Ұстаздық еткен жалықпас...

Уақыты: 31.03.2024
Оқылды: 283
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мұғалім – бұл өмірде ең құрметті және де ең лайықты, мақтан тұтатын мамандық! Алаш арысы Мағжан Жұмабаев: «Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деп бекер айтпаған. Тағылымды өмірінің 38 жылын ұрпақ тәрбиесіне арнап, бала бағбаны бола білген ұстаз Саветхан Нүсіпов жайлы сыр шертуді жөн көрдім.


Саветхан аға 1961 жылы 1 сәуірде бұрынғы Талдықорған облысы, Андреевка ауданы,  Екпінді ауылында дүниеге келген. 1986 жылы Қарағанды педагогикалық институтын «Алғашқы әскери даярлық, дене шынықтыру пәнінің оқытушысы» мамандығы бойынша тамамдап шықты. Сол жылы еңбек жолын туған ауылы Екпіндіден бастады. Кішкентай кезінен көрші балалардың басын қосып, құрама команда құрып, басқа көшенің ұлдарымен доп ойнатып, спорттың осы саласына шыңдап, талаптануының нәтижесінде балалық шақтағы арманы орындалды. Жоғары оқу орнын аяқтап, туған ауылынан еңбек жолын бастап, білегін сыбанып қызу жұмысқа кірісіп кетеді. «Жас келсе іске» дегенді көрсетіп, алғашқы күннен спорттық секциялар ашып, волейбол, футбол, баскетбол үйірмелерінен жеңімпаздарды да шығарып үлгереді.

1994 жылы Саветхан ағамызға директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін сеніммен тапсырады. Басшылықтың сеніміне селкеу түсірмей  жауапкершілікпен қарап, көптеген тәрбиесі мен тағылымы мол шаралардың өтуіне себепкер болды.  

Арада көп уақыт өтпей 1998 жылы Жыланды орта мектебіне директор болып тағайындалды. Міне, осы кезден, өзім де Жыланды ауылының қызы болғаннан, Саветхан ағаны көшбасшылық, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, білімді, білікті басшы ретінде тани бастадым. Жаңа ұжыммен тез тіл табысып, мектеп ұжымы жаңашылдыққа бет бұрып, жұмыстары жанданып шыға келді. Осы кезде есімі бар қазаққа танымал кәсіпкер, Жыланды ауылының тумасы Бауыржан Оспанов ағамыз ауылда алғаш рет  дзюдо, бокс, футбол  спорт түрлеріне демеушілік көрсетіп, үйірме ашқан еді. Сол кездегі бокс үйірмесінен шыққан алғашқы шәкірттерінің бірі, бүгінде аты әлемге танымал кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы.

2004 жылы Бибақан орталау мектебіне директор болып ауысты. Бұл жылдар Саветхан ағаны бұрынғыдан да  терең тануыма мүмкіндік берді. Себебі, осы жылы мені директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары ретінде жұмысқа қабылдап, 2006 жылдың желтоқсан айына дейін бір ұжымда қызмет еттік. Ол кезде мен де жас маман едім, теориялық білімім жақсы болса да әкімшілік қызмет жағынан үйренерім көп еді. Аға өз жұмысының шебері, кез келген ортаға тез бейімделіп, бөтен адаммен бірден тіл табысып кететін керемет адам. Жалпы, қызметке келген әр адамға мінез керек. Мінезімен көпшілікке жаға білудің өзі де үлкен өнер. Жаңа ұжымда бір-бірімізге түсіністікпен қарап, қызу жұмысты бастап, жетістіктерге қол жеткізіп  үлгердік. Шалғай ауылда мектепті ұстап қалудың өзі иыққа біршама жүк түсірді. Ағаның сол кезде: «Салтанат, ұстаз деген кез келген жағдайда біліктілігімен жол таба білуі керек», – деген сөзі күні бүгінге дейін менің жұмысыма оң ықпалын тигізіп келеді. Сол уақытта ұжымның қызметкерлері де айтқанымызбен келісіп, қолдау көрсетіп, барлық жағынан болысты. Саветхан аға ауданның тапсырмасын орындай жүріп, отбасының да бабын таба білді. Ұлағатты ұстаз, жан жары Раушан Ғабиденқызы екеуі 2 қыз тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы Назерке әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қытай елінің Ухань қаласынан магистратураны аяқтап, бүгінде Астана қаласында «KEGOC» компаниясында қызмет атқаруда. Кіші қызы Жанерке Мәскеудің энергетикалық институтын тамамдап, «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясында қызмет етеді.

2015 жылдан бастап, Саветхан ағамыз Лепсі ауылындағы спортта дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған спорт-интернатында меңгеруші болып, адал қызмет атқаруда. 38 жыл өмірін ұстаздыққа арнаған жолында жинаған атақ-абыройымен қатар мемлекет тарапынан  алған Алғыс хат пен марапаттары да жеткілікті.

Менің өмірімде өнегесі мол керемет жандар көп кезікті. Соның бірі өмірімде үлкен із қалдырған, басшылық қызметке келуіме мұрындық болған, балалығым мен шалалығымды кешіріп, білгенін үйреткен осы Саветхан Өмірғалиұлы. Зейнетке шығар жасында аға жайлы, сіңірген еңбегі, ғибраты мол ұстаздық өмірі жайлы бірауыз сөз жазбау маған үлкен сын деп білемін. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, әр қазақ бірін-бірі сыйлап, қателігін кешіріп, жақсылығын танытып жатса, сол абзал емес пе? Сөз соңында, ақын болмасам да аздаған жақындығым бар еді. Ағаға деген жүрекжарды тілегімді өлең жолдарымен аяқтағым келіп отыр.

Ұрпақ үшін маңдай тер төктіңіз де,
Ұлы жолдың сынағынан өттіңіз де,
Білімнің керуенінде көшті бастап,
Зейнетке аман-есен жеттіңіз де.
 
Зейнетке жеткен де бар,
                 жетпеген де,
Бақ қонбас маңдай терді
                 төкпегенге.
Аға, аман-сау жүріңіз, ең бастысы,
Үлгі болып осынау өскен елге.
 
Адалдығыңыз белгілі елге, бізге,
Төсбелгі де тақтыңыз кеудеңізге,
Зейнеттің еселенген жемісін жеп,
Алла саулық берсінші деніңізге.
 
Қыздарыңды қондырып орынына,
Немерелер су құйсын қолыңызға.
Апайменен бірге ұзақ ғұмыр кешіп,
Ақ сақалды, сары тісті болыңыздар.
 
Басшылықтың қыр-сырын меңгерттіңіз,
Дем беріп тек биікке өрлеттіңіз.
Айналаға әрқашан шуақ шашып,
Көңілдің айдынында тербеттіңіз.

 
Салтанат ҒАПБАСҚЫЗЫ,
Алакөл аудандық мәслихатының депутаты