ӨЗ ТАҢДАУЫМЫЗДЫ ЖАСАДЫҚ

Уақыты: 11.06.2022
Оқылды: 1319
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгін біз, Алматы облысы мәслихатының депутаттары, бірінші рет облыстың жаңа әкімін таңдауға қатыстық. Ол баламалы кандидаттар ұсыну бойынша жүзеге асты. Аймақты басқаруға үміттенген екі азамат – ҚР Қаржы вице министрі Марат Сұлтанғазиев пен облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов мәслихат депутаттары алдында бағарламаларын баяндап, түсініктеме берді.

Жақсы бастамаларға жанкүйер болдық. Ашық дауыс берудің нәтижесінде Марат Сұлтанғазиевтың кандидатурасы Алматы облысының әкімі лауазымына лайықты деп бағаланды. Аталған шараға ҚР Премьер Министрі Әлихан Сымайлов қатысып, жеңімпазды құттықтады.  

Жалпы, республикада жаңа облыстардың ашылғаны айтулы оқиға болды. Алматы өңірі – Алатаудың етегі. Тоғыз жолдың торабы. Мұнда сауда мен өндірістің қарқыны мығым.  Оңы мен солы  табиғатқа тұнып тұр. Сондықтан, аймақтардың бөлінгені  басқаруды оңайлатады және жандандырады деп ойлаймын. Енді ақпар беріп, алқалы жиындарға қатысу үшін адамдар ұзақ жол жүріп сабылмайды. Оның да тиімділігі мол.

Алматы облысы орталығының жаңа қалаға ауысып, Қапшағай өңірінің гүлденуіне негіз болады. Қонаев қаласы жаңа тұрпатта жасақталады деп пайымдаймын. Қысқасы,  үлкен аймақтағы екі облыс – Алматы мен Жетісу алдағы уақытта экономикалық жарысты жандандырады, руханиятты қуаттандырады, шабытқа қамшы басып, өркениетке сай адал бәсекені өрістетеді деп сенемін.      

Ерік Абитов,
«Есік-сәулет» ЖШС директоры,
Алматы облыстық мәслихатының депутаты