі болар. Оны біржақты пайыммен бір басты біз кесіп-піше алмаймыз тағы.

Мәселен, осы сөздердің шұбырған «туысы» – таң сәрі, құзғын сәрі, таң қараңғысында, басқытауықта, алаң-елеңде, аласақсақта, алагеуімде, таң қылаңда, таң қылаң бере, рауанда, таң ата, жерге жарық түсе, құланиекте, алакеуім уақытта деген сынды біраз атаулар бар. Бәрін де біз қалағанымызша, қал-қадір, шама-шарқымызша қолданып келеміз. «Таңертең» ескерусіз қалды, аталмай жатыр деп Қазақстанның бір нүктесінде, бір ортада тұрып айқай салу, сол айқайдың «садағасына» «таңда» сөзін лақтыра салу – бізше тағы әбестік.

Сөзіміздің басында ақындардан мысал терген едік. Енді сол ақындардың беттүзері, ұлттың айнасындай болған Абайдан бір дерек келтіріп, мақаламызды хакімнің бір шумақ өлеңіндегі «таңда» деген тұздық сөзбен тамамдасақ дейміз. 

Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,

Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда.

Мұнан менің қай жерім аяулы деп,

Бірге тұрып қалады кім майданда? – деп нандырады Құнанбай нәсілі.

 

Қозыбай ҚҰРМАН