"РЕФЕРЕНДУМ-2022": ЕКІ САҒАТТА 200-ГЕ ЖУЫҚ АДАМ ДАУЫС БЕРДІ

Уақыты: 05.06.2022
Оқылды: 702
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

№1005 референдум учаскесіне таңнан келіп Талдықорған тұрғындары дауыс беруде. Өз таңдауларын жасап, саяси науқанға белсенділік танытқандар қатарында 74 жастағы ақ жаулықты ана Ғалия Әуелбекова бар.

Жетпістің желкенін көтерген дауыс беруші:
- Айбынды Ата Заңымызға енетін өзгерістер және толықтырулармен толыққанды таныспыз. Ел, мемлекет болашағы жолында жасалып жатқан игі бастамаларға үнемі атсалысу әр адамның таңдауы. Осы ретте мен де аталмыш сайлауға қатысып, өз дауысымды бердім.
 Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өтіп жатқан бұл референдумда сот жүйесімен қатар, қазыналы жеріміз туралы, ол қазақ елінің мәңгілік мирасы екені айшықталды. Екінші дүниежүзілік соғыста кеудесін оққа тосқан майдангердің ұрпағы ретінде Ата Заңымызға енетін өзгерістер оң нәтижелерге бастасын деп еліме тілеулестік білдіремін, - дейді ардагер ұстаз, Қазақстан білім беру саласының үздігі, одақтық Н.К.Крупская атындағы сыйлықтың лауреаты Ғалия Бірімқұлқызы. 
40 жыл ұстаздық еткен кейіпкеріміз қазірше аталған референдум уческесіне келіп дауыс берген ең жасы үлкен адам. 
№ 1005 учаскелік референдум комиссиясының төрайымы Ляйля Сембаева екі сағат ішінде 200-ге жуық адам дауыс беріп үлгергенін жеткізді. Айта кетерлігі, Талдықорған қаласы 9 орта мектеп ғимаратында орналасқан аталмыш учаскеге келіп дауыс беретіндердің саны 2287 адам. Оның төртеуі үйден дауыс береді деп күтілуде.  

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ,
Алматы облысы