БЕЛСЕНДІЛЕРДІ МАРАПАТТАДЫ

Уақыты: 04.06.2022
Оқылды: 433
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай облыстық тілдерді дамыту басқармасы «Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің белгісі» атты салтанатты жиын өткізіп, Жетісу жерінде патриоттық бағыттағы челленджге қатысқан белсенді жасөспірімдерді марапаттады.

Әскери қызметкерлер, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы өкілдері, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы, облыстық басқармалардың мамандары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мектеп оқушылары қатысқан шараны ашып, жүргізіп отырған облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шараның мән-маңызын түсіндіріп өткен соң көпшілікті Қазақстан Республикасының Гимніне құрмет көрсетуге шақырды. Орындарынан тік тұрып, кеудеге қол қойған күйде Әнұранды қосыла шырқаған көпшілік одан соң елдіктің, мемлекеттіктің белгісі саналар рәміздердің маңыздылығына қатысты модератордың ой-пікірін тыңдады.
– Биыл мемлекетіміздің мәртебелі символы – Мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 30 жыл толып отыр. 1992 жылдың 4 маусымы –  ел тарихындағы ерекше мәртебелі күн болды. Бұл күні қыран бейнелі көк Туымыз,  басқаға ұқсамайтын шаңырақ шырайлы Елтаңбамыз, Әнұранымыздың әсем әуені мен әдемі мәтіні дүние есігін ашты, – деген Рахмет Разбекұлы қазақы дүниетанымға сай жасалған белгілерді түсіндіріп өтті. – Рәміздер тәуелсіз еліміздің атынан әлем алдында сөйлейтін тарихымыздағы тұңғыш ресми белгілері болса, көк Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз жаңарған Қазақстанның халықты біріктіруші символына айналды. Еліміздің төл рәміздері –  тарихымыз. Ал Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – Отанын сүйген әр азаматтың парызы. Отанды қастерлеу, туған елге деген шынайы құрмет мемлекеттік рәміздерді қадірлеуден басталады.
Мемлекеттік рәміздер – елдіктің, егемендіктің басты нышаны, ұлттық рух пен қоғамдық келсімнің, сондай-ақ патриоттық тәрбиенің аса маңызды құралы. Көк байрағымыз көкте желбіреп, Елтаңбамыз ел төрінде нық тұрып, Әнұранымыз аспанда қалықтаса, ол мемлекет мерейі үстем, мәртебесі биік екенін, халқымыздың бірлік пен берекеде өмір сүріп жатқанын айғақтайды.
Салтанатты шара аясында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған бейнеролик көрсетіліп, мектеп оқушылар мен әскерилердің өнері ортаға салынды.
Келесі кезекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына байланысты облыс көлемінде ұйымдастырылған 5-8 сынып оқушылары арасында «Отаным – алтын бесігім» атты байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Қазақ поэзиясы арқылы Отанды сүю, елді, туған жерді құрметтеуді мақсат еткен байқауға барлығы 208 оқушы қатысыпты. Белсенділік танытқан балаларды марапаттаған облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов белсенді жасөспірімдерге бағалы сыйлықтар табыстады.

Мәди АЛЖАНБАЙ,
Алматы облысы