Бейбіт Исабаев Панфилов ауданының тұрғындарын қабылдады

Уақыты: 07.12.2023
Оқылды: 429
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Панфилов ауданына барған сапары барысында аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қабылдауға бірінші болып кірген Көктал ауылының тұрғыны, ІІ топтағы мүгедектігі бар Шолпан Шалимбаева мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін үй кезегіне жеткенше уақытша баспана беруді сұрады. Мәселені шешудің мүмкіндіктерін саралай келе, қазір жөндеу жүргізіліп жатқан қызметтік көп қабатты үйдің бірінші қабатынан уақытша баспана беру туралы шешім қабылданды.

Сол сияқты жаскенттік Назира Жанқабыл да тұрғын үй жағынан көмек қажет екенін айтты. Күйеуі 2019 жылы орман өрті кезінде қаза тапқан. Орман шаруашылығы мекемесі қызметтік борышын өтеу кезінде қаза болған азаматтың отбасына жаңа үй салып бастаған, дегенмен түрлі себептерге байланысты үй құрылысы аяқсыз қалыпты. Бүгінде Назира 5 баласымен әулеттің үлкен шаңырағында бірнеше отбасы бірге өмір сүріп жатыр. Бейбіт Исабаев аудан әкіміне демеушілерді тарта отырып, өтініш иесінің үйінің құрылысын аяқтау мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Алмалы ауылының тұрғыны Серікбай Мұқаев бірнеше мәселе көтерді. Атап айтқанда, жиналған жүгерілерін өткізу, Алмалы ауылындағы қырманға жөндеу жүргізу, ауылға дәрігерлік амбулатория салу, ауыл көшесін жарықтандыру, демеушілердің бастаған спорт залының аяқсыз қалған құрылысының соңына дейін салынып бітуіне көмек қажеттігі. Облыс басшысы қазір жүгеріні 4 орын қабылдап жатқанын атап өтті. «Панфилов ауданында биыл 178 мың тонна жүгері жиналды. Олардан «Жаркент крахмал-сірне», «АзияАгроФуд» зауыттары мен 2 қабылдау пункттеріне өткізілетіннен артылатыны 35 мың тоннадай. Кеше «Қорғас» арнайы экономикалық аймағындағы құрама жем шығаратын зауытқа барғанымда, зауыт директоры шикізат ретінде 15 мың тоннадай жүгері  қабылдайтынын айтты. Оған қоса Қытайға экспортқа шығаруға бізде келісімдер жасалып жатыр. Жүгері қабылдайтын орындар арасында ашық бәсекелестік болғанда ғана шаруалардың өз қалауындай бағаға өткізуге мүмкіндігі болады», - деді Бейбіт Исабаев.

Сонымен қатар, белгілі болғандай, Алмалы ауылына дәрігерлік амбулатория салу келесі жылға жоспарланған екен. Оған қоса 2024 жылы 250 млн. теңге қаржы бөлініп, қырман салынатын болады. Ал спорт залдың құрылысына демеушілер тарту аудан әкіміне тапсырылды. Сондай-ақ ауылдағы екі балабақша орналасқан көшеге жарық шамдарын орнату мәселесі де қарастырылатын болады.

Осы күні Ақкент пен Ават ауылдарының арасындағы трасса жарықтандыру, тротуар төсеу мәселесін көтерген Қуаныш Аязбековтің өтініші де жоспар бойынша атқарылатын болады.

Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай