МОЙНАҚ – ҒАСЫР ЖЕМІСІ

Уақыты: 04.07.2022
Оқылды: 1389
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кеген ауданындағы Мойнақ өңірі десе елеңдемейтін жан жоқ.  Мойнақ – ел тарихына «Ғасыр құрылысы» ретінде жазылып қалды. Еліміздің электр энергиясының көзін молайтып отырған бұл нысан – Тәуелсіздігіміз арқылы қол жеткізілген үлкен игілік. 

Бұл аса маңызды құрылыс Кеңес одағы тұсында қолға алынып, ол тарап кеткеннен кейін тоқтап қалған болатын. Сөйтіп, Мойнақ республикамыздағы «Ғасыр құрылысы» атанды. Осынау табиғаты көз тартар тамаша өңір бұрыннан-ақ жерасты су электрстансысын салуға қолайлы екені дәлелденген. Нарынқол, Кеген өңірінен бастау алатын Шалкөде, Қарасу, Кеген, Қарқара, Шырғанақ, Талды секілді көптеген тау өзендері жиналып келіп, бір арнаға тоғысқан жерден бастап әйгілі Шарын өзені, Шарын шатқалы бастау алып жатыр. Шарын өзенінің етек жағы Шарын каньонына ұласып кете барады. 
Биіктігі 500 метр болатын деривациялық үлгідегі алғашқы жоғары қысымды су электрстансысы сапалы энергия көзін алуға мүмкіндік беруде. Су қоймасы жасанды үлкен көлге айналды. Сол арқылы  9 шақырым жерасты су жолы арқылы биіктігі 5 метрлік құбырмен келетін арынды су 300 МВт электр энергиясын өндіреді. Стансының жылдық қуаты – 1 миллиард кВт/с электр энергиясы. Бір сөзбен айтқанда, Мойнақ су электрстансысы соңғы 10 жылдың аумағында 10 миллиард  кВт/с астам электр  қуатын өндіріп, жергілікті бюджетке 1 миллиард теңгеге жуық қаражат құйыпты.  Мойнақ СЭС – халықаралық ынтымақтастықтың табысты үлгісі. Стансының негізгі нысандарының жобасы Қытайдың халықаралық су шаруашылығы және энергетика корпорациясының қатысуымен әзірленіп, жүзеге асырылды. Стансының ғимаратында Andritz Hydro (Австрия) жасап шығарған су трубиналары орнатылған, ал, су генераторлары Харбин қаласында (ҚХР) құрастырылған. 
Бұл су электрстансысы бүгінде Қазақстанның оңтүстік аймағындағы электр энергиясының тапшылығын азайтуға, ең жоғары жүктемелерді жауып, энергия жүйесіндегі қуатты реттеуге қатысты міндеттерді ойдағыдай атқарып келеді. Алматы энергия торабының жұмысын қамтамасыз етуде. Стансыдағы бүкіл жұмыс автоматтандырылған. 
Мойнақты, аталған өңірді көрген де, көрмеген де арманда. Стансының бас ғимараты Шарын өзенінің жағасына қоныс тепкен. Тау жолдары арқылы биік белеске шыққаннан кейін Мойнақ атты шағын әдемі ауылға тап боласыз. Мойнақта жұмыс істейтін жүзден астам маман осындағы жылы да жайлы, электр қуатымен жылытылатын заманауи тұрғын үйлерде тұрады. Ауыл Жылысай ауылдық округіне қарайды. Мойнақ су электрстансысы – республикамыздың мақтанышы. Еліміздің энергия көзін молайтуға елеулі үлес қосып отырған Мойнақты қалай дәріптесең де жарасады.

Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы