ЕЛ СЕНІМІН ИЕЛЕНГЕН АЗАМАТ

Уақыты: 06.07.2022
Оқылды: 1394
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алыстағы Алакөл ауданында өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы жаппай жекешелендіру – өкпекті өптелі кезеңнің өзінде жерлестерінің өкпе-назына  қалмаған, біраз жылға созылған қиындықтардың барлығын ауылдастарымен бірге көтеріп, ұжымды сақтап қалған азаматтар бар. Солардың көшбасынан көрінгендер арасында, заманында Үйгентас өңіріндегі іргелі ұжымшарлардың бірінде директорлықты табысты атқарып,  жұрт сеніміне ие болған, шаруашылықтар тарқаған кезде жерлестерінің өтінішімен шаруашылықты шашау шығармай, аман алып қалған. Соның арқасында бүгінге дейін ауылын көркейтіп, іргелі шаруашылықтағы тірлікті ұйыстырып отырған Асқар Жазылбековтің есімін бүгінде аудандағыларды былай қойғанда, облыстағылар да жақсы біледі. 

Асекең өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардың соңында-ақ, жергілікті жерде өсірілетін, өндірілетін өнімдерді алыпсатарларға «су тегінге» беруден бас тартып, Ақжар ауылындағы ұжымның өндірістік алаңдарында ұн тартатын диірмен, наубайхана, шұжық цехы, өсімдік майын сығатын цех, сүт өнімдерін шығаратын шағын зауыты іске қосып, онда қайта өңдеуден өткізілген дайын өнімдерді өз жұмысшыларына арзан бағамен босатып, ауылда және Үшарал қаласы мен Қабанбай селосында бірнеше дүкенді іске қосқанына куә болған едік, Сол кезден басталған ауылға деген қамқорлық, жұртты ортақ іске жұмылдыра білу әлі күнге жалғасып келеді.

Бүгінде «Жазылбеков және К» сенім серіктестігі деп аталатын шаруашылықта 200-ден астам ауыл тұрғыны еңбек етеді. Облыстағы бір өзі мыңдаған гектар жерге егістік егіп, мыңғыртып мал өсіріп қана қоймай, егін мен төрт түліктен алынатын өнімдерді түгелімен өздерінде ұқсатып, өздерінен артылғанын тиімді бағамен тиісті орындарға өткізіп отырған шаруасы мығым ұжымдардың бірі – осы серіктестік. Жоғарыда айтқанымыздай,  мұнда  нәпақа тауып жүрген 200-ден астам адамның әрқайсысының бала-шағасын қоса есептесек, бірнеше мың жан іргелі шаруашылықтың арқасында ауылдан алыстамай-ақ замана көшіне ілесіп келеді.

 Әкем марқұм Биқамет аудандағы бас мал дәрігері, шешем мұғалім еді. Біздің шаңырақта  аралары бір-екі жастан болатын сегіз бала өсті. Мен беске келгенде әкем қызмет бабымен Панфилов, одан кейін Сарқан, Ақсу  аудандарына ауысып, жұмысын сол жерлерде жалғастырды. Ақсу ауданында өмірінің соңғы жылдарын өткізді. Мектеп есігін Сарқанда ашқаныммен, орта білімді негізінен Ақсу ауданындағы бүгінгі «Мамания» мектебінде алдым. Мен он бір жасқа толғанда әкем көз жұмды. Шешем Биша өзінің жігері мен іскерлігі, еңбекқорлығы арқасында қатарымыздан кем қылған жоқ. Ол жылдары басқаны айтпағанда, азық-түлік қат болатын, қысқы отынды, малдың жемшөбін  қамдап алудың өзі отағасы жоқ біз сияқты шаңырақтар үшін үлкен мәселе еді. Анамыз күз келісімен солардың  қамымен шапқылайтын. Шынын айтсам, жағдайымызды ойлап жан таппайтын анамыздың қай кезде ұйықтап, қай кезде демалатынын білмейтін едік.  Қатарымыздан қалдырмауға, барлығымыздың жоғары білім алуымызғы бар мүмкіндігін жұмсады. Біздер де ол кісінің үмітін ақтауға барымызды салдық және сенімінен шықтық. Тірліктің түрлі салалары бойынша жоғары білім алдық. Қазіргі кезде алған мамандықтарымызға сай әр салада өмірдің бұйырған нәпақасын  теріп жеп, жүріп жатырмыз, - дейді Асқар Биқаметұлы.

Асекеңнің жоғары білім алуға деген алғашқы талпынысы сәтсіздікке ұшырады. Сондықтан әкесінің інісінің үйінді тұрып, ауылдың барлық баласы бастан өткеретін совхоздың түрлі жұмыстарына жегіліп, Бақалыда алғашқы еңбек жолын бастады. Мектепті жақсы бітірген, бойынды көшбасшылық белгілер бар жасқа  білім бөлімінің назары түсіп, жарты жылдай мектепте балаларға сабақ та берді. Бірақ, нақты мамандық алуға кегенде, алғашқы талпынысында бақ сынаған дәрігерлікке немесе алты ай болса да кәсіп еткен мұғалімдікке емес, өзі кішкене кезінен көріп өскен ауыл шаруашылығы саласына атбасын бұрғанды жөн көрді.

Бірер жыл ауылда еңбек өтілін жинағаннан кейін, ауыл шаруашылығы институтының топырақ зерттеу факультетіне түсті. Оны 1972 жылы ойдағыдай бітіріп шыққаннан кейін, туған жерге оралды. Жолдамамен Талдықорғандағы «Гипрозем» деген ғылыми-зерттеу институтына қызметке қабылданды. Осындағы комсомол ұйымына жетекшілік етті. Жастар ұйымының облыстық деңгейдегі жетекшілігінің көзіне түсіп, обкомға жұмысқа шақырылады. Екі жылдан соң – 1976 жылы Ақсу аудандық комсомол комитетінің тізгінін ұстады.  Кеңжыра совхозында бас агроном болды.  Қайтадан партия жұмысына шақырылды, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде басшы да болды.

Жекешелендіру келгенде кейбіреулер сияқты барлығын басып қалуға ұмтылған жоқ, өзі басқарып отырғаншаруашылықты аман алып қалуды ойлады. Сол кезден жалғасқан ізденісті жұмыстар жемісін берді. Ауылдың тірлігі түзелді, халықтың тұрмысы да біртіндеп оңалды. Барлық мәселе көпшіліктің кеңесімен шешіледі. Қазіргі кезде елді мекен көрікті, жасыл желекке оранып тұр. Көшелері түп-түзу. Жарықтандырылуы мен абаттандырылуында мін жоқ. Ойға алған жоспарлар  да жетерлік. Олардың да біртіндеп жүзеге асатындығына сенім мол.

Қазіргі кезде Жетісу облысындағы ірі ауылшаруашылығы бірлестіктерінің бірі әрі бірегейі «Жазылбеков және К» сенім серіктестігі Алакөлдегі Ақжар ауылының берекесі мен бірлігіне ұйытқы болып отыр. Аграрлық саланың жілігін шағып, майын ішкен маман, білікті басшы, мықты ұйымдастырушы Асқар Жазылбековтың айтуынша, серіктестік 21 мың гектар жерге иелік етеді және ауыл шаруашылығының мал және өсімдік шаруашылығы сынды басты екі бағыты бойынша жұмыс істейді. Қазіргі кезде шаруашылықта 9 мың бас қой-ешкі, 1100 сиыр, 250 жылқы бар. Қолданыстағы бордақылау алаңының жылдық қуаттылығы 2,5 мың басқа арналған. 230 адам еңбекпен қамтылған, олардың орташа  айлық жалақысы – 125 мың теңге.

Мемлекет аграршыларға қажетті жағдайлар мен қолдауларды жасап-ақ жатыр. Ең бастысы – жалқаулықты ұмытып, ерінбей еңбек ету керек. Сонда мемлекет тарапынан істелген қолдаулардың қайтарымы болады. Сонымен бірге  туған жерді көркейтіп, елдің тұрмысын жақсартуға барынша көңіл бөлуге де жағдай туады. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген. Бірлігіміз жарасып, еліміздің бақуатты болуы жолында бір кісідей еңбек ете берейік, - дейді Алакөлдің  азаматы.

Болат ҚАБДЕШҰЛЫ,
Алакөл ауданы
Жетісу облысы