Қор коммерциялық емес ұйым болғандықтан оның қызметін реттейтін негізгі заңдардың бірі Қазақстан Республикасының «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңы (бұдан әрі – Заң) болып табылады.
Заңның 12-бабына сай, азаматтар және (немесе) заңды тұлғалар ерiктi мүлiктiк жарналар негiзiнде құрған, әлеуметтiк, қайырымдылық, мәдени, бiлiм беру және өзге де қоғамдық пайдалы мақсаттарды көздейтiн, мүшелiгi жоқ коммерциялық емес ұйым қор деп танылады.
Сонымен қатар, Заңның 13-бабының талабына сай, құрылтайшылардың құрамына, сондай-ақ қызмет саласына байланысты жеке, корпоративтiк, қоғамдық және мемлекеттiк қорлар құрылуын қарастырады.
Қорларды жеке қарастыратын болсақ, жеке қор деп бір жеке тұлға немесе жеке тұлғалар – бір отбасы мүшелері өз (өз) қаражаты есебінен құрған қор болып табылады. Жеке қор жеке тұлғаның нотариалды куәландырылған өсиетімен де құрылуы мүмкін. Жеке қор құрылтайшысының (құрылтайшылардың) құқықтары, егер бұл құрылтай құжаттарында көзделсе, мұраға қосылуы мүмкін.
Қоғамдық қор – бір отбасының мүшелері болып табылмайтын жеке тұлғалар және (немесе) заңды тұлғалар – қоғамдық бірлестіктер құратын қор.
Корпоративтік қор – бір заңды тұлға немесе бірнеше заңды тұлғалар – коммерциялық және (немесе) коммерциялық емес ұйымдар осы ұйымдардың қаражаты есебінен құратын қор.
Мемлекеттік қор – мемлекеттік органдардың шешімімен құрылатын, оған белгіленген тәртіппен мемлекеттік мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы берілетін, қордың мақсаттары мен міндеттерін, мемлекеттік бюджеттің қаражатын жүзеге асыратын қор.
Сонымен бірге, Заңның 12-бабының талабына сәйкес:
- қордың мүлкін осы баптың 1-тармағында көрсетілген мақсаттар үшін міндетті мүліктік жарналар негізінде қалыптастыруға жол беріледі;
- қорды құрған кезде құрылтайшылардың (құрылтайшының) шешiмiмен тұрақты жұмыс iстейтiн алқалы басқару органы - қордың атқарушы органы тағайындайтын қамқоршылық кеңесi құрылады, ол қор қызметiнiң оның жарғылық мақсаттарына сай келуiне бақылау жасайды, сондай-ақ қордың жарғысында бекiтiлген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады;
- жұбайлық және жақын туыстық байланысы бар адамдар қордың қамқоршылық кеңесiнiң көпшiлiк мүшесi, сондай-ақ осы қордың штаттағы қызметкерлерi бола алмайды;
- қордың атқарушы органы қордың жоғары басқару органының және тұрақты жұмыс iстейтiн алқалы басқару органының (қамқоршылық кеңестiң) шешiмдерi негiзiнде және оларды орындау мақсатында жұмыс iстейдi және соларға есеп бередi;
- қордың некеде тұрумен, жақын туыстықпен немесе жекжаттықпен байланыспаған басшысы мен бухгалтерi болуға тиiс. Бiр адамның екi қызметтi қатар iстеуiне болмайды. Басшы құрылтай құжаттарының, қорды басқару органының шешiмдерi негiзiнде қордың атынан мәмiлелер жасауға құқылы. Қордың жарғысында өз бетiнше әрекет етiп, мәмiлелер жасай алатын басқа уәкiлеттi адамдардың қызмет аясы белгiленуi мүмкiн. Қор басшысының сотта, мемлекеттiк органдарда, сондай-ақ ұйымдарда қордың атынан сенiмхатсыз өкiлдiк етуге құқығы бар;
- қорға оның құрылтайшылары берген мүлiк қордың меншiгi болып табылады;
- қор құрылтайшыларының қордың мүлкiне мүлiктiк құқығы жоқ және оларды мiндеттемелерiн орындамағаны үшiн жарғыда белгiленген тәртiппен құрылтайшылардың жалпы жиналысы қордан шығаруы мүмкiн;
- қор жарғыда белгiленген мерзiмде қаржы қызметiн тексерудi жүзеге асыруға мiндеттi. Тексерудi тексерушi немесе аудиторлық ұйым жүзеге асырады. Тексерушiнi сайлау тәртiбi жарғыда белгiленедi; аудиторлық ұйымдар заңдарда белгiленген тәртiппен тартылады;
- қор өз мүлкін пайдалануы туралы есептерді жыл сайын интернетресурстарда орналастыруға және (немесе) оларды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялауға мiндеттi.
Бұл ретте қызметтің мақсаттарына қарай әлеуметтік, қайырымдылық, мәдени-ағарту және басқа да қорлар құрылуы мүмкін.
Егер қызметтің мақсаттарына қарайтын болсақ, онда көп жағдайда қорлар қайырымдылық мақсатта құрылады.
Қазіргі таңда облыс аумағында 117 қор тіркелген, оның басым бөлігін қоғамдық қорлар құрайды.
Қордың мемлекеттік тіркеуін әділет органдары жүзеге асырады.
Өз кезегінде, тіркеуші органмен мемлекеттік тіркеуге ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестiгiн тексерудi, Бизнес-сәйкестендіру нөмiрi беріле отырып, оларға мемлекеттiк тiркеу туралы анықтама беруді, заңды тұлғалар туралы мәлiметтердi Бизнессәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзудi қамтиды.
Қорды мемлекеттік тіркеу үшін әділет органдарының орналасқан жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалына келесі құжаттар тізбесін ұсына отырып хабарласу қажет: өтініш; жарғы; құрылтай шарты (бірнеше құрылтайшылар болса); уәкілетті органның жарғыны бекіту туралы шешімі; атқарушы органды тағайындау туралы алқалы органның (қамқоршылық кеңестің) шешімі; заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркегені және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркегені үшін 6,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бюджетке алым төленгенін растайтын түбіртек немесе өзге де құжат.
Мемлекеттiк тiркеусiз заңды тұлға ретiндегi қызметке жол берiлмейдi. Мемлекеттiк тiркеуден өтпей жасалған қызметтен алынған табыстар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес республикалық бюджеттiң кiрiсiне алынады.
Т. Базарбаева,
Жетісу облысы әділет департаментінің Коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және
тіркеу қызметі саласындағы бақылау бөлімінің басшысы
Фото: civilcenteralmaty.kz