ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ АРДАГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 01.07.2022
Оқылды: 1380
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысының әкімі  Бейбіт  Исабаев  Ардагерлер үйінде өңірге еңбек сіңірген  қариялармен  кездесті.   Ол жаңа  облысқа әкім болып келген күннен бергі атқарған  жұмыстарына тоқталды. Халықтың мақсат-мүддесінің  дұрыстығына  ризашылығын білдірді. 

Жақында Президент қабылдауында болып, Жетісу өңірінің даму мүмкіндіктері туралы баяндағанын айтты. Мемлекет басшысы басымдыққа ие бағыттарды белгілеп,  бірқатар нақты тапсырмалар бергенін жеткізді.  Алға  қойылған  міндеттерге  сәйкес, өңірде ауылшаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, туризмді дамытып, инвесторлар тарту мәселесін жандандыру керектігіне тоқталды.  Бірінші кезекте, халықты жұмыспен қамту, тұрақты жұмыс орындарын ашу, жұртшылықпен ашық диалог орнату, қордаланған әлеуметтік мәселелерді шешу, елдің әл-ауқатын арттыру барысында жұмыс жүргізілмек.  Өңір басшысы еңбек адамының биік тұлғасын қалыптастырмай, қазіргі жастарды ізгілікке баулу мүмкін еместігі жайлы ой білдірді. Осыған орай қарияларға бірлесіп, өскелең ұрпақты еңбекқорлыққа тәрбиелейік деген ойын білдірді.   Бүгінге дейін екі аудан мен бірнеше кәсіпорынды аралағанын айта келіп, қордаланған мәселелердің де барына тоқталды.  «Болашақта  облыста қолға алынатын  ірі жобаларды жүзеге асыруға  осы маңның кәсіпорындарын  қатыстыруымыз керек. Әйтпесе, мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыны басқа жақтан келгендер ұтып алады.  Олар жұмысты да дұрыс атқармайтын көрінеді. Басын бастап, ақшаны қалтаға салған соң,  жоқ болып кететін жайттар жиі орын алыпты. Бірнеше жылдан кейін фирмаларының атын өзгертіп, қайтып келіп, тағы да бір істі бастап, соңында  шараны атқарғанға қаржы жетпей қалды деп тағы ақша сұрайды екен. Сондықтан көп іс басталып, аяғы сиырқұйымшақталған. Ендігі жерде кез-келген жауапты істі басынан бастап, соңына жеткізуді  Жетісуда туып-өсіп, еңбек еткен адамдарға береміз. Тіпті, жауапты қызметкерлерге де басшы, қосшыларды осы жерге еңбегі сіңген адамдардан тағайындаймыз.  Себебі, олар ұжымдағы әр адаммен тіл табыса алады. Әркімнің қарым-қабілетін біледі. Ата-анасы, бала-шағасы осында болғандықтан  ішіп-жеп  кетуге ұялады. Өздеріңіз байқағандай мен сырттан адам әкелген жоқпын. Орынбасарларым да  Жетісуға еңбек етіп келе жатқан азаматтар, – деді ол кадр таңдауда нені басшылыққа алу керектігін ескертіп. 

Ардагерлер үйіндегі басқосуда облыс басшысы  өңірде төрт түліктің жақсы өсіп келе жатқанын айтты. Осыған орай қайта өңдеу саласын жандардырудың да уақыт күттірмес мәселе екеніне жан-жақты тоқталды. Тері, жүн, сүт өңдеу алдағы екі-үш жылда қарқын алады. Балық өңдеуге де жоба-жоспарлар жасалмақ. Алтын, мыс өндіру үшін инвесторлар шақырылуда. Оларға әлеуметтік салаға  көмектесу міндеттелмек. Орналасқан жерінде мектеп, баспана, немесе ауыз су тарту жайлы талаптары қойылады. Талапты орындауға келіскен жағдайда жобаны жүргізуге  келісімшарт жасалады.  Өңір басшысының бұл бастамалары ардагерлердің көңілінен шықты. Олар да өз кезегінде сөз алып, аудандарындағы өзекті мәселелерді қозғады.  Панфилов ауданында 15 мектептің ескіргендігі, мүмкіндігі болса соны жаңартуға көмектессеңіз деген өтінішін білдірді  ақсақалдар.  Өңірге танымал қария Наурыз Қылышбаев  «Біреудің бойлап өскенінен, көпшіліктің қаулап өскені артық» деген  ойын жеткізе білді. Наурыз аға Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда  Алдабергеновке Талдықорған қаласынан ескерткіш орнатуға  қолдау білдірсеңіз деген өтініш айтты. Ардагер журналист  Әли Ысқабай қант қызылшасын өсіруге ден қойсаңыздар деген тілегін жеткізді.  Әкім мен өңірге белгілі  ардагерлердің бас қосуында өзекті мәселелер әңгіме арқауына айналды.  Қарттарымыз жеке бастың емес, елдің жайын күйттеді. Әкім де кетерінде қарияларға бәрімізге қарағайдай қорған болыңыздар деген  жүрекжарды лебізін жеткізді.

Гүлжан ТҰРСЫН,
Жетісу облысы