ТҰЛПАР МІНІП, ТУ АЛҒАН...

Уақыты: 05.07.2022
Оқылды: 1153
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қонаев қаласында ұлттық этноспорт түрлерінің көкжиегін кеңейту, ойындардың шарттары мен тәртібін бірізге түсіру, қазақ-қырғыз елдерінің мәдени ынтымақтастығын арттырып, ұрпақ сабақтастығын нығайту мақсатында семинар өтті.

Алматы облысы бойынша «Рухани жаңғыру» орталығы ұйымдастырған аталмыш шараға қырғыз елінің өкілдері, жергілікті ұлттық ойын федерацияларының басшылары қатысты.
– Алатаудың баурайын ен жайлаған қырғыз-қазақ елінің тамыры танымы мен тілі, діні, ділі бір. Рухани көзқарастары өзектес. Қонаев қаласына келіп, қазақ топырағына табанымыз тигеніне, өздеріңізбен ұлттық этноспорт түрлерін дамыту, әлем елінің назарын аударған Дүниежүзілік көшпенділер ойынын одан әрі жетілдіру бағытында ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасу тұрғысында қауышып отырғанымызға қуаныштымыз, –деді Қырғыз Республикасы Мәдениет, спорт және ақпарат министрлігі жастар саясаты басқармасының басшысы Таалайбек Бердиев. 
Өз кезегінде сөз алған Қырғыз Республикасы Дүниежүзілік көшпенділер ойыны хатшылығының жетекшісі Нұрсұлтан Аденов этноспорт түрлері бойынша кең көлемде баяндама жасады. Бейнеүзіктер арқылы атқарылып жатқан істерді, жаңадан жоспарланған тың жобаларды таныстырды. 
2014 жылдан бері өтіп келе жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойыны әлем елінің назарын өзіне бірден аударды. Бүгінге дейін бірқатар елде байрағы желбіреген спорттық бәсекеге түркітілдес халықтардан басқа, ат спортына бейімі бар бірқатар ел қатысып, 37 ойын түрінен бақ сынап жүр. Алайда, кейбір спорт түрлері жүйелі жолға қойылмаған-ды. Жамбы атудан «қазақ стилі» атанып кеткен 25 сантиметрлік нысананың орнына байрақты бәсекеде 60 см жамбы ілінеді. Бұл өте үлкен әрі қолайсыз. Сондықтан кіл мықтыдан кім мықтыны айыру қиын. Дүниежүзілік көшпенділер ойыны жамбы ату бойынша «Қазақ стилінде» өтсе деген ұсыныстарын Алматы облысы бойынша спорт түрлерінің жаттықтырушылары, федерациялардың басшылары жеткізді. Сол секілді салбурын, көкпар, бәйге сынды ойындарда туындайтын қолайсыздықтардың алдын алу мәселелерін де талқылады. 
Алматы облысы бойынша «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Ерасыл Толымбекұлы мен қырғыз елінің өкілдері семинарға қатысушылар тарапынан қойылған сауалға жан-жақты жауап берді. Өз кезегінде айырқалпақты ағайындардың зиялы қауымы облыс әкімдігіне арнайы ат басын бұрып, аймақ басшысының орынбасары Батыржан Байжұмановпен екіжақты меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта Қонаев қаласында Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтетін атшабар салынады деп күтілуде.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Қонаев қаласы
Алматы облысы
Сурет ғаламтордан алынды