Шаруалар жаңа техникамен танысты

Уақыты: 10.05.2024
Оқылды: 337
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жаһандану атты жұмыр заманда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қандай қажет болса, сол азықты өндіруде прогресс те аса қажет. Ескі-құсқы техникамен, заманауи технологияларсыз ауылшаруашылығында мол өнім алу қисынсыз. Мұнан өзге, жерден елдің ырыздығын жинап жүрген дала еңбеккерлеріне тәжірибе алаңы да ауадай қажет. Бірінде барды бірі үйреніп, ой бөлісіп, пікір алмасу үшін. Осы мақсатта Ескелді ауданындағы «Хильниченко и к» шаруа қожалығының алқабында «Егістік күні» өтті.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысқан шараға ауылшаруашылығы мамандары агротехнологиялар саласындағы соңғы жаңалықтарды ұсынып, заманауи жоғары өнімді техника үлгілерін көрсетті. 

Шараның шымылдығын түрген облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев ауылшаруашылығы саласын дамыту мәселелерін таразылады. Айтуынша, биыл ауылшаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 7 мың гектарға ұлғайып, 524,8 мың гектарды құраған. Егіс алқаптарын әртараптандыру аясында дәнді дақылдар 10,5 мың гектарға қысқартылып, басым дақылдар, оның ішінде қызылша мен мал азығы, майлы дақылдар егу көлемі ұлғайтылған. Әкім орынбасарының сөзінше, жоспарға сай көктемгі егін егу 69,8 пайызға жеткен. Бүгінгі таңда облыста 22,3 мың бірлік ауылшаруашылығы техникасы тіркелген. Биыл қант қызылшасы бағытында жаңадан 8 сервистік дайындық орталығы құрылды. Барлығы 62 бірлік техника сатып алынды, 26 тұқым сепкіш шаруашылықтарға берілген. Дейтұрғанмен, қолда бар техниканың дені әбден ескірген. Сан бар да сапа жоқ. Содан өңірдегі ауылшаруашылық техникалық базасын жаңаландыруда көрсеткіш төмен нәтиже көрсетуде. Әлібек Жақанбаев ауылшаруашылығын әртараптандыруда тамшылатып суару кең етек жайып жатқанын тілге тиек етіп, жуырда осы әдіспен егін егуге қажетті жабдықтар өндіретін зауыт ашылатынын сүйіншіледі. 

Облыс басшысы өңір шаруаларымен дидарласуда дала еңбеккерлеріне алғысын білдірді. Былтырғы жетістіктерді саралай келе биылғы еңбектің еш кетпесіне ауа райының қарасып тұрғанын да жеткізді. 

– Әрбір шаруа өз еңбегімен өңірімізді дамытып жатыр. Былтырғы нәтиже бойынша елімізде 4-орынға табан тіредік. Басқа өңірлермен салыстырғанда алқап көлемі аз, бірақ көрсеткіш жоғары. Көктемгі ауа райы қолайлы. Бірқатар аудандарды араладым, барлық жерде егіннің өнуі көңіл қуантады. Шаруалар еселі еңбегімен биыл да жақсы нәтиже көрсетеді деп сенемін, – деді аймақ басшысы. 

Шара соңында шаруалар ауылшаруашылық техникаларының озық үлгілері ұсынылған көрмемен танысты. 

Дастанбек САДЫҚ
Суретті түсірген Жеңіс ЫСҚАБАЙ