Ою-өрнек һәм түс философиясы

Уақыты: 11.04.2024
Оқылды: 576
Бөлім: РУХАНИЯТ

Негізінен күнделікті айтылып, жазылып жүрген дүниелерден бойды аулақ салғанды, біреудің айтқанын жаңғыртқандай болуды ұната бермеймін.Содан да болар, кейбір жетілуі тиіс тақырыптарды, өрісін таба алмаған қысқа, әлжуаз ойларды ары қарай сабақтап, өрістетіп, тақырыпты барынша қанық ете түскің келгенімен «қаузалған дүниені қазбалап жатамын ба?» деген болмашы сауалды өзіңе қоясың да, ақырында суына бастайсың. 

Хош, бүгінге дейін айтылып, жазылып жүрген тақырыптың бірі– ою-өрнек хақындағы дүниелер. Қазақтың сан мың жылдан бері үзілмей келе жатқан құндылығының бірі саналған оюға ойлы көзбен қарайтын замандастарымыздың қатары сиреді. Киіз басып, алаша тоқитын, зергерлік өнермен шұғылданатын қариялар мен ақжаулықты аналар, ұста-зергерлер һәм этнографтар болмаса, қарапайым жандар ою-өрнек философиясын ұғынбайды десек те болатындай. Оның мысалын алыстан іздемей-ақ, қарапайым ғана шаһарларда тұрған қоқыс жәшіктеріне зер салсаңыз болғаны, қазақтың қошқармүйізіне көзіңіз түседі. Ал ою-өрнектің ең өтімді әрі атасы саналған қошқармүйіз қоқыс жәшігіне салынуға лайық па? Әрине, жоқ!

Сөзді салмақты ету үшін мысал қарастырсаң  талай дүниені айшықтайсың. Ой бұзылады. «Қызды-қыздымен» әсерлі дүниелерді алға тарта келе көздеген жеріңнен жазбаңды көрсете алмай әлек боласың. Десе де Талдықорған қаласының біраз көшесі мен  орталықтағы демалыс орындарында тұрған орындық тұсындағы қоқыс жәшіктері оюмен көмкерілген. Нақышталған дүниенің нарқына қарай «қазақшылық қой» деп қуана бағалап жатқанымызбен, құндылықты құлдыратып алғаныңды ойласаң, іштей күйінесің. Тіпті, Б. Құранбек атындағы Журналистер үйінің алдындағы шағын ғана көпірде қазақтың рухын асқақ еткен Орбұлақ шайқасының белгісі (логотип) тұр. Оны жаяу жүргіншілер күніге таптап өтуде. Ал енді осы жерден барып біз ою-өрнек арқылы қазақылықтың иісін шығарып жатырмыз ба, әлде  құндылықты табанға таптаудамыз ба деген екіұшты сауал туындайды.

Тарихи һәм рухани тұрғыда дәстүр-салтымызды салмақтайтын болсақ, тіл мен дін секілді бүгінге желісі үзілмей жеткен өнердің бірі – өю-өрнек. Біздің жыл санауымыздан бұрынғы V-III ғасырлар аралығында Алтайдан Қаратеңіз төскейіне дейінгі ұлан-ғайыр атырапты қоныс қылған түркі халықтарының түп атасы – бұрнағы Сақтар әлемдегі мәдениет пен өркениетке олжа салған ел еді. Осынау өрнек пен ою, асыл жәдігерлері нақышталған һәм айшықты болған кезеңді Әлкей Марғұланның өзі «Аңдабы мәнер» деп атаған. Бұл кезеңнің қаншалықты кемел болғанын бір ғана Есік қорымынан табылған нақышқа бай, зерге кенен «Алтын адам» киімімен ғана дәлелдей салуға болатындай.

«Алтын адам» киімі демекші, қазақтың ғасырлар бойы жалғасқан бекзат өнері туралы сөз қозғаған қолөнер шебері, өнертанушы, Бүкіл- әлемдік Шыңғысхан академиясының академигі Шөптібай Байділдин ру-тайпалық кезеңде бабаларымыздың ортақ жазуы қалыптаспағанмен  өзіне, ішкі саяси бөлінісіне байланысты ою-өрнегі, таңбасы мен ұраны болғанын айтады. Шындығында бүгінде «тарақ таңбалы» деп келетін ру таңбаларының мың сан түрі мұрты бұзылмай бүгінге жалғасты. Мұның өзі ою-өрнегі ой айтқан, зергерлік өнері салтанат құрған кемел кезеңнің бізге жеткен нақышы деп түсінген жөн.

Негізінен алғанда ою-өрнек өнері үш салаға бөлінеді. Олар: өсімдік тектес, зооморфтық (жан-жануарлар), космогониялық (дөңгелек, ирек, шимай, тор көз) өрнек. Бұл жайлы зерттеп, осылай жіктеп-тектеген ғалымдарымыздың зерттеуі нәтижесінде қазақ ою-өрнегінің 250-дей атауы жинақталғанын біле жүрген жөн. Осы орайда, ою-өрнектің атаулары мен үлгілерін, оның өрбу тарихын зерделеген этнограф Ш. Байділдин оюларды 18 топқа жатқызғанын да ескере кетен жөн. Этнограф өрнек өнерін зерделей отырып қошқармүйіз оюлардан бастап киімге, жағаға, бұрышқа, әйелдердің баскиіміне, белдікке, жиекке, ыдыс-аяққа, етекке (балаққа), сандыққа (кебежеге), мата түрлеріне, салтанатты сарайларға түсетін оюларды жіктеп және шаршы, тұрмыстық, аң-құс тектес, күрделі һәм әсем оюларды да айрықша бөліп атаған. Осының өзіне зер сала қарасаңыз, әрбір оюдың өзіндік орны, қолданыс аясы болғанына көз жеткізесіз. Бүгінде сапырылысып кеткен ою түрлері өзіндік салмағынан, құнынан айырылып қалған. Бағзыдағы хандар мен билеріміз тарту-таралғыдағы ою түгілі  найзаның сабы болған ағаштың да парқына мән берген. Ал бүгінде мұның бәрі қазақ руханиятына деген түсініктің таяздығынан сырға мен әшекейге таңбалар өрнекті ақсақалға жабар шапанға салса да ажырата алмайтын күйге түстік. 

Бұл орайда ескертетін дүние – қазақтың тұрмыс салтында, күнделікті өмірінде қолданылатын заттың бәрінде ою-өрнек жүретіні. Бәрінде болғанда, бүгінгі күні кей дүниеге қолданылмайтын шығар (теледидар, компьютер сынды техникалық құралдарды айтып отырмыз), десе де кесе мен қасықтың өзінде құстың, шөптің бейнесі таңбаланып жатуының өзі ою-өрнек салтанатын айғақтайды. Неге құс пен шөпті айшықтады десеңіз, жан-жануар, тіршілік атаулының бейнесі де қазақтың ою өнеріне сіңісіп кеткен. Мәселен, халқымыз молшылықты дарияға, теңізге, бәйтерекке теңесе, әсемдікті аң-құстан, өсімдіктен, табиғаттан іздеген. Сол сұлулықты ою-өрнекке түсірді, бедерледі, нақыштады. Қандай да бір ою-өрнек таңбаланған жердің басым көпшілігінде қошқармүйіз оюының жүруі де аталған оюдың мәні тереңде екенін көрсетеді. Десе де баланың тал бесігінен бастап жер бесікке дейінгі ғұмыр сорабында ою нақышталатын елміз ғой. Өкініштісі сол, бүгінде ою тұрмақ, оған түсетін түстің де парқына мән бермейтін болдық.

Түс демекші, қазақ танымында бұл өнердің де айтарлық ойы, философиясы бар. Мәселен, көк түс аспан әлемін, қызыл түс отты, күнді, ақ түс ақиқат пен қуаныш, бақытты, пәктікті, қара түс жерді, қиындықты, сары түс ақыл-парасатты, мұңды, жасыл түс жастықты, көктемдей өмірді меңзейді. Бұл түстер аталған түсініктердің символы десек те болатындай. Аталған түсініктерді алға тарта отырып бүгінгі өмірдегі қателікті айтпай кетуге болмас. Қазақ жаһандану кезеңін бастан өткеріп жатқан дәл қазіргі уақытта көк түсті табанға таптап жүр. Пәкістан, Түркия секілді кілем тоқитын елдерден келетін өнімді талғаммен алған жөн шығар, алайда түске де назар салуы керек. Байырғы қазақтардың танымындағы ең киелі түс – көк түс. Бұл пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ұнатқан жасыл түсі секілді, аспан әлемін, тәңір дәргейін меңзейтін түс болған. Сол түсініктерге символ болған көк түстің табанға түсуі түсінген жанды қынжылтады-ақ...

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото: pngtree.com