ТЕГІН НАН ТАРАТАДЫ

Уақыты: 04.07.2022
Оқылды: 985
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бибігүлдің ас атасы – нан пісіріп, оны саудалаумен айналысқанына 25 жыл болыпты. Басында ол  «орыс пешіне» пісіретін.  Қолмен илеп,  қызған кірпішке қақталып  пісірілген нанды тұтынушылардың қатары күн санап өсті. Бүгінде тәтті тоқаштар мен  нанның бір күндік шығарылымы 700 данаға жетті.

Басында көмекке әркімді бір шақыратын.  Бірақ, заманауи қондырғы алмаса, істің өнбейтінін білді. Сонымен «Капура» кәсіпорнының басшысы Бибігүл Мырзабекова  ресейдің «Восход» атты нан пісіретін пешін алды.  Содан кейін қамырдың илеуі келісіп, иі қанып, көтеріліп пісіп, тапсырыс берушілер қатары өсті.  Таң алдында пештен шыққан  ұн тағамдары ертемен дүкендерге ыстық күйінде жеткізіледі. «Капура» наубайханасы дайындаған өнімдерді Жансүгір, Сағабүйен, Қарашілік, Қаракөз ауылдарының кәсіпкерлері үзбей саудалайды. Бүгінде олардың өнімін аудандық аурухана, балабақша, интернаттар да алады.  Ұнды Өскемен, Сарқанның диірмендері жеткізіп береді. Жеке кәсіпкерлік 5-6 адамды жұмыспен қамтыған.  Кәсіпорын басшысы Бибігүл Мырзабекова әлеуметтің әлеуетін арттыруға да  барынша көмек қолын созуда. Ол әр жұма сайын  бірнеше отбасына жаңа піскен нан тасиды.  «Оншақты үйге 80 нанды ыстық күйінде апарып береміз. Олар кейде кешігіңкіреп жатсақ, бүгін нешеде әкелесіздер деп хабарласады»,– дейді наубайханашы. Кәсіпкер бүгінде шаруасын  өзінің бала-шағасымен дөңгелентіп отыр. Ел де, өзі де өнімінің табысын көруде.

Ләззат ҚАСЫМБЕКОВА, 
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Ақсу ауданы
Жетісу облысы